Арпалыс
блог
Жүріп барам... Аурухананың алдына келгенде жедел жәрдем машинасы да келіп қалған екен. Шеткері өтіп, машина ішінде өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан пендеге жол бердім. Сол-ақ екен, жүрегім зу етіп, қолдарым қалтырап кетті. Мен ауруханаға кірген бойда, соңымнан ауыр халдегі науқастарды енгізе бастады. Бірі қарт әже, үнсіз ғана ұйықтап жатқандай көрінеді. Дәрігерлер жанталасып, әбігерге түсіп, аурухананың хирургия бөлімшесіне алып кетті. Енді бірі орта жастан шыққан ағай болуы керек. Жан даусын шығарып, денесіндегі ауыр жарақатқа төзе алмастан айғайлап жатты. Оны да дәрігерлер асыға күтіп алып кетті. Дәрігерлердің жұмысы осыншалықты ауыр болатынын сол кезде ғана түсіндім, өз көзіммен көрдім. Өйткені, сол кезде менің қолым түгіл, жүрегім де дір етіп, қалтырап кетті. Мен шошып кеттім. Жол апатына түскен болуы керек. Әбігерге түскен ақ халатты абзал жандар науқастарды өлімнен арашалауға тырысты. Содан кейін не болғанын білмеймін, отаны кеше ғана басынан өткерген әпкеме қарай асықтым.
Алайда, осы бір оқиға көңіліме қорқыныш ұялатты. Өмірге келген пенденің өмірден асыға кетуі де соншалықты оңай ма?! Ақ халатты абзал жандар болмаса қайтер едік?!
Асыға әпкеме де жеттім-ау әйтеуір. Бір күн көрмеген едім, бір жыл өткен сияқты. Сағынып қалыппын. Сәл-сәл аяңдай басып маған қарай келе жатыр екен. Аман-саулықтан соң, әңгіме айтып біраз отырып та қалыппын. Әпкем ота жасаған күннің ол үшін ауыр тигенін айтты. «Өмір-өлім арасында жатқандайсын, тура кинодағыдай»,- деді әпкем. Әрине «кинодағыдай» дегені мені алдарқату болса керек. Мен түсіндім. Бірақ, көз алдыма да елестете де алмадым. Ол қолымнан келмес.
Әпкеме ертең қайта келетінімді ескертіп шығып кеттім. Аурухананың ұзын дәлізінен өтіп келе жатып, санамды жаулап алған небір ойларды да осында қалдырғым келді. Қайдағы... мазаны жаулаған небір ойлардан оңайлықпен құтыла алмассың. Баспалдақпен төмен түсе бердім...
Аурухананың астыңғы қабаты келушілерге лық толы екен. Аяқ-қолдары жарақаттанған, бірақ, жүре алатын науқастар әңгіме-дүкен құрып отыр. Әрқайсысының көздеріңде мұң табы байқалады. «Тағдырдың тәлкегіне ұшырап отырған жандар ғой, сірә?!»,- деп ішімнен ойладым да өте бердім.
Денсаулықтың алтыннан қымбат екенін білеміз. Сонда да, салғырт қарап жүретініміз өкінішті.