АРГЕНТИНА мен НИГЕРИЯ тағы да бір топқа түсті

Әлемдік футболдың көптеген ығай мен сығайлары қатысқан жеребе тарту рәсімі келесі жылғы әлемдік турнирдің күнтізбесін анықтады да тастады. "Соқыр жеребе" тағы да Аргентина мен Нигерияны бір топқа тоғыстырды. Бұл екеуі соңғы 24 жыл ішінде бесінші рет бір топқа түсіп отыр. Өзі, Нигерия бұған дейін Әлем Чемпионатына бар-жоғы бес рет қана қатысқан құрама. Соның төртеуінде Аргентинамен тайталасқан... Бұл топта тағы да Хорватия мен турнир дебютанты Исландия бар. Оңай топ емес. Хорваттар мен исландиялықтар ЕУРО-2016 бәсекесіндегідей ойнай алса, Месси және оның ұжымына біраз тер төгуге тура келеді. Нигерия да оңай жан бере салатын құрама емес. Әлем чемпионы атану үшін соңғы рет әрекет жасайтын Мессидің бұл топтағы аяқ алысын тамашалауға асығып отырған жайымыз бар.

Бұл жолғы чемпионатта нағыз "өлім тобы" жоқ. Оның себебін бәсекеге Италия, Голландия, Чили, АҚШ секілді құрамалардың қатыса алмауымен байланыстыруға болады. Шынымен де, көптеген жылдардан бері Италиясыз, Буффонсыз Әлемдік форумға куә болғалы жатырмыз. Мұның чемпионат ойындарының тартымдылығына қаншалық әсер ете алатынын жазда анықтаймыз. Италияны жолда қалдырған шведтер салыстырмалы түрде алғанда, өлім тобына тап келді: Германия, Мексика, Швеция, Корея... Әрине, бұл топта нақты фаворит (Германия) белгілі болғанымен, Мексика мен Швецияның да мықты клубтарға қалай қарсылық көрсете алатынын білетін шығарсыздар (Осыдан төрт жыл бұрын, ӘЧ-2014 іріктеуінде Германияның Швецияны 4:0 есебімен ұтып тұрып, төрт гол өткізіп алғаны кешегідей жадымызда).

Ал, Португалия мен Испания түскен топты "өлім тобы" деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені, қалған екі қарсылас оншалық мықты емес. Рас, әлемдік турнирге әлсіз ұжым бармайды, алайда Иран мен Марокконы мына екеуін бұқтырып кететіндей аса күшті дей алмайсыз. Оған қоса, испандардың да бұл жолы қалай ойнайтыны әлі белгісіз. Буын алмасу кезеңі толық аяқтала қойған жоқ, баяғы дүркіреген Испания емес... Португалдар да осыдан екі жыл бұрын ЕУРО биігін бағындырғанымен, осындай ірі жарыстарда түк көрсете алмай еліне қайтатын кездері де болып тұрады. Қысқасы, португалдарды тұрақты мықты ойнатындардың қатарына қоса алмайсыз.

Алаң иелері ше? Бір қарағанда олар ең оңай топта тұрған секілді. Бірақ Мохаммед Салах секілді ойыншысы бар Египетті, Эдинсон Кавани, Луис Суарес секілді "сен тұр мен атайындары" бар Уругвайды оңай беріле салады деп айта аласыз ба? Жинақы ойнамаса, Ресейліктер топтан да шыға алмауы мүмкін. Себебі, олардың жауапсыздық танытып, тегіс жерде сүріне салатын әдеттері бар. Оның үстіне қазір оларда бір замандардағыдай Аршавин, Павлюченко секілді жетекші футболшылар жоқ, жаңадан жарқырап шығып жатқан жас буын өкілдері және көзге шалынбайды... "Өліара шақты" бастан өткізіп жатқан құрама үшін қандай топ болса да қиынға соғады. Ал, көптің пікірінше, ең оңай топ соңғы төрттік сияқты. Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония... Колумбия басты фаворит саналуы мүмкін, алайда ЕУРО-2016-да поляктардың қалай ойнағаны есіңізде ме? Жапондарды да естен шығаруға болмайды, олар Әлем Чемпионатына ең алғашқылардың бірі боп жолдама алған құрама. 

Тарихқа үңілсек, ит жылдары өткізілген чемпинаттарда, дәлірек айтсақ, 1934, 58, 70, 82, 94, 2006 жылғы Әлем Чемпионаттарында тек Италия мен Бразилия ғана чемпион атанып келген екен. Келесі "ит жылғыға" Италия қатыса алмайды. Демек Бразилия?.. Олар алдағы жазда чемпион болуы мүмкін бе? Бәлкім, бұл үрдістің де тоқтайтын кезі жеткен болар? Уақыт көрсетеді. 

ӘЧ-2018
"А" тобы: Ресей, Сауд Арабиясы, Мысыр, Уругвай
"Б" тобы: Португалия, Испания, Марокко, Иран
"С" тобы: Франция, Аустралия, Перу, Дания
"Д" тобы: Аргентина, Исландия, Хорватия, Нигерия
"Е" тобы: Бразилия, Швейцария, Коста-Рика, Сербия
"Ф" тобы: Германия, Мексика, Швеция, Корея
"Г" тобы: Бельгия, Панама, Тунис, Англия
"Һ" тобы: Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ



Бөлісу: