Арман - адам қанаты

Арман - адам қанаты
жеке
блог

Армансыз адам – қанатсыз бұлбұл. Ия, мына өмірде армансыз адам жоқ шығар, сірә? Арман – әр адамның қиялы мен қалауынан туған биік шың. Ол адаммен бірге өзгеріп отыратын өміріміздегі ынталандырушы күш. Арман – қиялдың жетегінде кеткен орындалмас нәрсе деп ойласақ, қатты қателескеніміз. «Чемпион жаттығу залдарында пайда болмайды. Адамның ішіндегі құлшыныс, арман, мақсат чемпионды тудырады», –  деген әлемді мойындатқан былғары қолғап шебері – Мұхаммед Әли. Мақсатымыз айқын болса, арманымыз орындалады.

Менің де алдыма қойған мақсаттарым, қиялымда тамырын кеңге жайған асқақ арманым бар. Ол арманым – жаһандық аренада танымал қазақ журналист болу. Дүние жүзі журналистерінің ең ірі бірлестігі, яғни, Халықаралық Журналистер Федерациясының мүшесі болып, қазақ еліндегі журналистика саласының беделін әлемдік деңгейдегі елдермен теңесуіне өз үлесімді қосу. Бұл ой маған ғайыптан, не болмаса, ата-анамның қалауынан келген жоқ. Қазіргі жүректегі «журналист боламын» деген жалын оты бала кезімде тұтанып, жана алмай сөніп қалған болатын. Сөйтіп, мұғалім боламын деп біраз уақыт жүрдім. Дегенмен де, жүрегім тулап, шабытым шарықтап, өлең жазуымды тоқтатпадым...Тоқтай алмадым. Мектеп қабырғасында жыр сайыстарына қатысып, аппақ парағымды өлеңге толтырып, қаламымды ұштадым. Осылайша, 6-сыныптан кейін дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатына емтихан тапсырдым (қазіргі «Білім–Инновация» лицейі). Бағым жанып, бұл оқу ордасына да түстім. Осында білім алып жүрген кезімде де мектепшілік, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларына белсене қатысып, шығармашылығымды одан әрі шыңдай бердім. Мектеп өмірі қызықты да пайдалы болды. Екі аптада бір рет елімізге танымал тұлғалармен «Кешкі кездесу» атты ашық сұхбат кеші өтетін. Бір күні аталмыш кешке халықаралық журналист Әуесбайдың Қанаты келген болатын. Сол бір кездесуден кейін сан жылдар бұрын жүрегімдегі сөнген жалынның қайта тұтанған жайы бар. Содан бері шағын мақалалар жаза бастадым. Осылай мақала жазып отырғанымда, сырлас досым келіп жаныма отырды да, мақаламды оқыды. Сөйтіп, жаңағы мақаламды газеттерге ұсынуға кеңес берді. Мен де досымның кеңесін жерге тастамай, жазылған мақаланы «Жамбыл–Тараз» облыстық қоғамдық-саяси апталық газетіне жібердім. Қуанышыма орай, бас редакторға мақалам ұнап, газеттің келесі басылымына жарияланды. Бұл мені одан сайын ынталандырды. Мен журналистика саласындағы алғашқы қадамымды осылай жасаған едім. «...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап...» деп талмай еңбектеніп, қажырлы жұмыс жасап, бойымдағы шығармашылық қабілеттерімді дамытып жатырмын. Үстіміздегі оқу жылында оқитын әдеби кітаптардың тізімін құрап, кітаппен бұдан да жақын дос боламын деп шештім. Былтырғы жылдан бастап мектебімдегі «Журналистика» клубының белсенді мүшесі болдым. Қазір сол клубты өзім басқарамын.

Менің арманым – менің болашағым. Бұйыртса, болашақта өз ісімнің шебері болып, өз саламның Эверестіне табан тіреп тұратын күнге де жетемін деген үміттемін. Ғабиден Мұстафин: «...арман деген көп белес. Біріне шықсаң, бірі бар» – демекші, армандарымыз таусылмасын, қиялдағы армандармыз өмірде өз орнын тауып, діттеген мақсаттарымыз орындала берсін!  

Дәрмен Оңалбаев

                                                                                  Тараз «Білім-Инновация» мектеп-интернаты