Арқаттан ескен керімсал (немесе «Арманымның бейнесі» жөнінде бірер сөз)

Арқаттан ескен керімсал (немесе «Арманымның бейнесі» жөнінде бірер сөз)
жеке
блог

Мен Қалқаман Сарин есімімен кейінгі жылдары елге кеңінен танылған, қазіргі тілмен айтқанда «хит» әндер, атап айтқанда «Жібек сезім», «Алланың бары-ақиқат», «Алтыным-ау», «Күзгі бақ» арқылы таныстым. «Жаным» мен «таңымды» ұйқастырған әндерді көп есіткесін бе, мұның сөздері жұп-жұмыр, кедір-бұдыры жоқ екені бірден сезіліп тұрды. «Жүрекке жылы тиіп» бөлекше әсерге бөледі. Ән мен сөз үйлесімі осы болса керек. Иә, Қалқаман қазақ эстрадасына поэзия әкелді. Ән мәтіндерін жазып жүріп поэзиясын жоғалтқан ақындар көп қой.

Енді, мені, ақын өлеңдерінің дәрежесі қандай екен деген ой мазалай бастады. Әртүрлі сайттарды ақтарып өлеңдерін оқи бастадым. Орнықты жазылған жанды жырлармен қауыштым. Бірақ, бұл бірді-екілі туындымен ақынның бағасын анықтауға болмас. Поэзия тұтастықпен өлшенеді. Сондықтан, толық қарымын танытатын шығармалар жинағымен таныссам деп жүретінмін. Жақында қолыма  «Арманымның бейнесі» атты жыр жинағы түсті. Парақтай бастадым,  тілі жеңіл, мұңы мен сыры терең ақын мені иіріміне тарта бастады. Шынайы жазылғандықтан болар бір деммен оқып шықтым.

Бұл жинақ, Аллаға айтылар мадақтан басталып, ар-ұят, иман, адамгершілік, махаббат, туған ауыл, ел мен жер тақырыптағы жырлармен, оған қоса аударма өлеңдерімен топтастырылыпты. Соның ішінде ақынның табиғат пен ішкі үндестігін шебер жеткізе білетіндігіне тәнті боласың. Не жазса да жеріне жеткізуге тырысады. Өрнекті өлең жан-дүниеңе қозғау салады. Қалқаман өлеңдерін оқи отырып, сен де суреттелген жайларды бірге сезінесің, бірге қуанып бірге қайғырасың. Ақын өлеңдерінің жалпыға ортақ сипаты осында жатса керек. Ол суреттеген сезімдер біздің бәріміз басымыздан өткізген, өткізетін дүниелер. Ең бастысы – ақын өлеңдерінде осының бәрі қарапайым көрініс табады, төгіліп тұрған өлеңге айналады, ойыңды, сезіміңді қытықтап, көкейіңдегіні дәл басады. Бұл сөзімізді, көрнекті сыншы В.Белинскийдің: «Ақын қанша талантты болса, оның поэзиясының жалпы халықтық мазмұны жоғары болса, оның жазуы да соғұрлым қарапайым болады. Әркім-ақ: «Мен нағып осылай жазбадым?» деп ойлайды. Өйткені, оның өлеңі адам қызығарлық: қарапайым әрі оқуға жеңіл», – деген ойымен түйіндесек болады.  Байқағыштық, сезімталдық, ұқсата білу – ақынның басты ерекшелігі болу керек. Меніңше, ақынның қарапайым жұрттан бар артықшылығы да осы. Осы тұрғыдан келгенде Қалқаман қаламынан туған  өлеңдер өзінің ішкі үйлесімдігінен бөлек, тұнық ойға ақындық қуат қосылғанын байқатады. Мысалы, «Күзгі көрініс» өлеңін тұтас оқып көрелік:
Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.
Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе  үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде,
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.
Жас талдың аптыққан жел  есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.
Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк  те үзеді ,–
Бозбауыр бала бұлттар боздап   тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.
Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, аппақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
…Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.
Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. …Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз…
(«Арманымның бейнесі», 61 бет).
Осы өлеңдегі суреттер күзгі бақтың көрі­нісін, қозғалыстың барын сездірген жанды құбылысты, адам өмірін  түгелдей көз алдыңнан өткізеді. «Құлайды жапырақтар құба талдан, Күрең күз құдіретіне тағзым етіп» – бұл сөзімізге дәлел бола алады. Алланың бұйрығымен құлаған жапырақты күрең күзге тағзым еткізуі де Қалқаман жасаған соны бейне десек артық айтқандық емес. Ақындық байқағыштық, ұқсата білу  дегеніміз осы болса керек. Сонымен  қатар, мезгілдің сұрқай көрінісі мен адамның мұңы, көңіл-күйі үндесіп, параллель өрбіп отыруы – ақынның шеберлігі. Немесе,
Арқаның аңғал  ақ самалы есіп,
Жаз дәурен келді бақшама көшіп.
Мөлдір бұлақтар шолпысын тағып,
Балғын құрақтар сәт санап өсіп… – осы өлеңнің бір шумағында, «Әуелеп алыс аққу ұшады, Ақша бұлттардан ту жасап алып» дегенінде де жанды қозғар сұлу сурет келеді көзге. Ақындық дүниетанымында Қалқаман  махаббат пен табиғатқа егіз құбылыс ретінде қарайды. Ой мен сезімді табиғаттың әсем көріністерінен алады. Өз сезімін соған балама етіп ұсынады. Өмірге, ғаламға, шексіз құштар ақынның, шынайы көңілі ылғи тазалыққа, нәзіктікке, сұлулыққа іңкәр. Ол әр өлеңінен байқалып тұрады.Мысалы:

