Сәлем, массагет! Міне, бүгін тағы да бір таң атты! Жаңа апта! Жаңа күн! Мақсатқа жетуге кезекті мүмкіндік! Ия, мақсатқа жетуге... ойлап жүрген арман-тілегімізді іске асыруға...
Негізі, ғалымдардың есептеуі бойынша, адам миының 100% ының тек 4 %-ы ғана қалыпты түрде жұмыс істейді, - деген дерек бар. «Сонда қалған 96 %-ы оқырманы табылмай, сөреде шаң басып жатқан кітаптардай шаң басқан кейіпте ме?»- деген зілді сауал туындайды. Барынша ойым мен санамды, білімім мен рухани аямды, ауқымымды кеңейту мақсатында мен бүгіннен бастап өзіме кедергі келтіретін, уақытымның көп бөлігін алатын заттармен қоштасуды жөн көрдім!
Оның алғашқысы, әрине, бүгінгі қоғамның ең басты індеті, сонымен қатар өзінің мол пайдасын да тигізіп жатқан алып күш - әлеуметтік желілер. ВКонтакте, Instagram, Whatsapp желілерімен бірден қоштасқанды жөн көрдім. Бұдан былай, сол желілерге жұмсайтын уақытымды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындыққа арнайтын боламын! Осылайша, пайдасыз істерге қор болатұғын уақытымды арманым мен мақсатымның жолында жұмсаймын.
Екіншіден, жүйелі түрде салауатты өмір салтын дағдыға келтірер боламын! Таза ауада серуендеу, спорттық жаттығуларды уақытымен жасап тұру сынды денсаулыққа да, ағзаға да пайдалы іс-әрекеттермен шұғылданбаққа бел будым.
Үшіншіден, аз ғана уақыттың ішінде қайта-қайта кіріп, жазбаларын оқи бергім келетін, қоғамдық сананың жаңғыруына септігін тигізіп жүрген, жастар арасында беделі мен маңызы жоғары, «жазам» деген баланың бетінен қақпай, белін буатын сүйікті сайтым, бүгінгі күнде күнделігіме айналып отырған массагетіме аптасына, кем дегенде, 3 жазба шығарып отыратын боламын!
Төртіншіден, ұлы, адамзаттың Абайы айтқан:
- Күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айына бір рет өз-өзіңнен есеп ал, - мына сөздерді негізге ала отырып, өз-өзімнен жиі есеп алып тұруға шешім шығардым.
Мақсат деген – маңайына жуыту үшін марқайтар іс-әрекет күтетін сағым жұлдыз! Сол жұлдызға қол жеткізгің келсе, ӨЗІҢДІ ОЯТ! ЖІГЕРІҢДІ ҚАМШЫЛА! ЖАЛҚАУЛЫҚТЫ ЖЕҢ! ТІПТІ, ЕШТЕҢКЕ ЖАСАҒЫҢ КЕЛМЕСЕ, ӨЗІҢДІ МӘЖБҮРЛЕ!
Назарыңызға рахмет!