Асқар Жұмаділдаев әйел адамды төмен бағалап отыр ма?

Әйгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев Массагет порталының Айна бағдарламасында "Әйел адамға тән ең жақсы қасиет" деген сұраққа былай деп жауап беріпті: "Әйел адам тамақты дұрыс пісіру керек, үйді ұқыпты ұстау керек, бала туу керек, күйеуінің жағдайын жасау керек, өзінің жағдайын жасау керек. Жақсы қасиет осы ғой" депті. Осы сөзді естіп алып, мен ойға баттым. 

Асқар ағамыздың ойындағы жақсы әйел – жан-дүниесі, ойы, қоғамға пайдасы жоқ қызметші секілді. Сонда тамақ жасай алмайтын, баласы жоқ, бірақ, қоғамдық қызметке белсене араласатын жан жақсы әйел болып есептелмегені ме? Мен бұл сөздің бір тармағына ғана келісемін. Әйел адам бала тууы керек. Ол – ақиқат. Өзгермейтін шындық. Бірақ тамақ пісіріп, үй жинайтын, күйеуінің жағдайын жасайтын әйел – жақсы әйел деген сөзге қарсымын. Әйел адам – біреудің босағасына малай болайын деп бармайды. Әйелге ондай шарт қою дұрыс емес секілді. Әйелдің қоғамдағы беделін мойындайтын кез келді. Өйткені қазір қай жерге барсақ та, әйелдердің жақсы қызметін байқаймыз. Тіпті әйелін жұмысқа шығарып, өзі үйде аяқты асып қойып жататын еркектер бар! Еркектер ұсақталып бара жатыр. Әлбетте бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз, бірақ, мына сұраққа ойланып көріңізші, әлеуметтік желілерде өсек айтып отыратын кім? Еркектер. Әйелінің тапқан табысына күн көретін кім? Еркектер. Жалған намысқа барып қара күшін көрсетіп әйелін соққыға жығатын кім? Тағы да еркектер. Ал әйел адамдар болса, қазіргі заманда әрі отбасын алға сүйреймін деп, әрі табыс табамын деп жанталасып жүр. Үйде баламен отырса да, қолынан келсін-келмесін, шағын кәсіп ашып, тіккен бұйымын, пісірген тамағын сатып тыным таппайды. Бұл қарқынмен жақында әйелдер еркектерден озуы да мүмкін!

Сондықтан "жақсы әйел деген кім?" деген сұраққа жәй қызметшіні сипаттағандай анықтама берілгенде, өз басым біртүрлі күйге түстім. Сіз не дейсіз?



Бөлісу: