Арманымдағы университет
“Білім - инемен құдық қазғандай”
Бала күнгі арманымның қазіргі күні орындалатынын кім білген?!
Шіркін, сол күні емтиханнан жоғары балл жинаған кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізіу мүмкін емес... Өзімнің арманыма, сүйікті оқу орныма түсуіме жақындағандай болдым. Ата- анама арманымдағы оқу орны ҚазҰУ деп ылғи айтатынмын. Түрлі кедергілер мен қиындықтардан соң түбінде Алланың қалауымен ҚазҰУ университетінің студенті болдым. Расында да, мен армандағандай атына заты лайықты әсем қалашық менің жүрегімді жаулап алды.
Бұл оқу орнының тарихы тереңнен бастау алады. Айтулы жетістіктерімен әлемдік аренада өзінің орнын көрсете алған, халықаралық байланыстарды дамытқан бірден бір университет. Байқағаным, бұнда студентке барлық жағдай жасалған: қалашықтың ішіндегі жатақханалар мен ректордың ұсынатын қосымша шәкіртақылары; ізденушіге зерттеу жұмысын жүргізуге берілген мүмкіндіктер; академиялық ұтқырлық саясатымен,түрлі бағдарламалармен шетелдік университеттерде оқу және тәжірибе алмасу мүмкіндіктері сөзіме дәлел. АҚШ,Корея,Түркіменстан,Қытай мемлекеттерінің студенттерімен бір кафедрада оқып, басқа мәдениет өкілдерімен достасып, пікір алмасу біз үшін үлкен тәжірибе.
Ғылымға,білімге ден қойған әр студент үшін біздің кітапхананың орны бөлек. Бұл жерден білімімізді толықтыруға, кәсіби дамуымызға керектіні табамыз. Мықты маман болып, адам болып қалыптасу жолында университетіміздің берері өте көп. Студенттің ықыласпен оқып, көңілге түйіп, білім алуы баста назарда.
Студенттік кез, әсіресе университет қабырғасында өткен кездер адам өміріндегі ең керемет, қызығы мол кезең екенін ұқтым. Себебі қазір 2 курсты әлемдегі ахуалға байланысты онлайн оқуға тура келді . Бірақ сондағы өткен 1 жылым менің өмірімді түбегейлі өзгертті деуге болады. 1 курста оқып жүргенде университетіммен танысу үрдісім иненің жасауындай ғана сөздерден басталды. Үйренген жерден жырақта, жаңа ортада қалай етпек керек деген сұрақтар мен қорқыныш басым болды. Алайда,уақыт өте келе біздің қалашыққа өз үйімдей сиысып кеттім. Бұлай бауыр басуымның себебі факультетіміздің оқытушылары мен қатарлас достарым болды. Ұстаздарымыздың берген білімі мен қолдауы мені өз жолыма бағыттады. Таңдаған жолда біліміме деген нық сеніммен , мамандығыма деген асқан махаббатпен алға басуыма әлі де септігін тигізіп келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті- біліммен сусындатқан, адамгершілік пен ізгіліктің мекені, білімге теңіз болып тасыған университет. Күш – білімде болса, сол күшті бізге дарытатын тұлға – ұстаз. Еліміздегі індет кезінде біздің ұстаздардың ерен еңбегіне куә болдым. Қашықтықтан оқыту әу баста қорқынышты көрінетін, ал қазір толық білім алудың мүмкін екенін көріп отырмыз. Біздің Филология және әлем тілдері факультеті, Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының Гүлмира Баянжанқызы бастаған ұжымның, Мәншүк Құдайбергенқызы мен Жанна Жалайырқызының еңбегін атап өткім келеді. Жылы жүзді апайларымыздың біз үшін ,студенттер үшін білім алу процесінің жоғары деңгейде өтуін және студентттерге пайдалы болуын қадағалап жүргенін көремін. Ұстаздарымыз әр түрлі платформалар мен қосымшалар арқылы, сабақ берудің түрлі тәсілдері мен техникаларын қолданып әр сабақты қызықты өткізеді. Экран алдындағы өткен сабақтардың өнімді бола алатынын көрдім, сол үшін де әр оқытушыға алғысым шексіз. Осы алған білімімді, алдағы уақытта да сүт бетінде жүрген қаймақтай іріктеп, көкке көтеремін.