Әсем Жәкетаева таяу арада тұрмысқа шығады
блог
Еліміздің танымал продюсері Баян Есентаеваның Ailan атты жобасы ретінде танылған Әсем Жәкетаева жеке басындағы өзгерістер туралы бөлісті.
Superstar.kz жобасына қатысып, халық арасында танымал болған Әсем Жәкетаева продюсер Баян Есентаевамен өзінің келісімшартын үзген болатын. Әсемнің енді өз билігі өзінде. Продюсерден кеткеніне аз уақыт болса да, ол бірнеше ән жазып үлгеріпті. Әншінің жаңа музыкалық бағыт-бағдары талай өзгеріске ұшырады.
«Әрине, продюсерсіз жұмыс істеу маған қазір оңай емес. Себебі бұрын барлық мәселелерді Баянның өзі шешетін, ал қазір мұның бәрі менің мойнымда тұр. Қалай болғанда да, өзімді еркін сезінемін. Менің бұрынғы әндерім мен бейнебаян жинақтарым толығымен Баянда қалды. Сондықтан мен енді жаңа репертуар дайындадым. Бірінші бейнебаянды қазақтілді әніме түсіремін деп жоспарлап жатырмын», - деп Әсем Жәкетаева шығармашылығындағы басты жаңалықтарын атап өтті.
Әсемнің жаңа «Почему же» атты әнін тыңдағанда, әнші музыкалық бағытын түбегейлі өзгерткенін байқауға болады. Бұл әнге де ғашықтардың мұңды махаббаты арқау болған. Бірақ шынайы өмірде мұндай мұңды ән айтқан Әсем адал жар бола алатын сыңарын тауыпты.
Ә.Жәкетаева «Еуразия» арнасының тілшісіне ғана өзінің жеке басындағы басты құпиясын ашты. Әнші өзінің 7 жылдан бері танитын досына тұрмысқа шығатын болды. Олар соңғы бір жыл ішінде достықтың махаббатқа ұласқанын сезініп, бір-бірі үшін жаралғандарын сезініпті.
«Менің жұмысым жеке өміріме кедергі келтірмейді. Дегенмен бұл өмірде басты мақсаттарды түсіну керек. Қазіргі сәтте мен үшін менің жеке өмірім маған өте маңызды. Ал жұмысым болса, екінші орында. Менің бұл сөзімді ешкім айыптамайтын шығар», - деп Әсем Жәкетаева қалыңдық ретінде өз ойымен бөлісті.