«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға..»
Мұхтар Шаханов
Оқу орнын таңдауда еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, іргелі білім беру ордасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдадым.Себебі, бұл оқу орны сапалы әрі жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру мақсатындағы еліміздегі жоғарғы оқу орындарының бірегейі.
Осылайша,талай түлектің арманына айналған ҚазҰУ-да оқу мүмкіндігі бұйырды. Шынында да, арман боларлықтай атына заты сай әсем қалашық менің жүрегімді бірден жаулап алды. Өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың ордасы екені тайға таңба басқандай.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші классикалық университеті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – білім мен ғылымның ұлттық көшбасшысы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – кәсіби білігі мен білімі үндескен мамандар ордасы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әрбір талапкердің арманы.
Сонымен қатар, ҚазҰУ қалашығы тек көрікті мекен ғана емес, еліміздегі жалғыз әлемдік деңгейдегі студенттік кампус. Оның аумағында мәдени маңыздағы – бірегей музей экспонаттары, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, ең ірі спорттық кешен мен стадион орналасқан. Кез келген жанды жазда жасыл кілем жамылғандай жадыратса, қыс болса, қара жердің бетін басқан аққұба ару сияқты үлпілдеген ақ ұлпа қар айналаға сән бергендей.
Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны, ТМД елдері арасындағы студенттерді өнердің кәусар бұлағымен сусындату мақсатындағы бірегей кешен.
Университет мұражайлары, ғылыми-зерттеу орталықтары студент-жастарды рухани құндылықтардың қалыптасуына, өткенге құрметпен қарап, сүйе білуге, қазақ халқы мен өзгелердің де мәдени мұраларын сақтап, ардақтай білуді тәрбиелеуге ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы – Қазақстандағы ең көне, ең ірі жоғарғы оқу орындары кітапханаларының бірі. Кітапхана қорында 2 млн – нан астам басылым бар.Жыл сайын 50 – 60 мың жаңа басылымдармен толықтырылады.
300 орынды жастар интернет орталығы, салауатты өмір салтын сақтауға арналған спорт кешені студенттер үшін қызмет етеді.
Сонымен қатар, студенттерге қызмет көрсету орталығы университеттің әрбір мүшесі үшін заманауи құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілген орталық.
Ғылыми – техникалық паркі – ғылыми – техникалық салада кәсіпкерлікті ұйымдастыру мақсатында жұмыс істейді. Оған профессорлар, жас мамандар, ғалымдар қатыса алады.
Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті осы 80 жыл ішінде талай асулардан, күрделі кезеңдер мен қилы жолдардан өтті. Осы жылдар ішінде мың-мыңдаған қазақстандық жастар білім алды, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Ел аузындағы кеше мен бүгінгі айтулы ғалымдарымыз өздерінің ұлттық тарих, экономика мен мәдениетке қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды.
Мен ҚазҰУ-мен мақтанамын, тіпті халыққа танымал болып жүрген азаматтарды біздің түлегімз деп естігенде, көңілім көтеріліп, бір марқайып қаламын. Әлемдік дәрежедегі білім мен спорт сайыстарында топ жарып жүрген ҚазҰУ студенттері сол аға буынның жалғасы шығар, талай саңлақтарды қанаттандырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті менің де болашағыма айқын жол көрсетеді деген үміттемін.Осы оқу орнына түсу арқылы арманымның алтын тұғырына шықтым деп айта аламын.
Қазақ еліне білімнің «қарашаңырағы» атанып, білім беру саласындағы көшбасшылық орнын қашанда да биіктен түсірмей,мерейің үстем,болшағың жарқын бола берсін- ҚазҰУ!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің
Механика-математика факультетінің
2-курс студенті
Саметова Айгерім Айдарқызы