Алматыда 14 желтоқсан күні ҚР Дзюдо Федерациясының ұйымдастыруымен дзюдодағы жаңа өзгерістерге байланысты баспасөз жиыны өтті. Жиын барысында Халықаралық Дзюдо Федерациясының өкілі Дани Джордж журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. ҚР Дзюдо Федерациясы дамуы жөніндегі директор Асхат Житкеев 14-19 желтоқсан аралығында өтетін жаттықтырушыларға арналған курстың мақсаты, сонымен қатар дзюдодағы жаңа өзгерістерге қатысты өз пікірін айтып өтті.
Баспасөз жиынынан кейін ҚР Дзюдо Федерациясы дамуы жөніндегі директоры Асхат Житкеев мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті. Сұхбатта ұлттық құрама жігітерінің жай-күйі, сонымен қатар дзюдоның жаңа ережелеріне байланысты бірнеше сұраққа жауап берді.
- Елімізде бақталастық артып тұрған 60 келіде Елдос Сметов, Рустам Ибраев, Мағжан Шамшадин, Бауыржан Жауынтаев сынды мықты балуандарымыз бар. Осы жігіттердің қайсысы 66 келіге ауысуы мүмкін?
- Бұл жігіттер салмақ ауыстыру мәселесі туралы ешнәрсе айтқан жоқ. Құрама бапкерлері алдағы уақытта дзюдо жарыстарында осы төрт жігітті сынап көріп, жаңа салмаққа ауысу не ауыспау туралы шешім шығарады. Әрқайсысы алдағы жылы өтетін екі-үш турнирде бақтарын сынағаннан кейін жаңа салмаққа қай спортшының ауысатыны белгілі болмақ.
- 100 келіде құрама намысын қорғайтын Максим Раков үлкен спорттан кете ме әлде ірі жарыстарға қатыса бере ме?
- Максим қазіргі уақытта жарақатынан емделіп жатыр. Бірақ алдағы ірі турнирлерде осы салмақта ұлттық құрама намысын қорғай бермек. Негізі көп адамдар "жасы келді", "үлкен спорттан кету керек" деген сынды пікірлер айтып жатыр. Керісінше мұндай ауыр салмақтарда 33-35 жасар жігіттердің өзі күресіп медаль алып жатады. Максим ең бастысы жарақаттан аман болса болғаны. Ал жарыстарда жүлде алу спортшының психологиялық, физиологиялық дайындығына байланысты.
- Ұлттық құрамамыздан олимпиадалық салмаққа кіретін 90 келіде алдағы жылғы ірі турнирлерге қатысады деп қай спортшыны айтар едіңіз?
- Бұл салмақта алдағы жарыстарда Қазақстан чемпионатын жеңіп алған қарағандылық Тимур Жарасов, Конфедерация Кубогында жақсы күресімен көзге түскен тараздық Дәулетхан Жақыпов сынды жас балуандарымыз бар. Осы жігіттер алдағы турнирлерге қатысуы мүмкін. Бұл жігіттерден басқа жасөспірімдер арасында Азия, Әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген жастарымыз өсіп келе жатыр. Қазақстан Барысы турнирі ірі салмақтағы балуандардың турнирі болғаннан кейін сол жарыстарда да ұлттық құрамада кім күресетіні анықталады.
- Дзюдоға енгізіліп жатқан жаңа ережелерге қатысты өз ойыңызды айта кетсеңіз?
- Қаңтардың 3-4 күндері Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Халықаралық Дзюдо Федерациясының өкілдері, төрешілердің үлкен жиыны өтеді. Сол жиында дзюдоның жаңа ережелері толығымен талқыланатын болады. Осы жиыннан кейін 5, 6, 7 күндері барлық мемлекеттердің қатысуымен Бакуде семинар өтеді. Сол семинардан кейін дзюдоға жаңа ережелердің енгізілуі туралы нақты шешім шығатын болады.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!