Әскер-әлсіздердің орны емес

Бұл тақырып төңірегінде БАҚ өкілдері кеңінен айтып та, жазып та жүр. Ата–ананың қайғысына ортақтасып, мәселенің мән-жайына барып та жүр. Дегенмен, сол баяғы әскердегі төбелес, әлімжеттік, үлкендердің құқайлары таусылмай, керісінше, жанжал арты өлімге апаруда. Қазақстандық әрбір бозбаланың әскери қызмет жасы 18–нен басталады. Қазақ баласы қашанда  батыл да өжет еді. "Әскерден қашып жүр" дегенді сирек еститінбіз. Керісінше, анасының жалғыз баласы болса да, бәзбіреулердің күлкісіне қалмай, азаматтық борышын өтеуді жөн көретін-ді.

         Ол кезде мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүрген кезім. Мектеп бағдарламасында қыздар мен ұлдарды бөліп жармай  «БӘД» (Бастапқы әскери дайындық) пәні оқытылатын. Бұл пәннің барысында әскерге барам деушілерді оқушы кезінен дайындап, әскерден қашатындардың қызығушылығын туындату болды. Әдеттегідей, қоңырау уақытында жайбарақат отырып едік, есіктен мұғаліміміз кіріп келді. Барлығымыз орындықтан лезде атып тұрдық. Ағайымыздың қабағы қатулы күйде «Бүгін кім кезекші?» – деп дауысын көтергендей болды. Асхат орнынан атып тұрып, «Мен кезекшімін», – деп жауап қатты. Мұғалімнің неге ашуланғанын бірден түсінгендей болдық. Себебі, қоңырау уақытында тақта сүртілмей, таза су әкелінбеген еді. Мұғалім: – Саған 3 минут уақыт беремін, үлгересің бе? – деді. Асхат басын изеп, бірден шелегін қолына алып жүгіріп кетті. Қалғандарымыз екі қолымызды жұдырыққа түйіп, Асхаттың тез келуін тілеген едік. Себебі, су алатын орын бірінші қабатта болса, біздің сыныбымыз төртінші қабатта. Көзді ашып-жұмғанша Асхаттың өзі де келді. Ентігіп тұр, бірақ қолында таза орамалы мен бір шелек таза суы бар. Ағайымыз Асхатқа қарап: «Жарайсың, нағыз азамат екенсің! Әскерге сен секілділер бару керек!» – деп қуанып қалды. Асхат та, ұстазымыз да, оқушылар да риза болдық.

Есіме осы кішкентай оқиға түсіп, расымен де, әскердегі басты тәртіп тазалық пен шапшаңдық болар деп ойладым. Дегенмен, бұл мектептегі оқиға. Нағыз әскерде осы негізгі талапты орындай алмасаң, жейтін таяқ та, барлығының ашу-ызасы да сенікі болатын секілді. Әскер – темірдей тәртіпке бағындырып, болаттай берік болуды үйрететін мектеп. Десек те, қатал тәртіптің өзі шектен шықпауы керек. Ресми дерек бойынша, 2011 жылы Қазақстанда 123 сарбаз көз жұмған десек, оның 21-і өзіне-өзі қол жұмсап, 33-і түрлі науқастан қайтыс болған.

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру ҚР Президентінің жарлығына және ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес жылына екі рет өткізіледі. Негізінен әскери қызметке жарайтындар, яки 15-49 жас аралығындағылар 2 473 529 ер азамат (2005 сарап.) болса,  әскерге шақыруға жасы жеткендердің саны жыл сайын 173 129 ерлерді (2005 сарап.) құрайды екен. Әскери борыштың мерзімі он екі ай. Ағымдағы жылдан бастап әскери борышын өтеушілер алдымен психолог пен наркологтың қарауынан өтетін болады.

Әскерге жаңадан келгендерге қоқан-лоқы көрсету бұрыннан барын білеміз. Десек те, оның салдарын ескеріп, сараптап жатпаймыз. Әскерден, әдетте, үлкен құрметпен оралушы еді, қазір болса балаңыз шымыр болудың орнына ауру болып келуі ықтимал. Әскери прокуратураның сөзіне сенсек, әскердегі қылмыс саны биыл екі есеге дейін азайған. Дегенмен, осы жылдың өзінде жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан жайттар аз емес. Айталық, Өскемендегі 27/943 әскери бөлімінде келісім–шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер жауынгерді соққыға жығып, 19 жасар жігіт сөйлеу қабілетінен айырылса, Алматыдағы 55/71 әскери бөлімінде 20 жасар сарбаз асылып өлген. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласындағы 20/20 әскери бөлімде қатардағы сарбаздың бірі мүгедек атанды. Ол биылғы жылдың ақпан айында әскери госпитальға «қыли» диагнозымен түскен. Дәрігерінің айтуынша, мұндай ауру тек бастан тиген ауыр соққыдан ғана болады.

Әскердегі ең жеңіл «жазаның» бірі – бірлік салдыру. Ұялы телефонға бірлік салу – бұны тіпті жаза емес, үлкендердің әскерге енді келген «новичоктардың» мойнына ілетін салығы десек болады. Әскердегі сарбаздардың ата-аналарының айтуынша, балалары ұялы телефонға бірлік салуды көп өтінеді екен. Сонымен қатар, жақын арада Сарыағаш шекара жасағында сарбаздарды тәртіпке бағындыру үшін денелерін қызып тұрған «үтікпен күйдіру» әдісі пайда болған көрінеді.

Көрші елдерде де әскердегі жағдайға баса назар аударса керек, әзірбайжан халқы сарбаздардың әскери өміріне алаңдаушылық білдіріп, өз наразылықтарын көрсетуде. Наурыз айында Әзірбайжан елінде осы мәселе үлкен саяси дау-дамайға ұласқан. Ағымдағы жылы өз елінде отан алдындағы борышын өтеп жүрген С.Аллабердиев әскерде бақилық болған. Құзырлы органдар сарбаз байқаусызда атыс қаруымен өз-өзін  мерт қылған деседі. Дегенмен, бұған сену қиынырақ. Ал, бозбаланың ата-анасы баласының әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болғанын алға тартуда. Әзірбайжандық Жасұр Сумеринли есімді журналист жыл басынан әскери борышын өтеп жүрген 14 сарбаз әлімжеттік салдарынан мерт болғанын айтып, бұл мәселеге тосқауыл қоя керектігін биліктен талап етті. Қарсылық шарасына Баку қаласында орын алып, қарапайым халық айрықша қолдау білдірген.  

«Ел барда – ер қор болмас» деген.  Қазіргі таңдағы келеңсіз тұстарын көріп-білген ата-аналар сүйікті ұлдарын әскерге жібергісі де келмейтіні анық. Бастысы, әскердегі әлімжеттік жойылып, сарбаздар Отан алдындағы парызын адал орындаса игі.

Шаттық Болат.

 



Бөлісу: