Әсел Сәдуақасова: Театрда ойнауды армандаймын
блог
Фугаға шалдыққан адам толық өзгереді, басқа біреуге айналып шыға келеді және бұрынғы сана-сезімімен ештеңе қалмайды.
Мені сюжет, сценарий қызықтырды және ол қызығушылық түсірілім біткенше «кетпей қойды». Егер фильм маған соншалықты ұнаса, жаман болмауы керек деп ойладым. Оның үстіне актриса ретінде әлі ешкім көрмеген жаңа амплуада ел алдына шығу, имиджді толық ауыстыру, мүлдем ерекше актерлік ойын көрсету де ықпал етпей қоймады.
Актер ешқашан ұялмау, қысылмау керек, жұмысты жұмыс деп қабылдап, тырысса, бәрі жақсы болады.
Мүлдем бөлек кейіпке енуден қорыққан жоқпын. Тек шашымды қысқа қылып кестіруден бас тарттым. Қазір парик табу қиын емес, оның үстіне керемет маман гримерлер бар, қаласаң шашыңды тып-типыл қылып, таз жасап шығарады.
Қолымнан келгенше, алдыма қойылған талаптарды орындап шыға алдым деп ойлаймын.
Психологиялық триллерлерді ерекше ұнатамын. Соңына дейін топшылап, не болар екен деп, өз бал ашып, «жібермей қоятын» фильмдер көрерменге ой салады, түрлі дүниеге көз жүгіртуге мүмкіндік береді. Одан қалса, детективтік жағы да бар ғой: кімнің басында не болып жатқанын аңдап отырасың, тапқың келеді.
«Фуга» – өзін жоғалтқан, өзіндік «менінен» айрылған және өмірлік құндылықтары өзгерген адам туралы фильм. Достық, махаббат секілді сезімдерге бай тұлғаның әп сәтте «сынып» түсіп, рухани байлықтан айрылып, материалдық жағдайды іздегені сөз болады.
Рано («Фуга» фильмінің тағы бір актрисасы Рано Омарова — ескерту) екеуміз осы ұқсайды-ау, келеді-ау деген кейіпкерлері бар фильмдерді қарап шықтық. Әдеби материалдарды көп оқыдым. Фуганың шизофренияға ұқсамайтынын, мүлдем бөлек ауру екенін ұқтым.
Менің рөлім ерекше. Бойында жақсылы-жаманды қасиеттері жетерлік кейіпкер болғандықтан соң шығар, ерекше ықыласпен ойнап шықтым. Ашып-жарып ештеңе айта алмаймын, фильмді қарау керек. Кез келген триллер секілді бар түйіні туындының соңында берілген. Міндетті түрде қарау керек деп ойлаймын.
Өмірде мен жұмсақпын, нәзікпін, кейіпкеріме мүлдем ұқсамаймын. Ол қатты адам, еркек бала сияқты. Жалғыз-ақ маған келетіні – көзді жұмып тәуекел етуге екеуіміздің де дайын тұратынымыз.
Қазір мен ізденіс үстіндемін, қандай жанрдың жаныма жақын екенін анықтағым келеді.
Мен қазақстандық киноның нарық жағдайына бейімделіп келе жатқанына қуанамын. Қазір ел күтетін, қуана-қуана баратын отандық жобалар жетерлік. «Фуга» болса бізде сирек кездесетін жанрда түсірілген, ол елімізде жиі қолға алынатын комедия, мелодрама немесе тарихи фильм емес. Шынымен терең мағынасы бар, сюжеттік желісі аса қызықты психологиялық триллер. Актриса ретінде өз кейіпкерімді қаншалықты жеткізе алғанымды білмеймін, оны көрермендер айтсын. Бірақ, барымды салғаным рас.
Жаңа дүниелерді ұнатамын, өзімнің түрлі қабілет-қарымымды көрсеткім келеді.
Аз уақыт ішінде түсіріп шықтық. 24 сағат бойы жұмыс істедік десек те болады, ұйқыға 2-3 сағат ғана берілетін. Бір жағынан, мұның пайдасы да болды, ұйқымыз қанбаған, мазамыз кеткен түр-кейпіміз кейіпкер бейнесін барынша шынайы ашуға көмектесті.
Мен өз өмірімді киномен байланыстырғым келеді. Ән салу мен үшін хобби секілді, өзіндік қызықты, жақсы тұстары бар, әрине, бірақ мен үшін қазір актерлік маңызды болып тұр.
Түсірілім тобының ауызбіршілігін ерекше атап өткім келеді. Арамыздағы достық, жылулық болмағанда соншалықты аз уақыт ішінде фильмді түсіріп алып шыға алмас едік деп ойлаймын. Жас болса да өз ісін жетік меңгерген Еркебұлан Жолдасовтың, досым Самат Базыхановтың режиссер ретінде еңбектері зор. Саматпен тағы бір фильм түсірдік, жақын арада шығып қалу керек.
Қызықты, көзге бірден шалынатын кейіпкерлерді, ол тіпті эпизодтық рөл болса да, қуана ойнар едім.
Раноны дәл осы кейіпте бірінші рет көріп отырмын. Мен оны жан-жақты актриса деп санаймын және алда жақсы рөлдері болады деген үміттемін. Жалпы, фильм бізді мүлдем басқа кейіпте көрсетеді.
Өз жұмысыма үлкен сынмен қарайтын адаммын, тіпті, тизерді қарап отырып, ана жерін бір ұнатпай, мына жерін бір жаратпай жатамын.
Біздің қоғамымызды фугаға шалдыққан адам кездеседі деп ойлаймын. Әсіресе, мегаполистерде. Жалпы, қазір әрбір екінші адамның жүйке жүйесі сыр берген секілді. Көпшілігі психологтардың қызметіне жүгініп жатады. Менің екінші мамандығым психолог, сондықтан үрейге берілген, ауыртпалықты көтере алмай, морт сынып жатқан кісілер туралы айта аламын. Дәл осы ауру болмаса да, жабыққан, торыққан адамдар жетерлік.
Күндердің бір күнінде театрда ойнауды армандаймын. Әзірге дайын емеспін, базам жоқ және ең бастысы білім жетіспейді. Бірақ, болашақта театр сахнасына шығамын деп үміттенемін.