Асан Қайғы философиясының ерекшеліктері

Асан Қайғы философиясының ерекшеліктері
жеке
блог

Философия сөзі грек тілінен аударғанда данышпандыққа құштарлық деген мағынаны білдіреді. Ол өте ертеде пайда болған. Сонау ерте ғасырлардың төрінен біздің халқымыздың да ұлттық философиясы - қазақ философиясы тамырын жайып жатыр. Қазақ философиясының белді бір өкілдерінің бірі - Асан Қайғы Сәбитұлы. Ол 15-ші ғасырда өмір сүрген философ, ақын, дипломат. Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы әрі кеңесшісі болған. Түркі халықтарының арасында ол туралы аңыз әңгімелер көптеп кездеседі.

Ә. Қоңыратбаевтың "Қазақ фольклорының тарихы" атты еңбегінде Асан қайғының шығармашылығының негізгі идеясы - қазақ халқының бірлігі екендігі айтылып кеткен. Шынымен-ақ, Асан қайғы философиясың мән-мағынасы -халықтың бірлігінде, мұңы мен мұқтажында жатыр. Асан атына "қайғы" сөзінің жалғануы да осы тұста жатса керек. Ол жасынан жұртының мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлаумен, болжап толғанумен боп, шерменде бола берген екен.

Қазақта Асан қайғының атын Жерұйықпен байланыстырады. Асан қайғының негізгі арманы -халыққа жайлы қоныс іздеу. Ол халықтың қамы үшін, аштық пен жалаңаштыққа, қайғы мен мұңға, бітпейтін жаугершілік пен алауыздықтарға, әлеуметтік теңсіздіктер мен түрлі апаттарға тоқтау болатын ғажайып жерді іздейді. Жерұйықтың суы бал татитын, ауасы жанға жайлы, топырағынан бәрі өсетін, ешқандай апат, алауыздық, жаугершіліктер мүлдем болмайтын, қайғы-қасірет пен мұң-мұқтаждан аулақ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жер деп арман еткен.

Асан Қайғы филосоыиясының негізігі мәнін осы Жерұйықты іздеумен байланыстырамыз. Ол Қазақстанның қай жеріне келсе де, әрбір жердің тауы мен тасы, нуы мен суы жайлы сөз қозғамай өтпеген екен. Мысалы:

Балқаш көлі туралы: «Балығы тайдай тулаған, құстары қойдай шулаған несібелі көл екен. Кедейін аш қылмайтын, балығы азық болғанымен, суы ащы, іргесі шөлге тиіп тұр екен, бораны көп болар. Қамысы боранға қалқа, малға азық, қысы болмаса, жазы қапырық, ордалы елге орын болмас», деген екен. Яғни, қазақтың қайсыбір жерін алып қарасаң да өзіндік ерекшелікке ие екіндігі тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Десе де, Асан Қайғының алты жыл жүріп бармаған жері қалмады. Әрбір жердің артықшылықтарымен қоса кемшіліктері де болды. «Көп ақылдан-көп қайғы» демекші, осыны ойлап Асан Қайғы мұңға батты. Бұл жерден біз өз жұртына деген сүйіспеншілікті және халқыма қалай көмек қылсам деген тілекті көре аламыз.

Оның философиялық терең мұңды ойларын заманның өзі тудырған. Турашылдығы мен тек шындықты айтуы арқылы ханның адында да, халықтың алдында да беделінің болғанын көрсетеді. Данышпан, дана, Ойшыл, философ ретінде дүниетаным негіздері сол бір қиын заманмен қиысып, бағдарланып, ұштасып жатты. Асан Қайғы тек қана құр сары уаймға саланып, қайғырып кеткен жоқ,  қайраткерлік көрсетті, азаттық үшін күресті, жанын берді. Сондай-ақ жарқын болашақтан үміт үзген емес.

Авторлары: Жанатаев Данат, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты

Сексенбай Темірлан, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, физика-техникалық факультетінің магистранты