Әртісті айнытпай сал!
блог
ОРТ-дан болған «Один в один» шоуының біткеніне біраз болды. Бірақ оны қайталап көрсетіп жатқан «7-арнада» финал тек келесі аптада. Сондықтан, осы шоу жайлы ойымды айтқым келіп еді.
Мен бұл шоуды басынан тамашалай алмадым. Бірақ осы көргенім де бағдарлама жайлы мақтау сөздер жазуға тұрарлық. Өйткені, тамашалай келе біраз ұмыт болған әртістерді еске түсірдім, тіпті бұрын тыңдамаған әншілерге қызығушылығым ашылды. Ал бәрінен бұрын сол жерде өнер көрсететін әншілердің шеберлігіне тәнті болдым. Түрін айнытпай салудан бұрын, даусын келтіру, мимикасын жеткізу және бәрін бір-ақ аптаның ішінде дайындап шығару - бұл үлкен еңбек пен шеберлікті талап ететіні анық.
Сонымен қатар, бұл жастарға үлкен мәдени азық болғаны сөзсіз, қаншама ұмытылған әртістерін еске алып, оларға қайта жан бітіріп, сахнада тірілткендей. Бұл тұрғыда көптеген үлкен адамдардың алғысына бөленгенді. Ал әділқазылардың шоубизнестегі кейбір өкілдерге деген көзқарастарын да аңғарып қалдық. Мысалы, кеше бәрі жаппай PSY-ға деген теріс көзқарастарын білдірді. Оның алдында Богдан Титомир, Глюкоза, Шнурға да мәдениеттен алыс жүріңдер деген ашық пікірлерін айтып қалды.
Финалға Алексей Чумаков, Юлия Савичева, Тимур Родригез, Анита Цой мен Анастасия Стоцкая өтті. Бәрі де басынан өздерін нағыз пародия жанрында көрсете алған хас шеберлер деп санаймын. Бірақ Анитаның орнына Сати Казанова өткенін қалап едім. Қалай болғанда да, бұл өте сәтті жобалардың бірі деп ойлаймын.