Ары жатыңызшы....

Ары жатыңызшы....
жеке
блог

 

Қалалық мәйітхананың іші тастай қараңғы. Мәйіттердің көптігі соншалық, еденде де қалай болса, солай жатыр… Бір кезде, башпайына «белгісіз әйел» деп жазылған мәйіт «мәйіттер тілінде» сөйлей бастады:

–Ары жатыңызшы…

–Сен кімсің?

–Қатипашпын.

–Қашан өлдің?—деп сұрады мұртты мәйіт сыбырлап.

–Бағана.

–Жәйша өлдің бе?

–Адам жәйша өлуші ме еді? Бір «крутойдың» баласы «Джипімен» мыжып кетті…

–Обал болған екен…

–Маған ба?

–Жоға, сені қаққан жігітті айтамын.

–Е, байдың балалары сотталушы ма еді? Ақшасы көп те…–деген әйел ыңыранды,–ары жатыңызшы.

–Мен бе?

–Ия, сіз… аяғыңызды менің аяғымның үстіне қойып алыпсыз…

–Енді морг дәрігерлері отын тастағандай осылай лақтыра салса қайтемін?

–Обшым, олар өлік сыйламайды… Өздері өлмейтіндей…

–Өлген адам аяғын қалай көтереді? Кешірім сұраймын сізден…

–Амал жоқ… Өзіңіз кімсіз?

–Өлікпін.

–Оны білемін. Атыңыз?

–Мыжбан.

–Жақында өлдіңіз бе?—деп сұрады мәйіт келіншек.

–Жоға! Екі ай болды осында жатқаныма…

–Немене? Туыстарыңыз жоқ па?

–Бар ғой. Бірақ оларға «құжаттарыңыз дұрыс емес» деп бермей жүр…

–Сұмдық-ай…

–Мұнда түскен «свежи» мәйіттерді туыстары сойдырмауға тырысып, тезірек алып кеткісі келеді. Бірақ оңбаған дәрігерлер ақша сұрайды… Бес мың теңгеден он мың теңгеге дейін.

–Қойшы, өлә-ә…

–Солай, қарындас… тірілер өліктерді де саудалай бастады…

–Ақырын, ағай… Дәрігерлер келе жатқан сияқты…

Артынша есік сықырлай ашылды да, келесі бір мәйітті әйелдің үстіне тастай салды. Мұрты тебіндеп өсіп келе жатқан бозбалаға ұқсайды…

–Өлә-ә, өкпем қысылып кетті тегі…–деп қалды келіншек.

–Әй, сен кімсің?—деп сұрады мұртты кісі.

–«В масле» өлікпін…

–Сенің түбіңе кім жетті? Жас екенсің!

Бозбала қипақтап қалды…

–Ары жатшы!—деді мәйіт келіншек.

–Апай, қалай жатамын? Өлікпін ғой…—деді бозбала.

–Ия, сені де машина қағып кетті ме?—деп сұрады мұртты.

–Жоқ. Мен мектепте оқимын. Колледждегі балалармен «разборка» болып, бір оқ басыма тиіп кетіп…

–Сауап болыпты!—деді мәйіт келіншек,–бүгінде мектептердегі оқушылар қағынған! Мектепте момақан, былай шыға бандиттерсіңдер!

–Өмірді, жарық дүниені бағалай алмайсыңдар!—деп ұрсып берді мұртты.

–Білім министрлігі қайда қарап отыр?—деп қалды бір шалдың мәйіті.

–Енді бізге бәрібір…—деді бір өлген кемпір.

–Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар…—деді мұртты күр­сі­ніп,–беу, дүние, жарық өмір қандай рахат еді!

Ішке бір мәйіт әкелінді. Орта жасар кісі көрінеді. Оны да мәйіт келіншектің оң жағына тастай салды.

–Ища-ай, мұнда суық қой…—деп қалды «жаңа қонақ».

–Ары жатыңызшы,–деді мәйіт келіншек, –немене пәле, өлгендерді менің үстіме, жан-жағыма тастай береді…

–Сөйлеп қалған екенсің!—деді бір қартаңдау өлік.

–Енді ше? Қанша дегенмен әйел затынанбыз. Ұялып барамын.

–Тірілер ұялмайды…—деді мұртты. Сосын «жаңа қонаққа» тіл қатты:

–Қайдан келдің?

–Жарық дүниеден…

–Неге келдің?

–Арақ ішіп-ішіп, далада ұйықтап қалыппын. Аяз дегендей…

–Қысқасы, арам қатып қалдың ғой?

–Ия.

–Қазақтың түбіне орыстан келген осы арақ жетеді! Орыстан озып кеттік!—деді өлік кемпір,–арақ шығарудан да алдымызға жан салмаймыз…

«Жаңа қонақ» бір кезде жылай бастады… Қозғалайын десе, қозғала алмайды. Тұрайын десе, тұра алмайды. Нәйеті мойнын да бұра алмайды.

–Өлген деген осы екен ғой…—деп қамықты ол. Кенет күрсініп салып:

–Басым сынып барады… Жүз грамм болса ғой…—деді.

–Алқаш…—деп жақтырмады өлген кемпір. Бұрышта маньяк мәйіт қана үнсіз жатыр… Машина қағып кетпесе, әлі қаншама балақайларды… Құрып кетсінші…

Мәйітханадағы мәйіттер бір кезде үнсіз қалды… Олар жарық дүниені сағынып жатыр еді…
(С) Мұхтар Шерім, сатирик