«Арманым-Қазақ елін шет елдерге әйгілі ету»

«Арманым-Қазақ елін шет елдерге әйгілі ету»

   Жуырда Ақтөбе қаласында облыс  әкімдігінің қолдауымен  өткен «Бақытты бала» байқауы өз мәресіне жетіп, жұлдызы жанған жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Бойында талант тұныған небір өнер әлемінің дарабоздарын бір арнаға тоғыстырған бұл байқау биыл үшінші рет өткізіліп отыр. «Бақытты баланың» жарқын жеңісі бұл жолы тараздық  он үш жастағы Айлун Заушеваға бұйырды. Байқаудан кейін Айлунның өзімен тікелей байланысқа шығып, айтулы жетістігімен құттықтаған болатынбыз. Сондай-ақ ол бізге берген сұқбатында байқаудан кейінгі әсерімен бөлісіп, келешектегі асқақ армандары туралы әңгімелеп берді. 


Айлун ЗАУШЕВА

«Бақытты бала»  байқауының 

жеңімпазы:

 


    Аталмыш байқауға Айлун жарты жылға жуық уақыт аралығында дайындалған. Ең алғашқы әңгімеміз оның байқаудан кейінгі сезімі мен алған әсері турасында өрбіді:

 -Шынымен де өте қатты қуаныштымын! Бұл байқаудан жеңіп шығу-менің арманым, мақсатым болған. Сол мақсатыма жеттім. Байқаудан алған әсерім тамаша. «Бақытты бала» байқауы өмірімдегі ең ауқымды, ең көңілді, есте қаларлық байқаулардың бірі болмақ. Әрдайым бұл байқауды жүрегімде сақтап жүремін. «Бақытты бала» маған көңілді болып жүруді, ешқашан берілмеуді, әрқашан мықты болуды үйретті. Байқау маған көп дүниені сыйлай алды деп айтсам болады. Осы сәтті пайдаланып Тараз қалалық мәдениет үйіне алғысымды білдіргім келеді. Әсіресе, Мәриям Төлеубек, Бақдәулет Төлегенов ағайға, музыкант ағайларға, Жанар апайға, жалпы ұжымның жұмысына көп рақмет! Себебі, олар менің байқауға сақадай сай болып баруыма, әнді лайықты деңгейде орындауыма өз үлестерін қосты. 


Байқауда Ресей, Украина, Әзербайжан, Польша, Грекия елдерінен келген қатысушылар да бағын сынап көрді. Байқаудың өтетіні туралы ақпарат ең алғаш әртүрлі әлеуметтік желілерде жарияланған. 

-Байқау жайлы инстаграм әлеуметтік желісінен көрдім. Себебі, «Бақытты бала» байқауын 2018 жылы бастау алғаннан бері бақылап келе жатырмын. Анам байқаудың хабарландыруын желіден көріп қалып, біз қатты қуандық. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек деген қағиданы ұстандық. Өтінім жібердік, біршама уақыттан кейін өткеніміз жайлы хат келді. Біз өте қатты қуандық. Әрі қарай ән таңдап, конкурсқа дайындала бастадық. Байқауға дайындықты ең бірінші болып репертуар таңдаудан бастадық. Қай ән жүрегіме жақын екенін ескере отырып анаммен және ұстазыммен ақылдастық. Сонымен мен байқауда «Ізін көрем» және «Never enough» әндерін алып шықтым. 


Сұқбат алдында біз Айлунның байқау сахнасында асқақтата орындаған «Ізін көрем» әнін тамашаладық. Бұл жоғары көрсеткіш! Тамаша нәтиже! Бұлбұл үні мен ғажап үйлесім тапқан дауысының бояуы арқылы көрермен қауымның назарына іліккен Айлун әнді таңдауға кім көмектескені жайында және не себепті дәл осы композицияға таңдауы түскені туралы баяндап берді:

-Көп рақмет! Біз байқауға өтінім тастаған кезде Абай Құнанбаевтың  «Мен бір жұмбақ адаммын» және «Never enough» әнін жіберген болатынбыз. Алайда репертуар ауысуы мүмкін деген хабарландыруды естігенде анам мен ұстазым үшеуміз ойласа отырып шешім қабылдадық. Дауыстың бар мүмкіндігін ашып көрсететін ән ретінде «Ізін көрем» және «Never enough»  әнін таңдадық.

