"Арманыңа жетелеймін.."

"Арманыңа жетелеймін.."
жеке
блог

«Арманыңа жетелеймін...»

Жаным...Мен сені сағындым..Осы хатқа өзіңе деген мөлтілдеген сезімімнен шыққан тұңғиық сырымды тағы да ақтарсам деп жазып отырмын..

 Осы бетке орындалмаған арманымды қалдырсам деймін. Өмірімде жүрегімнің қалаулысы бар. Ол - сенсің. Өзіңді әрбір сәтте күтіп, әрбір демімде ойлап жүремін десем сенерсің бе?... Сезімді сөзбен жеткізу қандай қиын еді... Өкінішке орай, оны жалпақ тілмен жеткізе алмаспын да... Жүзіңе қарап, күлсең, қатты қуанамын, мұңайсаң, қайғы-мұңыңа әрқашан да ортақ болып келгенімді білсең ғой... «Арманыңа жетелеймін..»... Иә, дәл осылай айтқаныңда жан әлеміме үміт отын жаққан едің. Өзіңе жазып жатқан соңғы хатымды естелікке толтыра бастағаным көңіліңді көншітпеген болар? Қайтейін... Жүрегімнің үнімен қаламым тербеліп жатса керек... Білемісің?...

Жиі-жиі ойға батып, өткен күндерді еске алып, терезе алдында отырып, алыс шалғайға қарауды да әдетке айналдырдым. Жаңбырдың терезе әйнегіне тие шытырлап, тырсылдай жауғаны, күн күркіреуі өзіңнің қатал да ашулы, тәкаппар да ержүрек мінезіңді есіме салады. Ал күн жарқырай, кемпірқосық күлімдей шықса нұрлы бейнең көзіме үнемі елестейді де тұрады...

 

Қолдау көрсетіп, әрдайым жанымда болғаныңды ойласам, жаным белгісіз, жұмбақ, бір тұңғиық сезімге бөленетіндей...

Кіршіксіз махаббат сезіміне бөлеткен де өзің боларсың. Өмірдің ақ-қарасын ажырата алмағанымда, ұядан қанат қағып ұша алмай жатқан құс балапанындай болғанымда қолдау көрсетіп, тіреу болған да сен болғансың.

 

 Ізеттілігіңе, ықылас-ниетіңе, ізгілігіңе... Ана қатал мінезіңе қарамастан нәзік те, мамықтай жұмсақ көңіліңе шексіз ризамын... Мен үшін ештеңе жасай алмадым-ау деп қам жеме... Керісінше аппақ қардай болған көңіліме із қалдырғаның мен үшін асқар таудан биік шыңдай естелік болмақ...

 

Өзіңнен қайғылы хабар алғанымда әр түнім ұзақ та, қасіретке толы іспетті  өтетін... Сене алған емеспін... Қалайша?!...  Көкейіңнен, күлімсіреген жүзіңнен, ай астындағы сырласқан түндерімізден нәр алған шағымда... Қойным қуаныш пен бақытқа толы шағымда... Ашылмай тұрған райхан гүлінің қауызындай болған кезімде... Аяқ-асты мұңды саз шер тартқандай болды... Бәрі сенен келген хабардан болатын... Әр таңымның мұңмен басталғаны үйреншікті болып кеткенін де байқамадым...

«Хабарласпай кеткенің, дұрыс болды. Көңілі, салқын судай салқындасын деген шығарсың. Оңашада қаймығып, ән тыңдасын деген шығарсың. Менен басқа өмірді де, есіне алсын деген шығарсың. Егіліп жыларсың да,басыларсың деген шығарсың. Май айында басынан күз өткерсін деген шығарсың. Сүйетіні шын болса, іздеп келерсің деген шығарсың. Мейрамда да қуанбай, мұңға батсын деген шығарсың. Сынық жүзден суық мұз сырғанатсын деген шығарсың. Менен әлсіз жанымды күйретейін деген шығарсың. Қаталдыққа осылай үйретейін деген шығарсың. Бәрі де солай болды, жылаймын мен ерісе деп ертерек мұз боп қалмаймын. Бәрі де солай болды. Тек қана іздеп бармаймын. Мен – нәзік гүлмін, сен – құламайтын шынарсың. Бірақ мен шыдаған дауаға сен шыдамайтын шығарсың» - деген Күләш Ахметованың жырындағы дәл осы жолдары маған арналып жазылғандай...

Келеңсіз хабардан кейін де, жүрегімде үміт оты өшер емес! Себебі, жүрегім тек сен деп соғады... Сондықтан да болар жаңғырық болып қалған даусыңды да, жүзіңді де әлі күнге дейін ұмытқан емеспін. Қаймықпаймын...Мәңгіге, мәңгіге сыйлаған кіршіксіз махаббатыңды жүрегімде сақтаймын... Тек оралшы!!! Қайта келші!!! Арманыңа жетелеймін... 

(Д-ға...)