Ардагердің ақ көңілі
блог
Өткен жылы 9 мамыр қарсаңында бір оқушым маған келіп былай деді:
- Соғыс ардагерлерін Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап қайттық. Олардың бірі сізді сұрады. "Ол ағайларың жақсы адам" деп, сізді әбден мақтады, сәлем айтты, - деп қуана үлкен кісінің сәлемін жеткізді.
Ұялғаным-ай! Мен барып, ол кісіге сәлем беруім керек еді! "Ай, күйбең тірішілік" деп, "ол кісіні сырттай ғана танимын" деп өзімді қанша ақтамақ болдым, ақтай алмадым... Кейінірек ардақты ардагер дүниеден өтті. Әттең.
Оқушыма ұяла тұрып, былай дедім:
- Айналайын, мен жақсы емес, сол аталарың жақсы. Олар өліммен арпалысып, жеңген батырлар, Отан үшін, біз үшін миллиондап боздақтар қырылған қырғынды көрген. Осы қазіргі бейбіт өмір үшін, сендер дүниеге келу үшін жан берді. Сондықтан да олар өмірдің шын қадірін өте жақсы біледі, әрбір адамды, мені, сені, жас демей, кәрі демей, шын көңілмен жақсы көріп, қадірлейді. Өздері қан төгіп қорғаған ұрпақ пен бейбіт өмір оларға ең ыстық та ең қымбат. "Сен жақсысың!" дейді ардагерлер әрбірімізге, өйткені жақсы болғанымызды шын жүрегімен қалайды, әйтпесе не үшін қан төктім дейді. Олардың арманы біздің жақсы болғанымыз еді. Ұрпақтарымның жақсылығын көріп, сүйсінейін, марқаяйын дейді.
Ол ата-апалардың алдында біздің ешқайсымыздың жаман болуға құқымыз жоқ. Аманат өмірді аялай, адам атын жоғары көтеріп жүруге міндеттіміз. Ардагер ата-апаларымыздың "Сен жақсысың!" деп берген атағына лайық болу парызымыз.
Биыл ауылда тоқсанды еңсерген екі соғыс ардагері аманшылықта деп есіттім. "Екеу-ақ" демеймін, әрбірі мыңымызға татиды.