     «Ізін көрем» әні-мен үшін орны ерекше ән. Мен алғаш сахнаға шыққан кезде құт  алып келген, үлкен мүмкіндіктер сыйлаған ән деп айтсам болады. 

Ал екінші орындаған әнім  махаббат тақырыбына арналған. Әрине, әннің сөзін түсініп айтқан жақсы. Бірақ, мен ән арқылы көрермендерге мотивация жеткізгім келді. 


Айлун «Бақытты бала» байқауынан бөлек 2020 жылы өткізілген «Мен де жұлдыз боламын»,  «Атадан мұра» байқауларының гран-при иегері. «Балалар Евровидениесі-2020» халықаралық ән додасының елімізде өткен ұлттық іріктеуінде жартылай финалист атанған өнерлі ару. Сондай-ақ «Бала дауысы-2016» байқауының лауреаты. Биыл «Балалар Евровидениесін» көзі қарақты көрермен асыға күтуде. Халықаралық масштабтағы байқаудың басталуына бірнеше айдың жүзі қалды. Әлемдік жұлдыздардың халыққа жарқ етіп  танылуына себепші болған бұл байқауға еліміздің атынан осы жолы Айлун қатысуы мүмкін бе деген сауал туындады. Егер байқауда ел намысын Айлун қорғауы туралы ұсыныс келіп түссе ол қандай бағыттағы әндерді шырқайды? Осы жөнінде Айлунның өзіне сауал тастадық:

-Әрине, неліктен екінші рет бағымды сынап көрмеске?!  Расымен де  байқаудың басталуына бірнеше айдың жүзі қалыпты. Еліміздің атынан бұл байқауға қатысқым келеді. Менің арманым-Қазақ елін шет елдерге әйгілі ету. Димаш ағамыз секілді халқыма қалаулы әнші болу. Сондықтан егер ұсыныс келіп жатса бас тартпаймын. Мен патриоттық бағыттағы әндерді жақсы көремін. Патриоттық бағыттағы ән болсын, көңілді әндер болсын барлығын айта беремін. Себебі, әнді орындап шығуыма дауысымның мүмкіндігі бар.


Айлун бос уақытында спорт түрімен айналысқанды жақсы көреді. Салауатты өмір салтын ұстануды жөн көретін Айлун валейбол ойнағанды жаны сүйеді екен.  Сондай-ақ фортепиано аспабында ойнайтын талантына көз жеткіздік. Байқаудан байқауға шапқылап жүру, арасында дайындықтарда жүру өнер адамдары үшін қиындық әкелетіні мәлім. Айлунның оқу үлгерімі қалай? Қандай сабақтарды оқыған  ұнайды? 

-Кейде сабағыма әсерін тигізетін жағдайлар болады. Бірақ, өнер жолындағы адам әнін де, сабағын да қатар алып жүру керек. Барлығына үлгеруге тырысамын. Маған ұнайтын, жаныма жақын пәндер-орыс тілі, ағылшын  тілі. Сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұнайды. 


Байқаудан кейін жеңімпаздың күнделікті өмірі белсенді түрде өзгеріп, алдына жаңа биіктерді бағындыруды жоспарлайтыны анық.  Айлун әрі қарай да шығармашлығын жалғастырып, қарім-қабілетін шыңдағысы келеді...

-Байқаудан кейінгі жоспарларым өте көп. Бір байқаудан жеңгеннен кейін тоқтап қалмаймыз ғой. Ары қарай өзіміздің арманымызды орындау үшін еңбек етуге тиіспіз. Бұйырса «Голос дети», «Балалар Евровидениесі» байқауына баруды жоспарлап отырмын.  


Айлун бүкіл өмірін өнермен байланыстырған, айналадағы адамдарға қамқорлық таныта білетін мейірімді жүрек иесі. Дәстүрді әрі қарай жалғап, сұқбатымыздың соңында оқырмандарымызға айтар ақ тілегін сұрауды ұмытпадық.

-Ешқашан да ауырмаңыздар, денсаулықтарыңыз мықты болсын! Көңілді жүріңіздер. Аты жаман індет ғаламшардан түгелдей жойылса екен. Барлығымыз баяғы тіршілігімізге оралсақ деген ізгі тілегім бар. Сіздерге көп рақмет! Барлығыңызға сәттілік! Жұмыстарыңызға шығармашылық табыстар тілейміз!


Сұқбаттасқан:    Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

 

 

 

 



Бөлісу: