Ардақты тұлға!

Өмірге шыр етіп, тіршілік есігін ашқан уақытта Атамынң қуанышында шек болмаған шығар. Атадан әке, әкеден өзі, өзінен баласы жалғыз ұрпақ болып жалғасып келе жатқанда тұңғыш немересінің артынан дүниеге келген екі қыздан соң, шекесі торсықтай болып мен келіппін бұ дүниеге. Ұрпағым жалғыз жалғасады ма дегенде, ол дәстүрді бұзып, екінші болып қосақтатсам, үшінші болып дүниеге келген інімді Атам тіпті, бір қойын "селсебетке" беріп жүріп, өзінің атына жаздырып алады. Есейе келе менде өз тегімді Атамның атына ауыстырсам деген тілегім арман күйінде қалып кетті.

Ес білгелі Атамның қолпаштауын көріп өскен мен 4 жасымда көрпемді көтеріп, "Ата мен сенің қасыңда жатам," - деп келгенімді Атам үнемі айтып отыратын. Өзін іздеп келген замандас шалдарға "Мынау менің гвардейский немерем", - деп таныстырып отыратын. Бес уақыт намазын қаза қылмай оқитын. Атам ағайын-туыс, ауыл аймық арасында өлім-жітім, той-томалақтарды жібермей қатысатын. Оразада ауыз бекітіп, айт намазында мені оятып алып, "Жүр ата-бабаңның жаьқан жерге барып құран оқып келеміз," - деп ертіп алады. Қорымның басында, "Мынау Пірімбет, мынау Керімбек, мынау Әуес әже, мынау Күлшат апаңның орны," - деп көрсетіп, құран оқып, дұға жасайтын. Мұның барлығы есейе келе санаға сіңіп, перзенттік борыш екені тәрбиемен шегедей қағылды.

Өмірдегі ықыласы ерекше ауған адам болғандықтан, Атамды қашанда естен шығармаймын. Атам ауырып қалды дегенді естісем, ішім қылп етіп, Алладан медет сұрап, жәрдем тілейтінмін. Мейірімділік пен шапағат, жүзінен нұр жанып тұратын Атамның бейнесі көз алдыма келсе барлығын ұмытатынмын. Мектепті бітіріп, оқу қуалап, қалаға кеткенде әке-шешемнен бұрын бар ақылын құлағыма құйып, тілеулес болып отыратын. Шалдың баласы болғандықтан атаның тәрбиесінің биік үлгісін көрсету, Ата үмітін ақтау ешқашан мойыннан түскен емес.

пысы: Суретте Атам екеуміз. Менің бақытты балалық шағымның бірі! 2013 жылдың ақпан айында түсірілген. Жақында Керекинфо сайтында "Өміріміздегі ең керемет сәт. Жарыс" атты блогжазба жарияланған болатын. Сонда осы суретті салып: "Өмірімдегі ең қызық сәт Атамның алдында мәңгілік бала болу! Менің үлкен азамат болғанымды көру арманы еді. Аманат жүгі ауыр!" деп қысқаша жазған болатынмын. Ия, расында да аманат жүгі ауыр. Бұл уақытта менің Ардақты тұлғам бұ дүниеде жоқ. Менің қолымнан тек құран бағыштап, дұға тілеу ғана келеді. Жатқан жерің жәннатта болсын Аташым! 

Бүкіл өмірімді арнасам да жетпейтін шығар менің қалай Атамды жақсы көретінімді айту!

  



Бөлісу: