Ас үйді экологиялық тұрғыда таза ұстаудың 7 жолы
блог
Ас үй - үйдегі негізгі орындардың бірі, бірақ ол үнемі таза болып тұрмауы мүмкін. Бұл жерде көптеген тұрмыстық химиялық заттар, сұйықтықтар бар, электр энергиясы мен газ қолданылады. Назарыңызға ас үйіңізді экологиялық таза бөлмеге айналдыру үшін 7 қарапайым кеңес ұсынамыз.
1. Жергілікті және маусымдық өнімдерді сатып алыңыз
Өнімді өндіру орнынан оны өткізу орнына дейінгі қашықтық неғұрлым көп болған жағдайда, оны сатып алу, яғни тасымалдау және сақтау есебінен экологиялық зиян соғұрлым көп болады. Бұл тек экзотикалық жемістерге ғана емес, сонымен қатар ең көп таралған көкөністер мен жемістерге де қатысты. Мысалы, Мысырдан алынған картоп құрамында Қазақстанда өсірілген көкөніс құрамына қарағанда көміртегі көп. Ал Кубалық алмалар Оңтүстік Африкалық алмаларға қарағанда әлдеқайда экологиялық таза. Дегенмен, өнімнің алып келінген жерінен бөлек, маусымдылығын да ескеру қажет. Алма өзі пісетін мерзімде электр энергиясы көп жұмсалатын арнайы сақтау шарттарын қажет етпейді. Сондықтан, Кубалық алманың қыста сатып алынған түріне қарағанда өз маусымында сатып алынған түрі әлдеқайда экологиялық таза. Мұның бәрі экспорттық жемістер мен көкөністерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, дегенмен маусымдық және жергілікті өнімдердің пайдасына назар аударуға тырысудың маңыздылығын есте ұстаған жөн.
2. Еттен бас тартып көріңіз
Еттің құрамында көміртегі жоғары деңгейде, өйткені ауыл шаруашылығы (әсіресе мал шаруашылығы) парниктік газдардың негізгі көздерінің бірі болып табылады. Ол жер шарының жалпы көлемнің шамамен 12%-ын құрайды. Сиыр мен қой етінде көміртегі өте жоғары, оларға қарағанда тауық етінде төмендеу. Аптаның бір күнінде еттен бастарту көміртекті азайтуға айтарлықтай әсер ете алады. Еуропа мен АҚШ-та бірнеше жылдан бері «Meatless monday» (етсіз дүйсенбі) күні белгіленген, бұл күнде осы әдетті ұстанатындар дүйсенбіде етсіз тағамдарды тұтынады.
3. Экологиялық таза өнімдерді қолданыңыз
Ас үйдегі пешті, суқұбырды және кез келген басқа ас үй заттарын табиғи тазартқыштармен тазалауға болады. Қазір сатылымда олардың саны аз емес. Ал егер сіз әрі қарай алға жылжып, өзіңіздің табиғи тазартқышыңызды жасағыңыз келсе, бұл да қиын емес. Сірке суы, лимон, ас содасы, тұз және зәйтүн майы сынды қолда бар өнімдерден дайындауға болады.
4. Табиғи материалдардан жасалған ысқыштарды қолданыңыз
Әдеттегі супермаркетте сатылатын ысқыштардың басым бөлігі синтетикалық материалдардан жасалады. Оларды пайдаланғаннан кейін қайта өңдеу мүмкін емес. Мұндай ысқыштар көбінесе қоқыс аймақтарында қалып қояды. Бірақ кейбір өндірушілер табиғи материалдардан ас үй ысқыштарын жасайды. Ең танымал түрлері - өсімдіктер талшығы мен ағаш талшығын қолдану. Мұндай ысқыштарды қайта өңдеуге болмайды, бірақ қолданыстан кейін оларды пайдалы тыңайтқышқа айналдыруға болады. Сонымен қатар, қайта өңдеуге болмайтын силикон ысқыштар бар, бірақ оларды қарапайым ысқыштарға қарағанда әлдеқайда ұзағырақ пайдалана аласыз.
5. Қағаз майлықтарды матадан тігілген шүберкпен ауыстырыңыз
Қағаз майлықтар өте ыңғайлы. Бірақ іс жүзінде олар құнды ресурс саналатын ағаштан жасалады әрі шектен тыс пайдаланылады. Олар қайта өңдеуге келмейді және қайта өңделмейтін қоқыспен бірге полигондарға түскенде, ыдырап, парниктік газдарды шығарады. Қағаз сүлгілерді шүберекпен ауыстыру тек табиғатқа қол ұшын созу ғана емес, сонымен қатар үнемдеу болып табылады. Өйткені сіз үнемі жаңаларын сатып алмай-ақ, қолданыстағыны жуып, қайта пайдалана аласыз.
6. Тұрмыстық химияны қайта пайдалануға болатын ыдыстардағысын сатып алыңыз
Тұрмыстық химиядан жасалған қаптардың едәуір бөлігі қайта өңдеуге жарамды. Сондықтан әлдеқайда экологиялық таза балама ретінде қайта пайдалануға болатын қапта сатып алу ұсынылады. Бүгінгі күні бірнеше сауда желілері осындай қызметті ұсынады, сондай-ақ тұрмыстық химияны сізге өзіңіздің контейнеріңізге құйып алуға мүмкіндік беретін желілік емес дүкендер де бар.
7. Ас үйіңізде пластикалық заттар ұстаудан аулақ болыңыз
Контейнерлер, аспаздық құралдар, кесу тақталары және тағы да басқа көптеген ас үй ыдыстары бүгінде пластиктен жасалады. Олар салыстырмалы түрде тез нашарлайды және оның бәрін қайта өңдеу мүмкін емес. Сондықтан мүмкіндік болса сапалы баламаларды (шыны, фаянс) немесе табиғи (бамбук, ағаш) материалдардан жасалған ыдыс аяқтарды қолданған дұрыс. Сондай-ақ кез келген бір рет қолданылатын ыдыстардан, соның ішінде сусындарға арналған түтікшелерден аулақ болған жөн.