Сары түсті сағыныштан  Күз моншақ,
Тағып алып тағы келді бізді аңсап.
…Көздеріңді тұрды менен жасырып,
Кірпіктерің қызғаншақ – дейді.
Немесе, Қызыл іңір. Барады Күн қанталап.
Қыр астынан келеді Ай түнді   арқалап…
Қанталап Күн батқасын, Айдың түнді арқалап шығуы да нанымды бейне. Әдемі жеткізген. Тағы бір өлеңінде:
Қызарып барып кірпігін Күн де жапты әрең,
Жарық жалғанмен қоштасып үнсіз   жатты әлем.
Жұлдызды аспанды жанарына алған    сыйдырып,
Айға ұқсап туған арманым, неткен, әппақ ең! – дейді кейіпкеріне. Тұнған сурет!!! Әр тармағын жеке-жеке талдап көрсетуге болады. Немесе,
Жадыраған жаздың да күйі осал тым,
Мезгілі өтті. Құс жүдеу, ұя салқын.
…Күздің жырын жазады бір Құдірет,
Бір ғажайып қаламмен сиясы алтын, – ия, күзді Құдіреттің алтын сиясының туындысы деу де шынайы, әдемі образ. Образдық жүйесінің байлығы, сөйлеу, айту мәнерінің еркіндігі, үннің музыкалық, ұйқастық жымдасуы Қалқаман жырларында жарасымдық табады. Оның өлеңдеріне жазылған әндердің  жастар арасында кең тарауы да, өлең жолдарының әнге, музыкаға сұранып тұратынын анық мойындатады. Жырларындағы  саздылықтың сыры да осында болса керек.

Тұңғиықтан тұйық сыр қашап алып,
Құлазиды көңілім қоса налып.
Менің таудай мұңымды көтере   алмай,
Қара түннің кетеді шашы ағарып – депті ақын бір өлеңінде. Ол қандай мұң сонда. Әрине, әр ақынның басынан кешетін, күнде көретін көрінісі. Қара түн…Жұлдыздармен сырласып өлең жазып отырған ақын, шабытың шамырқанғанда таңның атқанында байқамай қаласың. Түннің қара шашының ағаруы- таңның қылаңдап атуы емес пе.  Бірақ, дәл осыны Қалқамандай жеткізген кім бар. Немесе, осы бір ойды «Менің мұңым» өлеңімен сабақтап көрсек:
Менің мұңым, менің мұңым – мөлдір мұң,
(Мұңсыз өмір сүре алмаймын мен бір күн).
Түнгі аспаннан тұнық іздеп көз алмай,
Қарап жатып қанша жұлдыз сөндірдім – (Сонда, 104-бет) дейді. Міне, жоғарыда айтылған сөздің айғағы да, дерегі де осыдан шығып тұр. Өзі айтпақшы:
Қап-қара түн.
Тылсым түннен тағатын тапқан   ақын.
Қиял тербеп кетеді аспанға ұшып,
Айдың нұры аймалап ақ қанатын.
Жанды көзі,
Ақынның аспанға ұқсас бар мінезі.
Биіктікті, сүйеді ол кеңістікті,
Жұлдыздармен жарасып жалғыз өзі.
Ақындықтың өр күшін, түн тынышты­ғындағы шаттығын қалай дәл айтқан. Әсірелеу деп те ойларсыз. Шындап қарасаңыз түк те әсірелеу жоқ. Т. Молдағалиевтің «Мен өлеңім арқылы жұлдыздардың, Арасында жүремін бір қарап қой» – дегенімен үндесіп, үйлесіп тұрғандай. «Поэзия – жүректің сөзі. Бір жүректен шыққан шымыр сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла сезімнің бұлықсып бас көтеруіне түрткі болады» – деп Сағат Әшімбаев айтпақшы, жүректегі сезімді оятқан өлең, тегін болмаса керек. Өлеңнің өнегесі сол, ол адамдық сезімді ғана оятып қоймайды, оны адамзаттық асқақ сезімнің дәрежесіне көтереді. Осы тұрғыдан алғанда, Қалқаман өлеңдері қанша жүректі тербетіп, тебірентпеді дейсіз?!

