Ашуды қалай жеңуге болады?
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Бір кісі Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: Маған өсиет айтыңызшы? – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Ашуланушы болма, – деді. Әлгі кісі өтінішін бірнеше рет қайталады. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Ашуланушы болма», – деп жауап берді[1]».
Міне, бұл – Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті. Шын күшті – ашу үстінде өзінің бұл мінезін тізгіндей білетін адам. Әбу Һурайра (р.а.): «Мықты біреуді алып жыққан емес. Нағыз мықты ашу үстінде өзін ұстай білген[2]», – деген хадисті риуаят еткен.
Ашу – шайтанның адам санасы мен ақылына енетін жолдардың бірі. Ашуға ерік бермеу үшін, оны басып тіпті болдырмау үшін мынадай кеңестерді ұсынамыз:
1.Дәрет алу. Ъатыя әс-Саъди риуаят етеді: «Анығында, ашу – шайтаннан. Ал, шайтан оттан жаратылған. Отты су өшіреді. Сендердің бірің ашуланатын болса, дәрет алсын[3]».
2.Ашу кезіндегі дене қалпын өзгерту. Дәрігерлердің айтуынша, ашу қан қысымының тым қатты көтерілуіне себеп болады. Ал, бұл адам денсаулығына айтарлықтай қауіпті. Сондықтан, ашуланған кезде сол күйде отырып қалмай, басқа жағдайға ауысқан дұрыс. Бұл ашудың басылуына және қан қысымының бәсеңдеуіне ықпал етеді. Әбу Зәрр (р.а.): «Сендердің бірің ашуланған кезде аяқта тік тұрған болса, отырсын. Одан ашу басылмаса, жата қалсын[4]», – деген хадисті риуаят етеді.
3. Ашуды тежеп, кешірімді болудың артықшылығын ойлау және дұға жасау. Мәселен: «Аллаһуммә иһдини лиәхсанил ахлақ лә яһдини лиәхсаниһә иллә әнтә. Уәсриф ъәнни сәйиәһә лә ясрифу ъәнни сәйиәһә иллә әнтә» (мағынасы: «Уа, Алла! Мені ең көркем мінезге жетеле. Өйткені, тек Сен ғана жақсы мінезге жетелейсің. Менің бойымнан жаман мінезді кетір. Себебі, жаман мінезді тек Сен ғана кетіресің).
P.S: "Ашу – Дұшпан, Ақыл – Дос,
Ақылыңа Ақыл қос"-
деген ата-баба нақылы да нақ осы пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетінің тәлімі. Ендеше, дұшпаннан басым түсудің басты жолы, оған алып баратын себеп-салдардан алшақ жүруден басталады...