"Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу", - деп әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби айтып өткендей білімді болу үшін, адам баласы үнемі ізденісте, талпыныста болу керек. Білімді, жан-жақты дамыған, ізденімпаз,заман талабына сай, бәсекеге қабілетті еліміздің ертеңгі болашағы болған көптеген жастар арман қуалап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп жатады . Университет білім іздеп келген жастардың жүрегін өзінің әсемдігімен, дарынды жастарға берер мол мүмкіндіктерімен тез-ақ жаулап алады. Міне, нағыз ғылым іздейтін, жаңалық ашуға бағытталған алғашқы қадамдар осы тұста басталады... Университеттегі алғашқы күндерден-ақ таңдауымыздың дұрыстығына, мақсатқа жетудегі бағытымыздың айқындығына көз жеткізуге болады.. Мұнда өз ісінің білікті мамандары мен кәсіби шебер ұстаздар дәріс береді. Олардың ерен еңбегі мен қажырлы қайратының арқасында студенттердің толыққанды білім алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар мұнда білім іздеген кез келген шәкіртте барлық жағдайлар жасалған, университетте миллиондаған кітап қоры бар "әл-Фараби" кітапханасы бар. Мұнда абонемент және жылы оқу залдарымен қатар, конференция залдары, электронды бөлім жұмыс істейді. Жабдықтардың барлығы заманауи талаптарға сай келеді. Мұнда келген студент компьютер арқылы іздеген кітабының бар жоқтығын бірнеше минутта ғана тексеріп алуына болады. Керек кітапты іздеп көп уақыт жоғалтпайды. Іздеген кітап қолжетімді болып шығады. Сондай-ақ, университет тарихына көз жүгіртер болсақ, ол тереңде жатыр және қазірге дейін құндылығын жоғалтпай келеді... Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы қалады, содан бастап еліміздегі білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау - көзі болды. Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ біздерге алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын білім және ғылым ордасы. Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар қызмет атқарады: профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері еңбек етеді. Осындай ұстаздардан білім алған шәкірттердің көзі қарақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, болашағы жарқын болары анық. Бұл үшін университеттегі студенттердің барлығы дерлік аянбай еңбек етіп, біліктіліктерін арттыруға бар күш-жігерлерін салып, үнемі ізденіс жолында жұр. Біз осындай мүмкіндіктерді бос жібермей, еліміздің ертеңі үшін алдымыздағы үлкен белестерді бағындырып, мақсатқа жету жолында қанатымыз талмай, сеніммен тек алға қадам жасаймыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілері факультеті Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының доценті, ф.ғ.к П.Т Медетбекова "Шет тілі: екі шет тілі" мамандығының 1курс магистранты Ж.Е Әлмахан