Арман
блог
Шынымен де, Адамға Алланың берген ерекше қасиеті — армандай білу. Ал, нені, қалай армандайсың — ол әр адамның өз өресіне, өзіне деген сеніміне байланысты. Асыл арман дейміз, ас-қақ арман дейміз, күпіршілік жасап, арасында орындалмас арман деп те қоямыз. «Арманың орындалсын», — деп тілек айтамыз.
Жақсы ғой, бірақ та сол асыл арман құрғырлар, өз санатыңнан құлшыныс білдірмесең, сол алдамшы арман күйінде қала бермей ме? Және де сенің арманыңа сенім білдірген етене жақының болса, тіпті құба-құп. Ал өрімтал шағыңда асыл арманыңды заңғар таудай көретін ұстазыңа жайып салғаныңда, ол дүйім жұрт алдында кекесін білдірсе ше?..
Сонау жетпісінші жылдары болған сол жағдайды осы жақында ғана туған бауырым Әжматтың өз аузынан естідім. Бауырым бала кезден елгезек те сезімтал, арманшыл болатын. Үйдің кенжесі болғандықтан біздер өзімізді ересек санап, оның қиялдарына күле қарайтынбыз. Ол бірде ауылдың шаңын көкке көтере, дабылын ышқына қағып, құйғытып өткен өрт сөндіру көлігін көргенде, қызыл бешпет киініп, дулыға-сы күнге шағылысқан өрт сөндіруші болғысы келетін. Қара қабының түбі қағылғанша күн ұзақ ұзақкөпірдің үстінде шекілдеуік сатып отыратын қайысқан қара шалды айналсоқтап, ақысыз-пұлсыз шекілдеуікке қарқ болғысы келген кезінде, өскенде мен де шекілдеуік сатамын деп те айтып қоятын. Ал қашан, неліктен осындай шешімге келгенін кім білсін, күндердің-күнінде бауырым әскери офицер болуға нық бел буды да, содан соң сол алған бетінен еш қайтпады.