Аспаздық сырлары

            Тағам адам өмірінде ең қажетті, ең маңызды орын алады. “Ас – адамның арқауы”, “Ас тұрған жерде ауру тұрмайды”, “Қазан қайнап тұрса, ақыл сайрап тұрады”, “ Ас тасты да жібітеді”, “Дастарқанның басында дұшпан да дос” деген астың қадірін көрсететін қазағымыздың мақал-мәтелдері көптен-көп. Сондықтан, дайындаған асыңыз дәмді болса, қоғамда алатын орныңыз да соңғы болмайды. Менің ойымша, жақындарыңызды қуанту – қиын мәселе емес: дәмді тағам әрқашан көңіл-күйді де көтереді, адамды қаншалықты қымбаттағаныңызды да көрсетеді.  Соны ойлай тұра, мені күнделікте және мерекелік іс-шараларда “құтқарған”, азық-түліктерді ысыраптамау үшін қолданған әдістеріммен бөлісуім жөн болар деп шештім.

            Біріншіден, мен әжемнің және анамның мол тәжірибесінің арқасында білген, көп қолданылған  кейбір аспаздық құпияларын ашуыма рұқсат алдым. Мерекенің бас тағамдарының бірі – манты құрғақ болып піспес үшін, сарымсақты аямай қосу керек, одан да дәмділеу болу үшін асқабақ қоссаңыз, қателеспейсіз. Бірақ, асқабақ ұнатпайтын адам да табылар, сондай кездерде етке бір стақан мөлшеріндей сүт қосуыңызға болады. Әжемнің ең керемет дайындайтын тамақтарының бірі – ет. Ет сүрлегенде қайыңның түтінін қолданғанда, еттің дәмі тіл үйірер.  Картоп езбесі дәмді болу үшін көбі сүт қосатынын білеміз, бірақ сүтті оған дейін жылытсаңыз – тіпті керемет! Оған қоса, ескірген картопты пайдалансаңыз, көбіктенген ақуызды салуыңыз тағамның дәмін түзетеді.

            Екіншіден, күнделікті өмірде аспаздықты жеңілдететін де, уақытты үнемдейтін де бірнеше ұсақ-түйек әдістерім бар. Мысалы, жұмыртқаны пісіргенде суды қатты тұздағанда, қабығы тез шешіледі. Тура сол әдісті картоптың қабығын тез шешу үшін де қолданады, бірақ суы суық болуы керектігін ескеру керек. Сорпаңыз тым тұзды болып кетсе, өкінбеңіз: күрішті матаға орап, сорпаға салсаңыз, артық тұз күрішке сіңіп кетеді. Басқа тәсілі – шикі, тазаланған картопты салғанда, картоп сорпадағы тұзды сорып алады.

            Үшіншіден, азық-түлікті дұрыс таңдайын және тағамым көпке бұзылмасын десеңіз, келесі кеңестер сізге көмектеседі деп үміттенемін. Тұшпара дайындағанда қамыры үзілмес үшін шеттеріне сарыуыз жағыңыз, немесе сорпасына бір қасық крахмал қосуыңызға да болады. Тосап дайындағанда соңына қарай кішкене лимон қышқылын қосыңыз, сонда тосабыңыз көп уақытқа қатпайтын болады. Нан өнімдерін  пісіргенде қамырға бір қасық бал қосқанда, дайындаған тағамыңыз көпке жұмсақ болып қалады.

            Менің кеңестерім өміріңізде әлі талай көмектесіп, асыңыздың сапасын және дәмін одан әрі жақсартады деген үміттемін. Аналарымыздың, әжелеріміздің тағамдарынан артық не бар екен?! Бәлкім, сондай кішкентай әдістеріміз олардың шеберлігіне кішкене болсын қол жеткізуімізге мүмкіндік берер... Сондықтан, құрметті қауым, сіздерді де қызықты да пайдалы тамақ дайындау тәсілдерімен бөлісуіңізді сұраймын. Рақмет! 



Бөлісу: