Еліміздегі тамақтану институтының деректері бойынша еңбекке жарамды республика тұрғындарының төрттен бірі семіздіктен зардап шегеді екен. Қазіргі таңда көпшіліктің, әсіресе, қыздардың басындағы негізгі мәселелердің бірі- артық салмақтан арылу. Қаракөз аруларымыз сыртқы келбетінің әсем де, сұлу болғанын қалары сөзсіз. Бірі- арықтау үшін түрлі дәрі-дәрмектерді қабылдаса, енді бірі-диетаға отырып, күнделікті жеп жүрген тағамдарынан бас тартуда. Бұл қаншалықты дұрыс? Денсаулыққа әсері қандай? Арықтау үшін, тамақ жемей, күні бойы аш жүру- ақымақтық. Тамақтанудан бас тарту арқылы асқазанның қызметін бұзып алу, әбден мүмкін. Тіпті, мамандардың өзі де диетаға отырғаннан гөрі, спортпен айналысып, дұрыс тамақтануға дағдыланған дұрыс деп есептейді. Қимыл, әрекетсіз диета ұстаудың нәтижесі шамалы болмақ. Америкалық ғалымдардың зерттеуі бойынша, кез келген дәмсіз және біртекті тағамдар, адамның эмоциясына әсер етеді. Оны сылбыр, немқұрайлы жағдайларға жеткізіп, содан адам үнемі шаршаңқы күй кешеді. Яғни, тәбеті тартпайтын тағамдарды еріксіз жеу арқылы адамдар өздерін психологиялық тұрғыда зақымдайды. Ол жүйке жүйесінің бұзылуына әкеліп соқтырады. Сол себепті де бүгінгі психиятрда диеталық тоқырау деген ұғым қалыптасып отыр. Демек, арықтаймын деп тамақтан бас тартып, ағзаға зиян келтіргенше, көбірек спортпен шұғылданып, салауатты өмірін дұрыс ұстанғанымыз абзал.