Арманы асқақ, талабы таудай Раяна

Арманы асқақ, талабы таудай Раяна
жеке
блог

Қазіргі уақытта киноға түсемін, жұлдыз боламын деген бала үшін кастингтер өте көп. Бойында таланты мен талабы, қарым-қабілеті мен қайсарлығы ұштасқан бала үшін қашан да мүмкіндіктер алаңы ашық. Дәл осындай шексіз мүмкіндіктерді пайдаланып, өз  мансабын жастайынан құрып келе жатқан талантты балалар жетерлік. Солардың бірі сонау Кентаудан Алматыға кастингтер үшін көшіп келген, талабы таудай дарын иесі-Раяна Дәулет. Раянаның инстаграм парақшасын тауып алдық. Парақшасын анасы Лола апай жүргізіп, қадағалап отырады екен. Бірден анасымен байланысқа шығып, арнайы «Ұлан» үшін сұқбат алғымыз келетінін айтқанда қуанышын жасырмады. Себебі, Раяна осы уақытқа дейін тек телеарналарға сұқбат берген. Ал бұл басылым беттеріне беріп отырған алғашқы сұқбаты екен. Сұқбат барысында ата-анасының баласы үшін бар жағдайды жасағаны, көрсеткен қолдауы туралы тыңдап риза болдық! Әрбір ата-ана баласының ойымен санасып, жетістікке жету жолында 100% қолдау көрсете білсе талантты, білімді балалар көбейер еді деген ізгі ой келді...


Раяна ДӘУЛЕТ

жас актриса


Раяна жас та болса киноиндустрияда жарқ етіп көзге түскен, біршама киноларда басты рөлдердің бірін сомдаған дарынды бала. Сұқбатымыздың алғашқы сұрағы танысудан басталды. Раяна өзі жайлы оқырмандарымызға баяндап берді:

-Мен Кентау қаласының тумасымын, жасым онда. Бес жасқа дейін осында өстім. Өзімнен кейінгі Арайлым есімді бір бауырым бар. Арайлым енді ғана киноларға түсіп келе жатыр. Қазіргі таңда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылында орналасқан Ушинский атындағы мектептің қазақ сыныбында оқимын. Төртінші сыныпқа көштім. Кино саласына келгеніме төрт жыл болды, алты жасымда ең алғашқы киноға түстім. 


Раяна небәрі алты жасында кино саласына қадам басты. Қарап отырсақ, бұл болашақ кино жұлдызы үшін үлкен жетістік. Бұл салаға кімнің ықпалымен келгені жайлы сұрадық. Осы сәтте сұқбатқа анасы Лола апай қосылды:

-Біз Раяна киноға келгенге дейін Кентауда екі бөлмелі үйде тұратынбыз. Екі бөлмеде де «Балапан» телеарнасы қосылып тұратын. Таңның атысы, күннің батысы сол телеарнадан өзге телеарнаға ауыстырмай, бағдарламаларын жиі қарайтын. Мультфильмдер мен телехикаялардың қайталауын көріп отырып кейіпкерлердің іс-қимылын, эмоциясын жаттап алатын. Осының арқасында Раянаның тілі таза қазақша шықты. Анашым, әкешім, бағдаршам сынды сөздерді жаттап алып айтып жүретін еді. Раяна бес жасқа келгенде «Анашым, мен дайынмын. «Балапан» арнасына киноға түсемін»,-деп шешім қабылдады. Бір ай көлемінде бұл қалай болар екен деп ойландық. Кентауда «Балапан» арнасы жоқ. Біз арнаны Алматы қаласында орналасқан деп ойладық. Соңында Раяна үшін Алматы қаласына көшіп келеміз деп шешім қабылдадық. Мұнда біз пәтер жалдап тұрдық. Өзім дүкенде жұмыс істедім, ал әкесі «Pepsi» компаниясына жүргізуші болып жұмысқа тұрды. Бір жылдай біз ешқандай кастингті таппадық, себебі қалаға үйренісіп кетуімізге біраз уақыт қажет болды. Кішкентай қаладан келгеннен кейін Алматы бізге өте үлкен  болып көрінді. Раянаның бұл салаға келуіне «Балапан» арнасы тікелей ықпалын тигізді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, Раянаның арт директоры Гүлжайна Гарифуллина бізге кастингтер туралы хабарлап отырады, сол кісінің  қолдауының арқасы деп білеміз.

 

Баланың бойындағы қабілетін уақытында байқап, кәсіби тұрғыда өсіп жетілуіне ата-ананың қосар рөлі орасан зор. Жетелейтін ата-ана болса келешекте бүкіл әлемді бағындыратын небір талант иелері өседі, биіктен көрінеді. Раянаның актрисалық қабілетін анасы алғашында мүлдем байқамаған. Бірақ, қызының таңдауын құрметтеп, шығармашылық жолында дамуына қолдан келгенін жасады:

-Шынымды айтсам, мен Раянаның актрисалық қабілетін мүлдем байқамағанмын. Барлығы өз қызығушылығынан туындады. Киноға түсем деген соң кастингтерге алып бардым.  Режиссер Марина Кунарова: «Егер сіз осы бетіңізден таймай, қызыңызды кастингтерге алып бара берсеңіз бүкіл әлемге танымал актриса болуға мүмкіндігі бар»,- деді. Мен Кентау қаласында мұғалім болып қызмет атқаратынмын. Раяна үшін осында көшіп келдік. Аллаға шүкір, қазір Қырғауылды деп аталатын жерде үйіміз бар. Алматыға келгенімізге бес жыл болды. Еңбектің арқасында төрт жылға жетпей үйлі болдық. Күніне он бес сағаттап жұмыс істедік. Раяна үй алып, жер салуымызға өз табысынан үлесін қосты. 


Кез келген жетістік кіші қадамдардан басталады. Бұл сөзімізге Раянаның шығармашылық жолы дәлел. Кино саласындағы алғашқы қадамдары кішігірім әлеуметтік, жарнамалық роликтерден басталған Раянаны алда әлемдік масштабта көрсетілетін фильм күтіп тұрды. Кейіпкеріміздің алғашқы кастингы қалай өткендігі жөнінде және қандай режиссерлардың шақыртуымен қатысқаны туралы анасы Лола апай айтып берген болатын. Сонымен қатар, Раянаның бағындырған белестері туралы жіпке тізгендей баяндап берді:

-Алматыға келгелі бір жыл уақыт өткен  соң  Раянаны ең бірінші кастингке алып бардым. Екі рет массовка ретінде әлеуметтік роликке түсті. Үшіншісінде кастинг директоры Марина Сулейменова сол роликке  басты рөлге шақырды. Ең алғашқы кино саласындағы қадамы осы. Бір аптада үш әлеуметтік роликке түсті. Осыдан кейін Гүлжайна Гарифуллинаның кастингіне бардық, бірақ оларға бала қажет емес екен. Алайда бізді базасына алып қойды. Осының арқасында «Ұлы дала зары» фильміне бізді ең соңғы күні кастингке шақырды. Режиссер Марина Кунарова, продюсер Ернар Маликов болатын. 

Раяна: Мен фильмде Күнайдың рөлін сомдадым. Бұл фильм Суықсай деген ауылда түсірілді. Ауа райы өте суық болды. Анасы қызын қасқырға қалдырып кеткен сахнасы фильмде бірнеше секундқа созылғанымен оны бір күн бойы түсірдік. Шыны керек, өте ауыр сахна болды. Сырттан қарап тұрған анам жылап,  уайымдап тұрды. Фильмнен кейін қатты суықтап ауырып қалдым. Продюсерлер емделіп шығуыма қаржылай көмектесті. Дәл осы фильм барысында бірнеше кастингтен ұсыныстар келіп түсті. «Күй ғұмыр» атты сериалдың кастингіне бардық. Барлық сериалдарда басты кейіпкердің қызының рөлін сомдадым. «Хабар» арнасының «Ғашықтар» атты сериалында басты кейіпкердің бала кезін ойнадым. 2018 жылы «Дара бала» атанып, журналист Дана Нұржігіт «Балапан» телеарнасында марапаттады. Ең үлкен жобаларымыздың бірі-«Ұлы дала зары» фильмі. Көптеген шет мемлекеттерде көрсетілді, сондай-ақ «Оскардың» лонг листіне ілінді. Лос-Анджелесте, Голливудта көрсетілді. Сол кезде бізге шет елден түрлі хаттар келіп түсті. Солардың бірі Лос-Анджелестен  бізден сұқбат алу жөнінде ұсыныс келіп түсті. Қатты қобалжыдық, себебі біз ағылшынша білмейміз. Алайда MG production сұқбатты ұйымдастырып берді. Арасында жарнамалық роликтерден шақырту келіп түсті. Қазіргі уақытта Раяна КТК арнасының «Волонтеры» сериалында Шолпан есімді қыздың рөлін сомдап жатырмын.

   

Түсірілімдер мен сабақты қатар алып жүру оңай емес. Әсіресе мектепке жаңа қадам аттаған балалар үшін қиындық тудыратыны рас. Раянаның өзінен сабақ үлгерімі жайлы сұрап білдік:

-Әрине, қиынға соғады. Бірақ анам екеуміз көбіне түсірілімдерге қатысуға демалыс күндерге келісеміз. Тіпті «Бала боп» бағдарламасын түсіру үшін Нұр-Сұлтанға айына екі рет баруымыз керек болды. Сонда біз жұма күні кешкісін астанаға жолға шығып, сенбі күні бағдарламаны түсіріп, жексенбі күні қайта келетінбіз. Сабақтан барынша қалмауға тырысамын. 


Байқап қарасақ кейбір бағдарламаларда кішкентай актрисамен бірге оның анасы да кадрда бой көрсететін кездер орын алады. Мұндай оқиғалар Раянаның анасының да басынан өткен екен:

 -2019 жылы «Балапан» телеарнасы жүргізушілікке кастингке шақырды. Сонымен Раяна екеуміз «Бала боп» бағдарламасын бірге жүргіздік. Раянаны кастингтерге алып барғанда, сыртта күтіп отырғанда кейде анасы ретінде осы рөлді ойнап бересіз бе деп ұсынысын  айтады. Әрине, мен келісімімді беремін. 


Раянадан сұқбат соңына таяған кезде болашақта кім болғысы келетінін сұрадық. Жас талант болашағын журналист немесе актриса ретінде елестетеді екен. Кино әлемінде Дәурен Серғазин ағасы ойнаған барлық фильмдерді қызығып қарайды. Раяна «ұландық» достарына ешнәрседен қорықпай,  тек алға қойған мақсаттарына қарай ұмтылу керектігін айтып кеңес берді.

    Біз Раянаның болашағы айқын, жұлдызы жарқын боларына тілеулеспіз!

 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

("Ұлан" газеті. №30, 27 шілде, 2021 жыл)