Енді, ақынның, мына, бір өлеңіне назар аударалық:

Көзді арбаған сағым ғұмыр кешіппін,
Көңіліме алды тағы көшіп мұң.
Бақытты етем, – деп жүргенде  өзіңді,
Бақытсыз боп қалғанымды кеш   ұқтым.
Бұйырмаған, бағынбаған асау бақ,
Жанарымда тұрды-дағы жасаурап,
Кетті үзіліп. Сағынышқа айналды.
Сағыныштың мұңы тәтті қашанда-ақ – дейді.
Немесе,Таңсәріден, тым тымырсық,
Мектеп бардық таласа ерте.
Қалтамызда – құрт, ірімшік,
Арқамызда – ала сөмке – деп суреттейді.
Осы ретте В. Г. Белинскийдің «таза ли­рикалық шығарма сурет-картина тәрізді. Алайда ондағы негізгі нәрсе-карти­наның өзі емес, біздің көңілімізде ол туғызған сезім» дегені еске оралады. Образ бен образдылық, яғни, сөздегі сурет пен суреткерлік, бедерлі бейнелік ақынның ой айтудағы негізгі құралы. Поэтикалық образ суреттеліп отырған шындықты көз алдыңа жанды қимыл-қозғалыс арқылы таныс-бейтаныс бейнеге айналдырып, елестететін З. Қабдолов айтқандай «суреттегі сөз немесе сөздегі сурет». Қалқаман ойды жоғарыда да айтқанымыздай образ бен музыкаға орап беруге шебер. Бұл ақындық таланттың жемісі.

Жетістік бар жерде кемшіліктің болуы заңдылық. Шеберлік дегеніміздің өзі – кемістіктердің жойылуы арқылы келетіні тағы да шындық. Өлең сылдыраған сұлу сырлы сөздердің сыртқы ұнасым-ұйқасы ғана емес, ең бастысы ол шым-шымдап туар шымыр ойдың да ішкі ұйқасы, шынайы ұйытқысы. Себебі, ойды ой шақырып, ойды ой қозғайды. Сондықтан, Қалқаманға «Қарауыл. Қара өлең» сынды басына «қара» сөзін тізіп, жазу үшін ғана жазған, жасанды өлеңдерден қашса деген тілек бар. Әрі ақын, «Қуанып қалам қараңғылықтың, Құрсағын жарып жұлдыз аққанда» немесе «…сөнгенін көріп, мендегі жүрек, көріксіздіктен көрік табады» сынды айтыла салған сөздерден аулақ болса, кейбір өлеңдеріндегі орашолақ ұйқастардан арылса, бұдан да мықты таңғажайып туындылар тудыра беретініне сенімім кәміл. Бірақ, бұл тұтастай алып қарағанда жаман дегенді білдірмейді.

«Алағай күн кешіп, толағай мұң кешіп» жүрген ақын, бір өлеңінде: «Баспаның беті – бір ақын, Басқаның бәрі – оқырман. Өлеңді қайдам шығатын, Суреті жақсы отырған» – деп налиды. Бұдан әлжуаз өлеңдерден жерініп, көңілі пәсейгенін әрі ақынның өлең сөзге аса ыждаһаттылықпен, кірпияздықпен қарайтынын аңғаруға болады. Бұл да сөзге деген жауапкершіліктен туындаса керек.
Өкінбен оған, өкінбен,
Арманға жеткен жан бар ма?
Жұлдыздарды еміп жетілген,
Жырларым жетер таңдарға!
Жан мұңын, достым, көтердім,
Тағдырын адам таңдай ма?
…Жазмышты жазып өтермін,
Жазылып қойған маңдайға – деп серт еткен ақын жүректің иесі, оқырманын әманда жалынды, шуақты жырлармен қауыштыра бергей. «Ақынның ақындығы  – атақта емес, ақынның ақындығы – арда ғана» – деп ақиық Мұқағали  Мақатаев айтқандайын, әдебиеттің көкжиегін «сөз қадірін – өз қадірім» деп білетіндер ғана кеңейте алады. Сондықтан, әділетінен таймай, қаламың зауласын, Қалқаман ақын!

2011ж.