NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары және елордалық Жастар саясаты орталығы Ардагерлерді жеңіс күнімен құттықтады.
Нұр-Сұлтан қаласында бүгінде 18 соғыс ардагері бар. Денсаулық я отбасылық жағдайларына байланысты барлығы қатыса алмағанымен, 11 батырымызға құрмет көрсетудің сәті түсті.
Арнайы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының үрлемелі аспаптар оркестрімен бірлесіп, «Red bus» экскурсиялық екі қабатты автобусымен қала көшелерін аралап мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мектеп қауымдастығы атынан ардагерлерді құттықтау құрметі 9–8- сынып оқушылары: Әлнұр Ғазизұлы, Ерасыл Жағалбаев және Сабина Бейсенбаеваға түсті.
Ата мен бала арасындағы байланыс қашан да біздің елімізде маңызды. Балалар 100-дің шыңына жеткен аталарымыздан өсиет-өнеге естіп, қол жайып баталарын алды.
— Мен үшін бүгін тарихи күн. Бұрындары соғыс ардагерлерін теледидардан ғана көрсем, қазір аталарымызды арнайы келіп құттықтадық. Басты тілегіміз— денсаулық, — дейді Сабина Бейсенбаева.
Құттықтауға атсалысқан барлық қатысушылардың бүгінгі күн есінде қалары сөзсіз.
Ардагерлеріміз жасасын!