Армысың, көктем, аңсадық көптен!

Бір ағам айтушы еді, "қазақ әндері Шәмшімен бірге өлген" деп. Біз қаншалықты жас, жаңашыл болсақ та ХХ ғасырда жазылған әндерді әлі де сүйіп тыңдаймыз. Біз ғана емес, бүкіл қазақ халқы солай шығар. Сол үшін де біздің елде ретро ән-кештері үлкен аншлагпен өтеді, сол үшін де ондай концерттер де көп. Алайда, маған сол әндерді біресе бір әнші, біресе басқа әнші айтып жүргені ұнамайды. Кавер нұсқаны түпнұсқадан керемет орындау екінің бірінің қолынан келмейді. Сол себепті қазір ретро әндердің құны кетіп бара жатқандай көрінеді... Мысалы, Бибігүл Төлегенова орындаған «Көктем вальсін» басқа ешкім дәл солай орындай алмайтын сияқты. Жалпы осы «Көктем вальсін» алайықшы, музыкасынан бастап, сөздеріне назар аударсаңыздар үлкен профессионалдылықпен жазылған.

«Көк жібек жамылып,
Бәйшешек тағынып,
Келді көктем.
Жұпардай самалы,
Тербетіп даланы,
Сүйді беттен.
Жан-жағың жыр тамаша,
Тояр ма көз, қараса!
Торғын көк – тұңғиық
Тұр ғой нұр құйып,
Тоймайды көз қараса!» - адамды ғажап бір сезімге елтіп, өмірге ғашық етеді.

Сол кездердің танымал авторлары Сейдолла Бәйтереков, Әсет Бейсеуов, Тұманбай Молдағалиев, Талғат Сарыбаевтың әндері тұнған позитив әндер ғой, шіркін!

«Елестеттің көктемді гүл ашқан
Көздеріңе ғашықпын нұр шашқан
Алыстарға жетеле, еремін
Сені ғана бақыт деп сенемін, еркем!

Арманымдай алдағы
Ақ шуақтай таңдағы
Аялай бер арманым, аялай бер
Сандуғаштар жырлаған
Көктемдерге бір барам
Шақырады біздерді көгорай бел».

Ал екі ғашықтың жырын жырлаған, сезіміне сезім қосқан, көктемгі лирикалық «Ақ тілек» әнін білмейтін қазақ кемде-кем:

«Көктем қандай шырайлы, шұғылалы
Мың құлпырып қызғалдақ құбылады
Бақытты жан екеуміз бар әлемде
Ешкім сырын білмейді мұның әлі

Таң қаламын келбетіңе, қараймын да
Ғарыштағы сәулелерден нәр алдың ба
Сүйем сені, сүйем сені, сүйем сені
Оттай ыстық жүрегіммен ар алдында».

Осындай керемет дүниелерді өмірге әкелген ақындар мен сазгерлер неден шабыт алған деймін де... Бүгін махаббат осылай жырлануға тұрмай ма? Бүгін сезім осылай әдемі жеткізілуге құқылы емес пе? Неге біз музыкаға елтіп, көктем вальсін билемейміз, неге жырламаймыз?

Бүгін мен Бибігүл апамен бірге ән айтқым келеді, Роза апаммен көктемге аттанғым келеді, бүгін мен ғашықтар жырын жырлағым келеді...



Бөлісу: