Арман жетегінде...
блог
Армандарын мақсат етіп алға ұмтылған көп жеткіншек белестерді бағытқа алып, жолға аттанды. Алыс жолдың сынақтарынан өтіп, кедергілерінен сүрінбей келе жатқан өрендер мәреге де жақындап қалды. Армандарының жетегінде небір асуларды бағындырып келе жатқан жастардың көрінер биігі алыс емес. Ал мен келе жатқан соқпақ жолда нендей кедергі кездесіп, қандай жетістікке қол жеткіздім?
Мақсаттарыңнын орындалуы мен жетістіктерге жете беру бір құмарлық секілді екен. Жоғары көтерілген сайын жеңімпаз болуға деген құштарлық адамның бар санасын билеп төстейді. Неғұрлым құштарлығың артқан сайын тағы да шыңға қарай өрмелей түсу оңайлыққа түседі. Дәл бір ойын іспеттес. Қызық емес пе?
Сол секілді бір құштарлықтың билеуімен менің де мақсаттарым оңай әрі тез орындалып келе жатқан секілді көрінеді де тұрады. Мақсат етіп қойған кішігірім істерім болашақ таудай армандарымның іргетасы сияқтанады. Сондағы менің алдыма қойған қандай ісім соңына жетіп, орындалып жатыр?
Алдыңғы қатарға қойып, негізгі көздегенім кәріс тілі еді. Байқау басталғалы құр отырмай Корей мәдени орталығына барып, алғашқылардың бірі болып тіл курстарына жазылдым. Ерекше ықыласпен үйреніп жатқандықтан ба, барлығын тез ақ түсініп, меңгеріп алдым. Осымен бітті, барлығын білемін десем үлкен қателік болар. Сондықтан да одан әрі жалғастыра беремін.
"Абай жолы" роман-эпопеясын оқуды мақсатымның бірі еткен едім. Бір қызығы, осы кітапты іздеу барысында қолыма баспадан 1987 жылы шыққан нұсқасы түсті. Парақтары сарғыл тартып, түптері ажырай бастаған кітапты көне ғасырға түскендей күй кешіп, ерекше ықыласпен оқыдым. Оқыған сайын кітаптың тұңғиығына бата бердім.
"Шегінерге жол жоқ, артымызда - Мәскеу"- демекші, қазіргі жоғары сынып оқушылары арасында бұл сөз - "Шегінерге жол жоқ, артымызда - ҰБТ"- деп өзгерген. Жыл сайын көпшілікті сары уайымға салатын мемлекеттік емтиханның ауылы да алыс емес. Сол емтиханға аз да болсын дайындалып қалу мақсатында бірнеше пәндерге дайындалып үлгердім. Соның ішінде аса қызығушылықпен оқыған пәнім Қазақстан тарихы болды. Тура бір ертегі оқып отырғандай әсер алып, ескі заман құпияларын оқыған кімге болсын қызық болары анық.
Ал сіздің қандай мақсаттарыңыз орыналды?