Ассалаумағалейкум, Массагет!
блог
Ассалаумағалейкум, құрметті Массагеттіктер! Қазірігі жаһанданған, газет-журналдарды интернет тықсыра бастаған заманда Қазақстан еліне осындай «Массагет» сынды қазақи сайттар расында керек-ақ.
Мен жалпы «Массагетпен» қалай таныстым? Оқиға былай: мен былтыр 2012 жылы Қаскелең қаласындағы Сүлейман Демирел атындағы университетте журналистика факультетінде оқитынмын. 1 курста.
Бізге 1 семестрде «Журналистикаға кіріспе» деген пән болды. Пән оқытушысы – Есенгүл Кәпқызы апай. Ол кісі заманауилықты құп көретін жан екен. Сол себепті болар, ол кісі бізге блог жүргізуді тапсырды. Бізді блог жүргізгенімізге қарай бағалады. Не керек, біз «kazjur.kz» блог жүйесінде блог жүргізе бастадық. Бірақ, біреу блог жүргізе алмай әуреленсе, енді біреулер блог аша алмай сарсаңға түсті. Бұл мәселелерге нүкте қоймақ болды ма, бір күні Есенгүл апай университетке, біз, болашақ журналистер отырған аудиторияға зіңгіттей жас жігітпен бірге келді. Жас жігітті «Бұл кім?» дегендей жатырқағандар болды. Есенгүл апай бізге қасындағы жігітті таныстырды. Біз жатырқаған жан - Мейіржан Әуелханұлы деген жігіт екен. Қазіргі қазақ интернет журналистикасында қарқынды жұмыстар жасаған. Өзіндік қолтаңба да қалыптастырған. Не керек, Мейіржан аға бізге қалай блог ашуды, ол блогты жан-жақты дамытуды, жүргізуді және сол блогқа қатысты бірталай жайттарды айтты, үйретті.
Мейіржан аға интернет әлемінде «kazjur.kz» блог жүйесінен өзге «massaget.kz», «aitaber.kz», «kerekinfo.kz», «yvivion.kz» сынды блог жүргізуге жағдай жасалған ыңғайлы аймақтар бар екендігін де жасырмады.
Сол күннен кейін мен «Массагетке» кірдім. Кірдім де шыға алмай қалдым. Жағымпазданды демеңіздер, Мейіржан аға айтқан сайттардан маған ерекше ұнағаны – Массагет болды. Безендірілгені, керекті, қызықты, жан-жақты ақпараттармен қамтылғаны, және де ең бастысы - сайттың күнделікті жаңартылатыны көңіл қуантты.
Қазір нашақор сияқтымын. Бір күн «Массагетке» кірмесем, өз-өзімді қоярға жер таппай алас ұрамын. Дүниедегі жаңалықтардан құр қалғандай қиналамын.
Осылай арада бірталай уақыт өтті. Ақыры, бүгін өте маңызды бір шешімге келдім... Блог аштым. Енді сіздер мені қолдайды деген үміттемін. Қазақ интернет журналистикасына, жалпы қазақ интернетінің дамуына тамшыдай болса да үлес қосайық, ағайындар!