Артық салмақтан арылған абзал

Артық салмақтан арылған абзал
жеке
блог

Адам денсаулығының жақсара түсуіне көптеген факторлар сеп болары белгілі. Соның ең маңыздысы артық салмақтан арылу. Ол туралы елге танымал диетологтар мен белгілі маман дәрігерлер өз ойларын айтудан жалыққан емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі «Артық ет арам ет» деген. Артық ет расымен де жүрек қағысына, жылдам қозғалуға кері әсерін беріп жатады.

Негізі артық салмақтан арылудың сан тәсілі туралы ақпарат көздерінде түрлі пікірлер бар. Шындығына келгенде таза ауада көп жүріп, күн ұясынан көтерілгенше таңғы самалда жүгіруден абзалы жоқ деген кеңес ел ішінде  көп айтылады. Иә, оған қосылатындар шектен көп. Таңғы ұйқы тәтті. Дегенмен де денсаулық бәрінен жоғары емес пе?!  «Ас адамның арқауы» демекші, біреулер асты шектен тыс ішпеу керек деп жатады. Ол сөздің де жаны бар. Өйткені әрнәрсеге қанағат болу керек. Сондықтан болар «Қанағат-қарын тойғызады» дейтініміз. Десек те астан түпкілікті бас тарту денсаулықты әлсіретіп, басқа да дене мүшелеріне зақым тигізуі әбден мүмкін. Қалай десек те асқа тиым сала отырып артық салмақтан арылу, ол денсаулыққа зардабын әкелуі сөзсіз дейді мамандар. Осы орайда өзінің артық салмағынан арылу үшін барлық кезеңдерден өтіп, тіпті теледидарда өткен телешоуға қатысып бас жүлдені иеленген, жаста болса бас болып үлкен бір шаруашылқты басқарып жүрген, ардақты азамат, «Ұлттық салауатты тамақтану орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, қазіргі уақытта «Диетолог және Нутрициология» мамандығын игеріп жатқан Әбсаттаров Дәулет Нұрсұлтанұлымен кездесіп осы бір өзекті мәселе төңірегінде ойын тыңдап, сұхбат алған едік.

- Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз? Жасыңыз нешеде? Немен айналысасыз?

- Есімім Дәулет, Қызылорда қаласының тумасымын, жасым 37-де. Үйленгенмін, Аллаға шүкір төрт балам бар. Алматы қаласында халықаралық компанияда департамент басшысымын.

- Қанша келі тастаған едіңіз? Қанша уақыт аралығында?

- 2015 жылы 31 телеарнасының «Салмақхана» жобасына кастинг жарияланды, бас аяғы 3000-нан аса адам болды. Тележобаға  16 адам іріктелдік. Кірерде 151 салмақпен кірдім, жоба соңында яғни 3 айда 102 келі болып жеңіске жеттім. Осы аралықта 49  келі салмақ тастадым.

- Өзіңізде артық салмақ жүре келе пайда болды ма?

- Салмағым студент кезімнен (аз қимылдап, дұрыс тамақтанбағанымнан) қосыла бастады. Бірақ ол кезде оған аса мән бермеген едім.

- Салмақ тастауда қандай әдісті қолдандыңыз? Жалпы қандай әдісті қолданған дұрыс?

- Салмақ тастауда қолданбаған әдісім қалмаған шығар. Неше түрлі тәбетті басатын таблеткалардан бастап, тән қинайтын диеталардың барлығын қолдандым. Оның көбісі уақытша кейбіреулері мүлде көмегін тигізбеді. Жоба кезінде салмақ тастау басты 3 нәрсемен жүзеге асты. Біріншісі, психологиялық тұрғыда тамаққа деген көзқарасты өзгерту. Өйткені адамдар күйзеліс кезінде оны тамақ жеу, яғни бақыт гармондарын ояту арқылы басуға тырысады. Екіншісі, атақты диетологтардың көмегімен жүзеге асты. Яғни пайдалы және пайдасыз тамақ түрлерін және күнделікті жеп жүрген тамақтардың құнарлығын есептеуді, уақытылы дұрыс тамақтануды үйретті. Үшіншісі, физикалық жаттығулар. Жалпы жаттығуларды дұрыс бастап, дұрыс аяқтауды, нақты өзіңе керек жаттығуларды тандай білуді, ең бастысы жалықпайтындай жаттығу барысын қызықты етіп өткізуді үйретті. Қазіргі таңда ең дұрыс әдістер осы екенінде күмәнім қалмады.

- Салмақ тастаудағы басты қағида?

- Салмақ тастаудағы басты қағида  – күн бойына жұмсаған энергияңыздың саны, келген каллориялардан көп болуы қажет.

- Артық салмақпен күресте сіз үшін ең қиыны не болды?

- Ең қиыны ол өзгеруге деген мотивацияны жоғалтып алмау. «Негізі арықтау керек еді» демей, үздіксіз әрекет жасай білу қажет. Өйткені арықтағым келеді деген жай арман жеткіліксіз. Ол үшін зона комфорттан шығып үйреншікті өмірді өзгерту қажет.

- Кейбір адамдар арықтау үшін ашығу әдісін қолданып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Аз уақыт ішінде жылдам натижеге жетемін дегенді жалпы өз басым қолдамаймын. Өйткені оның артында кері салдары тұруы мүмкін. Аштық туралы айтатын болсақ ол мен үшін арықтаудын емес көбінесе емдік үшін пайдаланылатын тәсіл. Адам тамақ ішпесе, әлбетте арықтайды, бірақ мұны негізгі тәсіл ретінде қолдануға қарсымын.

- Артық салмаққа алып келетін негізгі азық-түліктер жайлы айтып берсеңіз?

- Әрине, олар көп, бірақ ішінен ерекше атап өтетіні барлық фастфуд түрлері және газдалған тәтті сусындар мен құрамы күмәнді полуфабрикаттар.

- Салмақ тастап қалыпқа келгеннен кейін оны қалай сақтап қалу керек?

- Арықтаудан гөрі, бір салмақты сақтап қалу қиынырақ. Дұрыс тамақтану және физикалық жаттығу жасауды уақытша дүние емес, жалпы өміріңіздін басты бөлігі етіп қабылдауды үйрену керек.

- Артық салмақтан арыла алмай жүргендерге айтарыңыз?

- Жалпы, артық салмақ адам өміріне үлкен дискомфорт және стресс әкелетіні шындық. Әр түрлі комплекстердің пайда болуына себепкер болады. Ең сорақысы жаман аурулардын басында тұрады. Сондықтан арықтағысы келетін адамдарға айтарым, егер бір рет қана берілген өмір сіз үшін маңызды болса және оны рахаттанып сүргіңіз  келсе, артық салмаққа жол бермеңіз, өз өміріңіз өз қолыңызда.

Бұл артық салмақтан арылу үшін өз дегеніне табандылықпен күресе отырып жеткен жігіттің айтқан пікірі. «Денсаулық - зор байлық» десек, сол денсаулықтың мықты болып, өмір қызығынан қалмай шапқылап жүру үшін бойдағы артық еттен арылудың маңызы зор деп білеміз. Артық салмақпен алысып жүрген жандарға Дәулеттің кеңестері септігін тигізіп жатса, нұр үстіне нұр болмақ.