Арман атты қамал салдым

Арман атты қамал салдым
жеке
блог

Арман атты қамал салдым, құмнан бірақ

Қиял, сезім, бақыт пен сыннан құрап.

Әдемі бір қамал боп (-лып) шыға келді

Ойламаппын қалар деп ертең құлап.

 

Қамалым бола кетті тым әдемі

Ашылды сұлулықтың бір әлемі.

Әттең-ай тастан емес қабырғасы,

Құмның да болады екен көп әлегі.

 

Самал кеп сипап өтті терезесін,

Байқап тұрмын бұлардың ерегесін.

Бір кезде дауыл келіп талқан қылып,

Жермен жексен етті бар керегесін.

 

Құлшынысым бар құмды жиды-дағы,

Сала кетті ерінбей үйді тағы.

Қайталап сұлу қамал тұрғызғанда,

Шайып кетті нөсерім құйды-дағы.

 

Нөсер өтті, ашылды көк аспаным,

Табиғаттың күшінен еш саспадым.

Одан бетер өрледі құлшынысым,

Одан биікі екі есе үй бастадым.

 

Аспан ашық, жел де жоқ, кереметті!

Арманыма ел қарап елең етті.

Су мен желден күш алған қамал шіркін.

Одан әрі тамырын терең етті.

 

Жүзеге асырған соң ойда барын,

Жаман ой мен ниетке бойламадым.

Қанша уақыт тер төккен қамалымды

Адам таптап кетер деп ойламадым.

 

Үгітілді арман мен қиялдарым,

Үгіндісін бұл жолы жия алмадым.

Тағы қамал болар деп бұдан сұлу,

Өзімді-өзім сендіріп, жиі алдадым.

 

Сала алмадым, сынықты жия алмадым

Мен жеңілдім, бұл жолы, ұялмадым.

Арманым адастырып қашып кетті

Ауаға араласып қиялдарым.

 

Мені аяп, түсініп қарады аспан,

Жел де тынды, арманға араласқан.

Қажырлық пен қайраттық кетіп қалды

Тұрғыза алмай арманды адам басқан.