Әрқашан шындықты айтудың қажеті бар ма?

Егер біздің әлем тек “ақ пен қарадан”, жақсы мен жаман істерден, адамдардан, сөздерден тұрғанда, бір жағынан, өмір оңайырақ болатын еді. Бірақ, әлбетте, өмірдің қызығы жоғалатын еді. Былай қарасақ, біз күніге шындық пен өтірік тақырыбын қозғаған кезде “сұр реңктерді” де кездестіреміз. Әр адам қаншалықты жиі, кімге және қалай шындық айту керек екенін өзі таңдайды. Кейбір кездерде, ауыз ашпау әлде шындықты бұрмалау ең жақсы шешім болып табылады. Осы блогта мен біраз “шындық айту және айтпау” тақырыбының аспектілерін жан-жақты қарастырамын және “әрқашан шындықты айту керек пе?” деген сұраққа жауап беруге тырысамын. 

Менің ойымша, әр адамға шындық жөніндегі “екіжүзді стандарт” деген ұғым балалық кезден бастап алынған тәрбиемен бірге сіңеді. Яғни, балалық жастан бастап біз “алдауға болмайды және әрқашан тек шындықты айту керек” деген өсиеттерді жиі естиміз. Алайда, біраз өскен соң шын, бірақ реніш сөздерін айтпау керек екендігі аңықталады. Оған қоса, мақсаттарға жету үшін және қоғамға сіңіп кету үшін, қоршаған адамдарға бейімделіп, ақылдырақ болу керек екені айдан анық. Яғни, шындық айту деген дұрыс, бірақ әр жағдайда орынды бола бермейді. Енді осындай “екіжүзді стандартпен” бірге біз үлкен өмірге қадам басамыз. 

Әрқашан шындықты айту керек пе?

Кез келген жағдайда әдейі шындықты айтуды таңдайтын адамдар жиі кездеседі. Бұл олардың өмірлік ұстанымы, олардың басты басымдылығы. Бір жағынан, мұндай адамдар өз-өздерімен жан жарасымдылығында өмір сүреді. Өйткені, олар игілік алу үшін өтірік айтудың ешқандай кінәсін сезбейді. Бірақ, басқа жағынан қарағанда, осылай өмір сүру шынында өте ауыр, тек пікірлестермен бірге жүрмесе. Барлық қоғамның ішінде белгілі бір әлеуметтік шарттар бар және егер сіз сол шарттарды қабыл алмасаңыз, қоғам сізге қарсы болғанына таңғалмаңыз. Менің пікірімше, егер сіз әрқашан және әркімге шындықты айтудың қатты қажеттілігін сезсеңіз, алдын ала өз келешегіңізді дұрыстап ойлап алыңыз. Осылайша, егер ұжданыңыз қатты мазалайтын болса, шындықты таңдаңыз. 


Ал егер бұл шындық сіздікі болмаса?

Шындық өте көп түрлі бола алады. Мысалға, біреуге оның сыртқы түрі жөніндегі шындықты айту тек менің жеке құқығым. Ал, егер досымды басқа біреу алдағанын білсем және досымның ол туралы ешқандай хабары жоқ болса, ол шындық менікі болмайды, әрі оны айтуға құқығым жоқ. Ал егер алдаған адам да маған дос болып жатса, ол кезде жағдай екі есе күрделі болып кетеді. Әрбір адам өмірде бір рет болсын, осындай қиын жағдайға түсетіні рас. Осындай жағдайларда "шындықты айту керек пе", әлде "ауыз ашпау керек пе" деген шешім қабылдау - өте қиын. Менің ойымша, мұндай жағдай болған кезде, аса қажеттілік болмаса араласпаған дұрыс. Менің басты стратегиям – алдаған адамға шындықты айтқызу. Дегенмен, әлі де көптеген маңызды факторларды қарастыру керек. Егер білмегендік адамға қауіп төніп тұратын болса, ол кезде шындықты айтқан жөн. Бірақ айтқаныңыз дұрыс болған кезде де, әрқашан өкпе-ренішке дайын болыңыз. 

Әрқашан шындықты білу қажет пе? 

 Жақын арада менде мынандай сұрақ пайда болды: егер, мен бірден барлық шындықты білетін болсам, өмірім қалай өзгерер еді? Жауабым: мен шыдамай ақылдан адасар едім. Мүмкін, адамзаттың алдауды үйренген себебі – шындықтың ауыртпалығынан қашу. Бұл неліктен? Себебі, шындық кез келген арманды, ықыласты және қайратты оңай бұзатын күшке ие. Осылайша, көптеген адамдар жауабын білуді қаламайтын сұрақтарды қоюдан қашуды таңдайды және осылай өмір сүру оларды бақытты қылады. Яғни, бұл жерде әркім өзін бақытты қылатын өмір сүру жолын іздейді. Сонымен қатар, “әрқашан шындықты айту керек пе?” деген сұраққа әркім өзіне байланысты жауап беру керек. 

Жоғарыда жазылған пікірлер тек менікі ғана және сіздердің пікірлеріңізден өзгеше болуы мүмкін. 
Оқығандарыңызға үлкен алғыс!



Бөлісу: