Арпалыс
(Атақ пен Ар)
...Көшенің арғы бетіндегі аялдаманың жарнама тақтайшасында сүйісіп тұрған екеу тұр...
- Ал, құрметті достар, бүгін үлкен той. Бүгін біздің Атақ жарады. Атақты болды ғой. Сол үшін алып қояйық!
Алматыдағы зәулім үйлердің бірінде осындай дауыс далаға естіліп жатты. Жеті қараңғы түн. Көршілер тұрып шағым түсіруге әлдері келер емес. Әлдері қайдан келсін, Атақтың үйінде сүйікті достары: Даңқ, Мәртебе, Мақтаншақ, Жағымпаздар отырған кезде.
- Әй, Атақ! Сенің бүгінгі атақты болуың Жағымпаздың арқасында. Ол болмаса сен бұл орынға келмес едің.
- Еу-у-у-у, Мәртебе! Сенікі қай сасқандық. Бүгін қуаныш емес пе, не керек кімнің көмек қылғаны. Бастысы біргеміз-деп, Даңқ қатты айтты. Мақтаншақ бірдеңе десеңші?
- Ә-ә-ә-ә маған бәрібір. Мен бастысы Атақпен мақтанамын. Жағымпаз ренжіп қалмаса болды ғой...
- Даңқ сен олай тасынба. Сен менің сендер үшін қандай құрбандықтарға баратынымды жақсы білесіңдер. Мен істегенімді білеп жатқан жоқпын. Атақ өзің айт соңғы сөзді.
- Достар! Бәріңе алғысым шексіз. Әрқайсыңның орның бөлек мен үшін. Осы жеңісті, осы атақты алуға көмек көрсеткен сендер. Мәртебе біреудің мәртебесін көтеріп отырмаса ол Мәртебе ме?! Ал, Мәртебе сен Даңқтың айтқанына мән берме. Даңқ әлі жерге түсіп көрмеген ғой. Мақтаншақ сенің мен үшін қуанып отырғаныңа мен де қуаныштымын. Жағымпаз, сен мыналардың сандырағына салынба. Сенің тіл мен жаққа жағынуың болмағанда мен мұнда, шынымен де, отырмас едім.
Осыдан бір күн бұрын ғана Атақтың күні күн емес еді ғой. Ақша табуы мұң, күн көруі қиынға соғып еді. Таңнан бері отырып, не істерін білемеген Атақ түнге қарай бір іс тапты. Ісін жасамас бұрын өмірдегі жалғыз досы Арды шақырып алып ақылдасты.
- Ар, сен менің барымсың. Досымсың. Менің жағдайым болса мынау, не істейін?
- Еңбектен. Құдай ақыңды жемейді. Бірақ, осындай жаман күйде жүрмін деп ақымақтыққа барып жүрме.
- Осылай айтарыңды біліп ем. Бірақ, мен бір шешімге келдім. Сен мені жақтайсың деген үміттемін. Бұл отбасымның қамы үшін. Сондықтан сен мен жақта болуың керек.
- Отбасы сенде ғана емес. Сен ғана отағасы емес. Алдымен айта отыр ісіңді.
- Неден бастасам екен... Кеше Алматының түнін жалғыз өзім шарлап шыққандай болдым. Жұмыс іздеген түрім. Бабамыз, күйші Құрманғазы мен орыстың ақыны Пушкиннің көше қиылысына келген кезде кілт тоқтадым. Тап алдым да сары шашты қыз, жоқ, еркек! Маған қарап тұр. Ұзақ қарап тұрды да, аялдамаға қарай аяңдады. Мен соңынан еріп келем.
- 500 доллар! Я желаю тебе не забываемый ноч. 500 доллар!
Мынауың еркек болса, мен еркек болсам, қандай естен кетпес түн болуы мүмкін. Құдай, не боп барады мына қоғам. Сап тыйылған ойыма сол баяғы жағдайы нашар отбасым келді. Бір түнде 500 доллар! Сонда бұлардың, шынымен, осы ақшаны алатындай мына әрекеті ғана болса, неге істеп көрмеске дедім.
- Әй, Атақ сенің айтып отырғаның не әңгіме, не іс, – деп, Ар арланып кетті.
- Тоқта, соңына дейін тыңда. Сөйтіп менің қалауымды іштей сезді ме, сары шашты көгілдір мені тап сол бір тұстағы, қап-қара есігі бар үйге енгізіп жіберді. Кіре салғаным сол екен, шешен әлде түрік менен екеу шығатын алып денелі еркек қолыма таңбасын басып берді. Күле қарады. «не іздеп жүрсің» дегендей. Төменге түсе бергенім сол еді, алдымнан баяғы түнгі көбелектердің темірі жылтырап шықты. Бір былыққа келгенімді сездім. Артқа шығып кетуге ұстап келе жатқан 500 доллардың буы. Ар, саған – өтірік, маған – шын, қазақтың ай десе аузы, күн десе көзі бар қыздары сол жерде, қазақтың серісі де, қызға бергісіз сұлу жүзді ерлері де сонда. Бірақ, еркегі ермен, қызы қызбен аймаласып тұр. Жүрегім жыртылып кетті. Осындай кейіпкке келгенше өлгенім артық деп, сыртқа атып шықтым.
- Жарадың. Не де болса, досыңның алдындағы парызыңды өтедің.
- Асықпа, менің істейін деп отырғанымды әлі естімедің. Далаға шыққан соң өткен адамдарға күдікпен қарадым. Үрке қарадым. Келе жатып, көп ойға баттым. Бәлкім, бұл бір болу керек дүние шығар. Ер мен ер махаббатын білдіріп жатса онда тұрған не бар. Қызға қыз дегендей. Бәлкім, бұлардың бұл қасиеті бір еріксіз күш не шабыттың шарықтауы болар. Мен, біз қоғамға басқаша көзбен қарап жүрген болармыз. Осылардың көзімен көрсек қалай болар еді деп, ойдың құйына батып кеттім. Кенет, кенет Ар! Мен кері жүрдім. Қара есікке қайта кірдім. Кіргеннен түбіне бір-ақ жеттім.
- Маған жұмыс бер дедім, түпкі есікте отырған қара шашты, тағы бір әйел кейпіне енген ер адамға. Тіпті, ажыратудың өзі қиын. Табиғат ананың заңын бұзып тұрып тәніне осынша өзгеріс жасау... білмеймін енді...
- Саған не керек?
- Осында жұмыс істегім келеді. 500 доллар табуға болады екен. Не істеу керек ол үшін?
- Так, шешін.
- Түсінбедім.
- Шешін. Сенің жалаң денеңді көрейін.
- Былай істейік, сіз маған жалпы жұмысты ауызша түсіндіріп берсеңіз. Осы бір дүние қажет емес-ау.
- Есік анда. Шығып кете бер.
Ақыры көндім. Сенің бетіңе дақ түсірдім, досым. Кешір. Бірақ жарамсыз болып шықтым.
- Дене бітімің сай емес. Сендейлер менде көп. Клиенттерімді қашырып алғым келмейді. Әңгіменің соңы сондай жиіркенішті тұсқа келген кезде, есіктен шығып кетуге ыңғай білдірдім. Шығып бара жатқанымда:
- Тоқтаңыз, сізге лайық бір жұмыс бар. Біз өзіміздің осы агенттігімізді елге танытатын бір ерекше жарнама күтудеміз. Сіз жасай аласыз ба?
- Сол да жұмыс болып па. Жасаймын. Ақшасы қанша?
- Біз қалағандай дүние жасалса, сіздің 500 долларыңыза тағы да бір нөл артық қосып береміз. – Есім кетті. Келістім.
- Енді?
- Енді жарнама жасау керек. Қандай жарнама жасасам болар екен. Сені шақырып отырғаным, бір ой айтсаң.
- Атақ! Сен түзу жолдың жиегіне шығып кеттің. Одан ары жарға құлайын демесең басқа бір жұмыс қарашы.
- Жетер, досым деп шақырып отырмын сені. Істе, істеме деген ақылыңды тыңдау үшін емес. Ұсынарың бар ма?
- Атың шықпаса жер өрте!
Атақ жалғыз қалды. Ар да тастап кетті мұны. Тек өзімен-өзі. Айналшықтап отыра алмады ма, Алматының сондай әсем тұман қаласына еніп кетті. Тағы сол жер, сол көше. Айналасына ұзақ қарады. Ішінен «ер мен ер, қыз бен қыз» деп, қайталай берді. ... тапты...
- Мақтаншақ, Мақтаншақ! Есікті аш! Мен ғой Атақ.
- Түнделетіп не істеп жүрсің? Тыныштық па?!
- Қара, мынаны қарашы.
- ... Тамаша! Мақтауға тұрарлық.
Мақтаныш өзінің аузынан шығып жатқан сөзге ойланып та үлгерген жоқ. Қалай бар, солай айта салды.
- Сенің осылай деріңді біліп едім. Жүр Даңқ көкемізге барып көрсетіп қайтайық. Қолына ұстаған қағазы бар екеуі шығып кетті.
- Жаман емес. Жақсы. Тіпті тамаша! Бәрекелді! Даңқ өзінің қалай асқақ сөйлегенін аңғармай қалды.
- Рахмет. Қолымнан келгені осы.
- Атақ жүріңдер Жағымпаздың үйіне барайық. Мұны адамдарға көрсету керек. жо...жоқ. Белгілі біреулерге ғана. Тек жағымпаздың көмегі керек болар.
Үшеуі қаланың көшесінде ұшып келе жатыр. Үлкен бір жеңістің туын көтеріп, еліне сүйінші айтуға асығып келе жатқан батырлардай.
- Дүк...дүк...
- Ел жатқанда жатпаған бұл қайсың?
- Біз. Жағымпаз, есікті аш.
- Тыныштық па? Сендердің мына түрлерің не?
- Сұрама. Бәрін айтып береміз, мүмкін ішке кірерміз.
Үш басты айдаһардың төртінші басы бірікті. Атақтың қолында суретке қарап ұзақ тұрған Жағымпаз:
- ХХІ ғасырдың туындысы. Керемет! Сонымен, менен қандай көмек керек?
- Біреулердің тілін табу керек.
- Қазақтардың ба?
- Барынша тездетіп. Бәлкім, осы таңнан қалдырмассың.
- Қиындау. Бірақ, жан пида сендер үшін. Айтпақтай, Мәртебе қайда? Оған неге хабарласпадыңдар. Мына туындының бағасын беретін.
- Ол ертең таңмен бұл суретке өз қолымен мәртебе беретін болады. Оны әзірше мазаламай қоя тұралық.
Таңның қылаң бере бастаған уақыты. Көздері қызарып кеткен төрт дос, терезеден үйге сұқтана кірген күн сәулесінен оянып кетті. У-шу. Оразаларын да ашпастан бірден біреулердің сарайына тартып кетті.
- Достар, сендер мына суретті алып бара беріңдер. Мен бір жерге барып келейін, – деп, Атақ қара есігі бар үйді бағытқа алып жүріп кетті.
Таңмен кіргендіктен бе, ауласы тыныш, іші де мүлгіп жатты. Түпкі есікті теуіп кіргісі келді-ақ. Бірақ, ақшасын алған соң болмаса.
- Ә, келдің бе?!
- Ақшаңды дайындай бер. Ұзын қара үстелдің үстіне үлкен кескін қағазды тастай салып, мұрнының ұшымен «көр» дегендей ым жасады.
- Великолепно! Браво! Это же... дей беріп еді, көк жәшіктен Мәртебе сөз сөйлеп тұр.
«Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан, өркениеттің шегіне жеткен жандармыз. Өткеннің түсінігін, ойларын, айтқандарын санадан сызып тастайтын кез келді. Біздің ғасыр – еркіндік ғасыры. Мына қолымдағы туынды – шедевр осы ғасырдың нағыз өнері. Өнердің биік шыңы. Құрметті қазақтар, Құрманғазының сүйегі шіріп кеткелі қашан. Мені көріп отырған болсаңыздар, дау-дамай жасаудың қажеті жоқ. Орыстар Пушкинді қорладың деп жатқан жоқ қой. Орыстан үйрену керек. Біз артта қалып қойдық. Алға серпілу керек. Бұл туындының авторы – Атақ! Осы суретті ала отырып, бүгінгі қоғамдағы ең ірі өнер туындысы деген мәртебе бердім».
Атақтың бетінен шөлпілдетіп тұрып сүйіп жатқан бастықта ес жоқ. Қуаныштан жарылайын деп тұр.
- Құрметті Атақ мырза! Сізге алғысымды айта отырып, бізбен бірге жұмыс істеуге шақырамын.
Алғашқыдай емес, дауыс тоны мен жүзі өзгеріп кеткен бастық Атақтың қолын сүйе берді. Атақтың жүрегіне атақтың желі тола берді.
Таңғы таза ауамен тыныстап, Алатаудың бөктерінен жүгіріп келе жатқан Ар көше бойындағы шуласып жатқан адамдар тобырын көріп сол тұсқа бет алды. Аялдаманың жарнама тақтайшасында ілініп тұрған суретті көрген кезде, бетіне біреу шоқ басып алғандай тітіркеніп кетті. Кешегі күйші бабасы Құрманғазының орыс ақынымен сүйісіп тұрған көрген Ар ұяттан жерге кіріп кетті. Жалғыздың үні шықпасын білсе де, барды.
- Мыналарың қай масқара! Көзін құртыңдар мына жарнаманың! Тез!
- Мына қағазды алып мына жерден тайып тұрыңыз. Қара есіктің бастығы ұстатқан қағазды алып Ар сабасына түсті. Мәртебе айтқан сөздер. Сол қалпында осында хатқа түскен. Соңында осыны қолдап деп қол қойғандар: Мәртебе, Мақтаншақ, Жағымпаз, Даңқ және өзінің досы Атақ. Ұзын саны 20 болатын біраз қазақтар мен орыстардың есімі қатар жүр. Қолдағандар: осы өнерді қорғағандардың куәлігі екен бұл қағаз. Салы суға кеткен Ардың жауырынан қағатын адам болмады. Ашуын қолына ұстап алды да, үйіне кетті.
- Таңертең сенің көк жәшіктен кенет шыға қалған сәтіңді көріп қуанып кеттім, Мәртебе.
- Ә-ә-ә... бұл енді парыз ғой.
...Дүк-дүк-дүк...
- Көршілер ғой. Сазайын беріп келейін, сендер отыра беріңдер. Мақтаншақ орнына қисалаңдап тұрып, есікті ашты.
- Әй, көрш... Үй, сен кімсің?
- Былай тұр.
Есікті жұлқа кірген Ар:
- Ей, Атақ! Атағың өшкір. Мынауың сенің қай ісің. Осынша төмен болар ма едің, сен...
- Тарт тіліңді! Ар, сен менің жақын досым едің, енді емес. Мыналар міне менің нағыз достарым. Мені қолдау керек кезде қайда болдың?
- Атақ мынау кім?
- Ар деген досым.
- Атақ, халық алдында жазалысың. Кеш болмай тұрып кешірім сұра.
- Айналайын Ар, сүйегі баяғыда шіріп кеткен атаң үшін сен қайғырма.
- Даңқ! Сен үндеме. Сенің әкең менің әкемнің алдында басын иіп тұрып сәлем берген. Жетесіз неме, тартып туар жөнің бар еді ғой. Даңқта үн жоқ. Ешкім үндемеді. Арды танымаған кейіп танытқанымен, әкелері бұларға жас тайынан «арлы болыңдар» деп тәлім айтқан. Тіпті, Ардың әкесі бұлардың әкелеріне батасын да берген. Әрқайсысы әкелерін аяды ма екен сөйлеуге қысылды.
- Атақ! Отбасың мен ошағың үшін жасаған жақсылығың осы болса жетіскен екенсің. Құрманғазы мен Пушкиннің кім екенін білесің бе өзі?!
- Сен маған олай ақыл үйретпе. Екеуін мен атақты қылған. Мен болмасам, оларды сендер атақты деп таныр ма едіңдер, жоқ танымақ түгілі кім екенін де біле алмай кетер едіңдер ғой. Алғыс айт қайта!
- Алғысым қарғыс болсын!
...Тыныштық. Сағат тықылынан басқа ештеңе жоқ. Бірақ, үстел үстінде шөлмектің қалдықтары бар. Шегілген темекілер...
Әбден масайып қалған жігіт орнынан тұрып, сағатына қарады. Ішкі жан дүниесіндегі арпалыстың арбауынан енді құтылған ол, айналасына үрке үңіліп барып, терезесінен далаға үңілді.
Сол баяғы Алматы. Сондай әсем тұман қала. Көшенің арғы бетіндегі аялдаманың жарнама тақтайшасында сүйісіп тұрған екеу тұр. Көшенің қилысындағы көк бағанадағы жазуды жігіт ежіктеп оқыды:
«Құрманғазы мен Пушкин көшесі...»
©Марғұлан АҚАН