Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?
блог
Жайдары жаздың жаймашуақ күндерінің бірі болатын. Көше бойы ығы-жығы адам. Жұмыстан үйлеріне асыққандар мен қол ұстасқан ғашықтар, балмұздақ жеп мәз болған балалар. Көліктер легі де толастамай, кешкі кептеліс мезгілі.
Жұмыстан кейін сергіп қайтайын деп, жаяу жүрмек болдым. Алматының салқын самал есіп, Күні сәулесін шашатын осындай ауа-райын жақсы көремін. Құдды серуенге арналғандай.
Аялдамаға жетіп, автобусты күтіп тұрғанымда, 6-7 жасар баласы мен піскен кукуруз сатып отырған анасына көзім түсті. Каникулда анасына көмекші болып жүрген шығар деп топшыладым.
Неге екенін білмеймін, солар тұрған жаққа қарай бердім. Көптен бері кукуруз сатып алмаппыз, алу керек еді деген ойымды әлгі баланың сөзі бұзды.
- Анашым, ал бүгін көп сата алмадық, иә? Адамдар кукуруз жегісі келмейтін шығар?!
Анасы қатты шаршаған ба екен, әлде баласының көңілін бұзғысы келмеді ме, ымдай салды.
Адамдарды бақылауды жақсы көретін жаман әдетім, баланың әрбір ісін аңдумен болды. Бірер минуттан соң, қымбат көлік аяңдап келіп тоқтап, бірнеше кукуруз алып кете барды. Көліктен көзін алмаған бала, кете салысымен, "Анашым, білесіз бе, өскенде менде де осындай машина болады. Сосын Сіз ешқашан кукуруз сатпайсыз! Папам екеуіңізді асыраймын. Негізі мен Алматының әкімі болғым келеді. Тек ол үшін сабақты жақсы оқуым керек! Иә?!" деді.
Анасы бейкүнә бала арманын қолдағандай, "Иә, балам" деп жауап берді.
Сол мезетте қарсы алдымда отырған сатушы әйелдің қандай сезімде болғанын білмеймін, бірақ сол бір кішкентай азаматқа іші-бауырым жылып, асқақ арманының орындалуына іштей тілек білдірдім.
Құрметті арулар, мерекелеріңіз құтты болсын! Қазақта қыз балаға тілейтін ең керемет тілек: "Бағың жансын!" деп есептеймін, сондықтан, бақтарыңызда Бақыт құсы сайрап, езулеріңізден күлкі кетпесін!
Мерекеге байланысты осы апта "Әлемнің ашылмаған сырлары" айдарында жазба жарияланбайды.