Арманға қарай...

Наурыз айының соңы...Шытырман оқиғаға толы студенттік өмірдің бір күні сабақтан сұранып Торғын, Асылай үшеуміз кітапханаға бет алдық. Көңіл сыйса - бәрі сыйадыға басып мініп алған лық толы көліктің кітапханаға бармайтынын "Нұрсая" мөлтек ауданынан асқанда бір-ақ білдік. Кінәлі - өзіміз! Күннің аптап ыстығына қарамастан ары қарай жаяу тарттық. Жолшыбай мәдениет, әдебиет тақырыптарын тілге тиек етіп, саясаттың ауылына да барып қайттық. Әңгімеміз енді қыза бергенде белгісіз мөлтек аудандағы балалар алаңынан бір шығыппыз. Бір қызығы, Торғын екеуміз жаяу жүрсек болғаны әткеншекке кезігеміз де жүреміз. Бұл жолы да әдетімізге басып, балалық шақтың базарлығына жайғаса кеттік. Әр тербелген сайын арманымның аспанына төбем екі елі жетпей тұрғандай көрінеді маған. Асылдың "Қыздар, сендерді де студент дейді-ау. Бұрын-соңды әткеншек көрмегендей...кітапхана қайда қалды?", - деген дауысы еміс-еміс естіледі. "Босқа тұрмай қане, көмектесіп жібер. Нағыз келіп қалған екенбіз, биігірек ұшайық", -  деп өтінген едік ол "Ал, жарайды. Болмадыңдар ғой. Тек соңғы рет болсын. Үйге қайтамыз" деп итеріп кеп жібергенде анау жерде мен мұндалап тұрған ұшақты көзім шалды. Бұрын соңды аспан көлігін мұнша жақыннан көрмеппін. Қол созғым кеп кетті. Сол кезде өз-өзіммен терең сыр бөлістім. "Неліктен соншалықты таңырқап отыр екем?...белгісіз сезім толқынында тербеліп..."Мені арманға қарай алып ұшшыыы" деп аайқайлағым кеп тұрғанын-ай. Мендегі биік мақсаттарды бәз-біреулер пенделік сандыраққа теңейтін шығар...мейлі, дей берсін! "Сенің арманыңдағыдай өмір сүрмейтіндердің кеңесін тыңдама" деген ғой білгіштер. Ал арман дегенің қарапайым болушы ма еді?!...Алыстағы нәрсеге ұмтылып кімде-кім биіктейді емес пе?! Кім не десе де, не ойласа да, мендік арман үшін ешкімнен кешірім сұрауға тиіс емеспін! Көк қағаздар мен көкелерге тіреліп тұрған дүниенің несі арман?! Өз күшіңмен бағындырған белестің дәмі тәттірек емес пе?! Қазір оқып, білім алудан басқа маған тіреліп тұрған шаруа жоқ. Сондықтан тырысуым керек...мойымай, қажымай тырысуым керек", - деп ойға шомған күйімді Торғынның "Анау ұшақ шығысқа бет алды ма?" деген сұрағы бұзды. Сыртымнан сәл жымидым да іштей "Білмеймін, Торғын, білмеймін...әйтеуір арманға қарай ұшты" деп түйіндедім. Кеш батыпты...Әбден жаурап қалған Асылай Торғын екеумізді зорға дегенде әткеншектен түсіріп, қайтар жолдағы аялдамаға беттедік. Көліктің артқы жағындағы бос орынға жайғасқан күйі "Сол арманға жетуге қанша қалды екен?", - деп ұялы телефонымдағы сүйікті әуенді қосып алып тағы да ұзақ ойға шомдым...



Бөлісу: