Әрбір баланың жұлдызы.
блог
Жаз. Жаз мезгілі демалыс уақыты болып саналады. Маусым айы басталысымен-ақ балалар лагері өз жұмытарын бастайды. Сол секілді Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы облыстық балалар мен жасөспірім туризмі, өлкетану және экология орталығына қарасты "Звездный" балалар сауықтыру орталығы да өзінің жұмысын бастады. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педотряды балалар лагерінде он жылдан аса қызмет атқарып жүр. Жұмбақ та киелі, тамаша Бурабай өңіріндегі балалар сауықтыру орталығының түтінін түзу тұтатып, педагогикалық ұжымның жұмысын жандандырып, жалындатып жіберді. Педотряд жетекшісі Зульфия Николайқызы өзге ұлт өкілі болғанымен, жаны қазақпын деп соққан жан. "Звездный" лагеріндегі өтіп жатқан түрлі іс-шаралар мен бағдарламалардың тұтас жиынтығын жасап, бала психикасының не қалап, нені қызықтағысы келетінін бірден аңғарып, дәл шешімін шығаратын педагогикалық өтілімі мен тәжірибесі мол басшы балатану, баламен жұмыс жасау саласының шебері, бала психологиясының, бала жанының археологы екенін әрбәр жасаған жұмысынан көруге болады. Үйлерінен, ата-аналарынан жырақ кеткен балаларды он екі күн бойы қуаныш пен күлкіге ұзағынан шомылдырып, жазғы демалыстарын мәңгі ұмытпайтындай қылды. Спорттық интелектуалдық, түрлі сайыстық жарыстар мен байқауларды жиі ұйымдастырып, әр баланың қызығушылығын арттырып таланты мен қабілетін, шығармашылығын оятып, өнерге бір табан жақын қылып, жан-жақты ой-өрісін дамытып, мектеп пенен үйінде аша алмай жүрген қырын ашып, жұлдызын жағып, шамшырағын алаулату жолында педагогикалық ұжым ұшан теңіз қызмет атқарады. Қоштасу күнінде жетекшілердің мойнына жабысып, қимастық сезімнен жылап-сықтап, лагерге бауыр басып қалған балаларды көргеннен-ақ бұл лагердің атқарған жұмысын тілге тиек етуді жөн санадым. Бес уақыт тамақтанатын, жайлы жатын орны бар лагерде түрлі іс-шаралар қатар-қатар рет-ретімен өтіп жатқанын көрдім. Өз көзіммен куә болдым. "КТК ойындары", "Телебағдарламалар", "Ханшайым мен ханзада", "Цирк", "Балгерлер мен бақсылар сайысы", "Мүмкіндік бер..." секіліді қаншама қызықты әрі шытырман бағдарламаларды жасөспірімдер ойнап жүргенде таң қалғанымды жасыра алмаймын. Әр баланың қызығушылығы мен шығармашылығын дамыту мақсатында "Артерапия", "Соло", "Флешденс", "Актерлік шеберлік", "Психологиялық шеберлік", "Экстирм" сияқты түрлі бағыттағы клубтар жұмыс жасайды.
Бала- өмірдің гүлі. Осындай қырда жайқалып өскен гүлдердің тамырын тереңге жіберіп, көктеуіне, өркендеуіне жетекшілер барынша жұмыс жасайды. Түрлі ұрандар мен әндерді жаттап өскен баланың көкжиек кеңістігі мол болары анық.
Жазды асыға күтетін балалрға тосыннан қуаныш сыйлайтын лагерде өткен отыз алты күнімде жаңа ақпараттармен қаруланып, бір саласының тізгініне жармасып, азда болса педагогикалық тәжірибе жинадым.
"Звездный" лагері әр баланың жұлдызын жарық қылуға тырысады. Осы бағытта жұмыс жасайды.
Жас дос, жазғы демалысыңды таңғажайып етіп өткізгің келсе, бізге кел!
Жарқын Әлиев
Сурет:innature.kz сайтынан алынды