Әскердегі әлек
блог
Әскердегі әлек
Отан алдындағы борышты өтеу әр азаматқа міндет. Борышымды өтеймін деп кеткен бозбалалардың артынан қаралы хабар келуі жиілеп кетті. Мәселен, осыдан 1 апта бұрын маңғыстаулық сарбаз көз жұмды. 18 жасында әскерге шақырылған Әлібек Қалбай небәрі төрт күннен кейін қайтыс болған. Ресми өкілдердің мәлімдеуінше Әлібек сапта тұрғанда өзін жайсыз сезініп, содан құлап, желкесін қатты соққан. Ал туыстары бұған сенбейді. Сарбаздың басынан бірнеше соққы алып жәбір көргенін алға тартады. Оны басында қалған жарақаттары айғақтап отыр.
Шынымен де әскерде ұру, соғу деген әлі күнге дейін бар екенін барлығы біледі. Жас сарбаздың тағдырына немқұрайлы қарайтын Қорғаныс министрлігі көпшілікті уайымға салған әдепті не үшін тоқтатпайды. Аманат жанның әскерден аман қайтпауы неліктен ?
Жыл сайын Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы барлық жас жігіттер әскер қатарына шақырылады. Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың парызы мен міндеті болып табылады. Иә, әскердегі қайғылы оқиғаларды көп естіген мына егемен ел ұрпақтары отандық борышымды өтеймін деп қалай ғана бармақ. Ата-ананың да әскерге туған перзентін аманат етіп жіберуі де екіталай. Бұл бір.
Екіншіден, әскер қатарына қосылу үшін жігіттердің денсаулығын да еш кінәрәт жоқ болуы шарт. Онсыз әскерге жіберілмейді. Алайда ақиқатына келгенде іс жүзінде 1 пайызы да орындалып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта аурусың ба саусың ба әскерке алып кете беретіні де көпшілікке мәлім. Тіпті көшеде де жүрген жеріңізден ұстап алып, әскерге апарып жатады. Онысы және заңды да екен. Қызық.
Үшіншіден, ұрып-соғу азайса азайған болар, әскердегі психологиялық ахуал жақсармай тұр дейді журналист, әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы. Оның айтуынша, көзге көрінбейтін психологиялық қысым, әжуалау, кемсіту, қорлау өршіп барады. Мұны ешбір камера да, тексеру де әшкерелей алмайды дейді ол.
Камерада орындық көтеріп тұрған, бір аяқпен секіріп жатқан сарбазды көресіз де, мұны солдаттардың арасындағы ойын болар деп топшылайсыз. Ал ол сарбаз аса қатты психологиялық қысымға ұшырап жатуы мүмкін" дейді ол.
– Мұның артында бүкіл қазармаға таратылатын әңгіме, "лох", "черт" деген сияқты жаргон сөздермен моральдық тұрғыда қорлап, басып-жаншу жатыр. Өкінішке қарай, бұл күрделі мәселенің шешімі жоқ секілді, – дейді Амангелді Құрметұлы.
Оның айтуынша, совет заманындағы стереотиптер қалып қойған әскерде бір-біріне үстемдік еткісі келетіндер бар, тәртіпке деген ұмтылысты қолдамау, шағымданғандарды "тоқылдақ" деген сияқты сөздермен мұқату жиі кездеседі.
Амангелді Құрметұлы қазір армияда моральдық ахуал өте нашар екенін, әскерге көбіне мектепте нашар оқып, жоғары оқу орнына түсе алмағандар баратынын айтады.
– Мектепте "үшке" оқитын, тәртібі нашар балаларды мұғалім мен ата-ана ығыстырып, колледжге жібереді. 11-сынып бітіріп, оқуға түсе алмағандар да көп жағдайда әскерге барады. Бірақ бұл балалардың көбі – әдетте мектепте мұғалімдері мен қатарластарынан қысым мен түртпектеудің неше түрін көргендер. Олар армияға барғанда көргенін өзінен әлсіздерге жасауға тырысады, - дейді журналист.
Оның айтуынша, Қазақстанда жылына 30-34 мың бала армияға шақыртылады, соның 17 мыңға жуығы – 18 жасқа енді толғандар.
Амангелді Құрметұлының сөзінше, әлімжеттікке демократия құндылықтарының тікелей қатысы бар. Әрбір сарбаз адам құқығын сезініп, жеке басты құрметтеу дегенді білсе, мұндай басынуға бармас еді дейді ол.
Оның үстіне, күнделікті кинодан дәріптелетін әлімжеттік, ұрып-соғу, өлтіру – осының бәрі жасөспірімнің психикасын бұзады дейді ол.
Журналистің ойынша әлімжеттікті тыюдың бір жолы – әскер жасын 18-ден кейінге шегеріп, армияға өмірді көрген, өзгені басынудың жөн емес екенін түсінген азаматтарды жіберген жөн деп санайды.
Қорыта келе, бүгін ғана көзімді ашып әлеуметтік желіге кіріп Ұлттық арнаның “ақпаратын” көрдім. Қандай жаңалықтар дейсіз ғой. Елімізде 30 мың адам әскерге барудан қашып жүр. Не үшін екенін жақсы білесіз. Сыртқы жаудан ішкі жау жаман демекші, өзіміздің қазақтың қара домалақ жігіттеріне өзіміздікілер күш көрсетуде. Дәл осы әрекет жойылмайынша, отанды сыртқы жаудан қорғайтын азаматтың қалмауы да ғажап емес. Кең байтақ жерді бабаларымыз аманат етіп біздерге тапсырған. Ал аманатқа қиянат жасалмауы керек. Алдағы уақытта аталған жағдай оңдалады деп сенейік.
Көріп жатып сан істі,
Жағаңды сенде ұстайсың.
Отандық адал борышты,
Өтеуге әйтеу қыстайсың.
Қашып жүр деп айтады,
Ұстап та алып әкетер.
Табытпен олар қайтады,
Ата-ана байғұс тәлк етер.
Ата-ана жаны жаралы,
Естісе хабар қаралы.
Жүрегі мына жастардың,
Елім деп қайдан соғады.
Әркімнің жаны аманат.
Жүрегің шаншып соған-ақ.
Ел қорғайтын азамат,
Оралса екен аман-ақ.