Ашу мен ақыл

Ашу мен ақыл
жеке
блог

   Қазіргі қоғамда көтеріліп жатқан мәселенің бірі - өз-өзіне қол жұмсау, яғни суицид. Суицид деген не? Суицид (лат.тілінен sui - өзін + caed ere- өлтіру) - өзін-өзіне қол жұмсауға икемді адамның әрекеті. Былайша айтқанда, бұл адамның өзінің «ішкі болмысына» жасалған қатігездігі, яғни жауыздығы. Суицид дертіне әдетте рухани әлсіз, психикалық тұрғыдан тұрақсыз адамдар шалдығады. Сондай ақ, өз-өзіне қол жұмсауға күнделікті күйзеліс түрткі болуы да мүмкін. 

   Мамандар суицид оқиғасының жиiлеуiне әртүрлi себептердi алға тартады. Соның ішінде әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгi сынып балаларының намысына тиетiн әрекеттер жасауы сияқты жағдайлар негізгі факторлар.

   Адам өлімі көбіне қаражаттың жетпеуі, сүйгені тастап кеткен жағдайда, ҰБТ тесттен төменгі балл жинаған түлектер арасында, өмірден баз кешкен жандарда, нашақор, ауыр дертпен ауыратын адамдар арасында және ата – анасымен кекілжіңге келіп қалған жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Қазаққа жат нәрсе біздің елімізге қалай жетті? «Сенің табаныңа қадалған тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп, бауыр етіп балам деп еміренген ата – анадан кінә бар ма өзі? Бала – шағамды асыраймын деп, үй бетін көрмей жүрген ата – аналарда баршылық-ау, бұл күнде. Баласының тәрбиесіне, сабағына көңіл бөліп қарамағасын, еміренбегесін бала өзін қоғамнан тыс санайды. Міне, осыдан бала өзін ешкімге керексіз санайды да, өмірімен қош айтысады.

   Не десе де, бір кездегі өр қазақтың ұрпағы расымен уақталып барады екен. Көрінген нәрсе үшін өз-өзін өлтіріп жатқан тұқымын көрсе бабаларымыз не айтар еді? Қиындықтарға бола өз-өзін өлтіре берсе жерде адам қалмас. Өмірдің қиындығын көру, сол қиындықпен алысу, алға қиын мақсат қою дегендердің бәрі өмірдің нағыз қызық тұсы емес пе? Соны көру үшін өмірге келдік емес пе? Ал сол шамалы қиындыққа төзе алмай, мақсатына жете алмай өзіне қол салғандар - әлемдегі ең қорқақ адамдар! Ондай қорқақтарға отбасы,ҰБТ дегендердің бәрі өтірік сылтау, шындығы-оның бәрі өздерінің жігерсіз болғандығынан!

   Адамдардың ойланбай істеген істерінің арты кикілжіңге апарып соқтырады. Кикілжің болған жерде міндетті түрде ашу туындайды. Ашу адамның өзіне де, өзгелерге да, айналасына да зиян. Өйткені адамның көңілі түседі, ешнәрсеге зауқы болмайды, жағымсыз сөздер айтады, айналасындағыларды ренжітеді. Ашу үстінде дұрыс шешім табу да қиынға соғады. Сондықтан да қандай жағдай болмасын ақылға жеңдіріп сабыр сақтап, ұстамды бола білу керек.

   Мұхтар Әуезов: «Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі», - деп өте орынды айтқан.Ашуды жеңудің ең тиімді жолдары – ақылға салу, сабыр сақтау, ұстамды болу. Ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл, қайырымды, мейірімді адам ашулана қоймайды. Ашуын ақылына жеңдіреді. 

   Хакім Абай  айтқандай «Ашу – дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос» демекші әр сәтімізді бағалап, ұрыспай, ренжіспей жүрсек, осының өзі бір ғанибет емес пе?!