АСҚАҚ РУХ ҺӘМ ТӘУЕЛСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ

АСҚАҚ РУХ ҺӘМ ТӘУЕЛСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ
жеке
блог

Қазір сіздермен зерттеуші Асан Омаровтың сан жылдың тарихы бар бүгінгі «Ақиқат» журналының биылғы алғашқы санына жариялаған «Асқақ рух һәм тәуелсіздік мәселелері» атты мақаласы төңірегінде ой өрбітеміз.

Сонау аласапыран жылдарды артқа тастап, асау толқындай тулатып жеткен Тәуелсіздігіміз орда бұзар шақтан асты. Иә, тәуелсіздігіміздің тұғыры біз үшін әрдайым биік. Осы жолда қаншама адам өмірі, бостандығы құрбан болды, бұны жадымыздан шығару біз үшін үлкен әбестік. Өкініштісі, осы күнді арман еткен желтоқсан құрбандары мен арманын бірге ала кеткен қанша батырларымыздың бұл тәуелсіздікті көре алмағай қара жердің қойнауына аттануы. Сондай өр мінез, батыр тұлғалы қаһармандарымыздың арқасында біз қазір бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Жаңа айтып кеткенімдей, отыз жылды артқа тастаған тәуелсіздігіміздің жетістіктері де аз емес. Келесі кезекті, осы жетістіктерімізді жіліктеп жеткізуге бермекпін. Олай болса, назарларыңыз менде болсын. Тізгіндегелі отырған тақырыбымның түйінін тарқатуға кірістім, ендеше.

Ең алдымен, біздің басты жетістігіміз елдігіміздің нышандарын мықтап бекітуімізде. Яғни, елдігіміздің белгісі рәміздерімізді, төл теңгемізді, Ата Заңымызды бекітуіміз. Себебі осы нышандар жеке, дербес мемлекет екеніміздің айғағы. Сөздің шыны керек, бұл жетістікті айтуым сізге қарапайым болып көрінгені анық, деседе бұл қарапайым дүниелердің өзі екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екенін ұмытпаңыз. Осы күнге жету біреулер үшін ұмытылған арман болып қалмақ. Сол үшінде басымыздағы бақты бағалағанымыз жөн. Мінекей, бірінші жетістігіміз деп мен осыны айтамын.

Екінші жетістігіміз, кеткен есемізді қайтаруымыз. Жо-жоқ бұл сіз ойлаған есе емес, бұл сонау бұратана саясат кезінде бұраланған тарихымызды дұрыстауымыз, жалған жала жабылған тұлғаларымызды артылған айыптан айыруымыз, олардың есімдерін жаңғыртым өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз. Міне, осының бәрі өткен ғасырда кеткен есеміз болатын, біз осыларды қайтардық. Ендігі жас ұрпақ ата бабаларының сөзсіз ерлігіне көз жеткізіп, оны тарихтан біліп, түйінін кітаптан түйе алады. Ер есімі ел есінде мәңгілік сақталады. Бұл,тіпті біздің үлкен жетістігіміз десемде қателеспеймін.

Үшіншісі, әлемдік аренада бой көрсетуіміз. Қай саладан болмасын әлемдік деңгейде дамыған мемлекеттермен тереземіз тенеліп иық тірестірер халге жетуіміз біз үшін ерекше жеңіс. Атап айтар болсақ, Қазақстанның Дүниежүзілік ұйымдарға төрағалық етуі, түрлі бастамаларда бой көрсетуі, жаңашылдыққа ұмтылуы, жаңалықтар жаршысы атануы тағысын тағылары. Осының барлығы кеше қана аяққа тұрған еліміздің еңсесін биіктете түсті.

Оймақтай ойдың, тобықтай түйіні, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келмеді, қазіргі қой үстіне бозтарғай жұмыртқалаған заманда өмір сүруіміз үшін талай адамның өмірі құрбан болды, сол үшінде Тәуелсіздік атты қастерлі ұғымды тереңірек ұғынып қадірлей білу. Өзгеге арман өмірдің құнын, яғни қолда барда алтынның қадірін білу. Сонда ғана жаңағы жетістіктеріміздің үстіне жетістік қосы бермек. Қызыл тілден қыран баптап ұшырмасамды, арзан сөзбен ауыз былғамаған сияқтымын, тізгіндеген тақырыбымның түйінін түсіндіңіздер деген ойдамын.

 

Назерке Альбертқызы