Ашық хат.
блог
Құрметті Бақытжан Тұрсынұлы!
Біздің сізге өтініш беру себебіміз: бірден әңгіменің төркініне көшсек, Ақмола облысының білім басқармасын ұзақ жылдар басқарған Марат Өмірбайұлы Ибраев мырза кенеттен-кенет қызметінен босатылды. Өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазғаны мың ұйықтасақ та түсімізге кірмейді. Мән-жайдың ақ-қарасын анықтау үшін Сізге өтініш жасап отырмыз.
Білім, ғылым саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған халықтың қалаулысы, елдің елеулісі, ұлттың ұстыны, ар-ұяты бола білген, басшымыздың аяқ астынан жұмыстан кетуі сұңғыла сұрақ болып қалады. Педагогикалық тәжірибесі мол, баламенде, педагогпенде емін-еркін қарым-қатынас жасай алатын, облыстың білім, ғылым саласы бойынша өткізілген барлық іс-шараларының бел ортасында жүретін, басшымын деп тәкаппарланып, даңғойсымайтын, адал, әділ шенеуніктің мезгілсіз қызметінен босағаны көкейімізге күдік тудырды.
Әрбірден соң біздің Марат Өмірбайұлына еш туыстық қатынасымыз жоқ. Тек бұрынғы басшымызға деген шынайы лебізімізді білдіріп отырмыз.
Өзіңіз білесіз, тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік тіл өркендеп келеді. Мемлекеттік тілдің өркендеуіне бір кісідей үлес қосқан патриот жанның бірі осы адам. Ақмола облысы мемлекеттік тіл жағынан қарап келгенде ақсап тұрғаны бар. Білім, ғылым саласының өркендеуіне, мемлекеттік тілдің қанат жайып, тұғырлануына, балалардың жарқын болашақта жайбырақат өмір сүруіне барынша терін төгіп еңбек еткен тұлғаның адамгершілігі мен парасаттылығы, ақ жарқындылығы әрбір жасаған ісінен көрініп-ақ тұрады. Осындай елім, жерім деп халықтың арбасына шегіліп, қамықпай, қайыспай қарсы аққан ағынға қарап жүзген жанның бар жасаған жақсылығы мен ұшан теңіз еңбегін жоққа шығаруға дәтің шыдамайды.
Қасиетті Рамазан айында облысымыздың №1 педагогы жұмыстан босатылғаны жанымызға батады. Елге терге, жереге қан төге қызмет етіп жүрген, өзінің жеке басының қамы емес, қара тобыр халықтың мүддесі үшін қызмет атқарған, бас сауғалап, жалтақтамай, турашыл, әділ, бола білген Марат Өмірбайұлындай тұлғалар елімізде саусақпен санарлық! Тағы да бір әділ адамды солақай саясат па, әлде біз түсінбейтін белгісіз көп әрі сансыз сұрақты кедергі әсер етті ме екен?!
Мемлекеттік тілі енді-енді өркендеп, қаз-қаз қадам басып келе жатқан Арайлы Арқа өңірінің білім көкжиегіндегі өзіндік орны бар ұлағатты ұстазды енді білім басқармасынан, олимпиадалар мен конференциялардан көре алмайтынымыз қиын-ақ.
Сіз біздің жанайқай өтінішімізге құлақ асып, балақ түріп осы іске кірісеріңізге сенеміз. Бұрынғы басшымызды білім басқармасынан қайта көріп, білім күні қарсаңында қауышып жатсақ біз қуанышты болар едік.
Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы "Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығы" "Звездный" БСО Ақмола, Қостанай облыстарының педагогикалық ұжымы барлық тәрбиеленушілері және қызметкерлерінің атынан.