Біздің сүйікті қолданушымыз Мейрамбек Ермұханбетұлы қазір әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Мейрамбек түрлі қызықты блогтарымен Массагет оқырмандарына тез танылған болатын. Ол өз қолымен дайындаған тәтті тоқашын әсіресе аспаз қыздар қауымы әлі ұмыта қоймаған болар?!
Сонымен Мейрамбек ініміз қазір әскерде. Сондықтан да Массагетке бұрынғыдай кіріп, өз ойларымен бөлісе алмай жүр. Жанат Ахметов Мейрамбекке осы жерге хат жазып, сосын скриншотын пікірлермен бірге кәдімгі поштамен әскерге салып жіберейік деген керемет идея айтқан еді.
Жанаттың өзі де қазір интернетте белсенді болмай кеткеннен кейін, ол бастамашы болған идеяны бүгін мен іске асырғым келіп отыр. Ол үшін Жанат-Жако маған ренжімейтін шығар деп үміт етемін.
Сонымен хатымды бастайын...
Мейрамбек!
Қазір сен өз туған ауылыңнан жырақта көп жігіт арман ететін Отан алдындағы борышыңды атқару үстіндесің. Қал-жағдайың қалай?
Әскердегі өмірге үйреніп те қалған боларсың?! 6 ай өтті ғой. Әскерде бәрі біртүрлі, бір жағынан қызық та шығар? Күнде бір мезгілде оянып, бір мезгілде сапқа тұру, саппен жүріп тамақ ішу... Өзім әскердегі өмірді осылай елестетем. Жаныңдағы өзің қатарлас балалармен бір үйдің баласындай болып кеткен де шығарсыңдар? Бәрібір кейде әскердегі қолдан жасалған қаталдықтарға шыдай алмай булығып, тістеніп жылап та алатын боларсың?
Әлде 1 жылың көз алдыңда дәл осы ортада өтіп жатқаны үшін шексіз қуанышта жүрсің бе? Өзіңді Қазақ елінің нағыз азаматы ретінде сезініп, жалпақ елдің қорғаны өзің екенін байқағанда, жүрегің аттай тулап кететін де болар?!
Спортпен үздіксіз шұғылданып, дамылсыз жаттығу үстіндесің бе? Болашақта бұл әбден керек болары сөзсіз...
Бізге келер болсақ, біздің қалымыз жақсы. Массагет ауылы күннен-күнге көркейіп келеді. Жаңа қолданушылар пайда болып, жаңа тыныс әкеліп жатыр. Кейін бұйыртса өзің Массагетіңе аман-есен оралған кезде көрерсің. Сен әлбетте Массагеттің өркендеп жатқанын көргенде жүрегің жарылардай қуанатыныңа сенемін. Өйткені, олардың бәрі дәл өзің сияқты қазаққа жанашыр азаматтар мен азаматшалар.
Массагет аман-есен оралғаныңды күтеді!
Сурет: blog.teamo.ru