Ешкімді жамандайын деп жатқаным жоқ. Жігіттер жарады. Әсіресе қазақтар! Легионерлер де осалдық таныта қоймады. Өз елінің намысын қорғап тұрғандай жұдырықтасты украина атамандарымен. Бірақ, жеңіс туын желбіреткендері аз болды. Әлгі Снигурларды шаң қаптырып кететін жұдырығы жуан қазақ жігіттері жоқ емес елімізде. Неге екенін білмейміз, әйтеуір шаршы алаңға шықпайды олар. Тау қасында тұрып оның биіктігін аңғармайтынның кейіпіндеміз. Болат Манкеновпен сұхбаттасқанымда, келер маусымда ұлттық құраманың жігіттері келем десе есік ашық деп айтты. Бұйыртса арман орындалар. төртінші маусымда Қазақ мемлекетінің намысын қазақтар қорғайды деп сенейік. Айтпақшы байқасаңыздар, шаршы алаңға украина атамандарының әр боксшысы бөлек-бөлек әнмен шықты! Құр ән емес. Өз ұлттарының әндері. Ал біздің бокшыларды тек "Астана арланс" деген әуен ғана шығарып салып отырды рингке. Сынайын деп отырғаным жоқ. Ұсыныс айтпақпын. Әр салмақтың өзіндік әуені болса деймін. Мәселен 54 келідегі боксшы шыққанда "Адай күйі", 71 келі салмақтығы боксшы "Жұмыр қылыш" дегендей. Немесе әр ойыншыға арнап жеке әуен жазса да болады. Не кедергі? Сондай-ақ украиндықтар ұлттық баскиіммен шықты, неге біздің боксшыларымыз да ұлттық киім кимеді деп айтпай-ақ қояйын. Өйткені жартысынан көбі легионерлер. Жалпы арландар киімі жаман емес. Бірақ, ою-өрнекті киім киіп шықса нұр үстіне нұр болары анық. Әлемдік жекпе-жек болған соң барлығы көреді. Бокс арқылы ұлттық дүниелерімізді де насихаттасақ артық емес деп ойлаймын. Тағы да бір дүние! Украина атамандарының барлық боксшылары өз әнұранын айтқанда бір тамсандық. Ал, біздің боксшылардың аузы да жыбырламады. Енді, легионерлер ғой! "Ну и што" деген екен баяғыда біреу! Легионер болса да қазақтың атынан бокстасып отыр. Сондықтан да әр боксшыға әнұранымызды жаттап алыңдар деген талап қойылса деймін. P.S. Сосын, әлемдік салмағы бар ойынға әлгі 4 қызды шақырмай-ақ, "Алашұлы" тобын, Мейрамбек Беспаев сынды қазақи әншілерді шақырып ән айтқызсақ та болар еді!