Қазақтар өте қонақжай халықпыз деп жатамыз. Келген қонағымыздың асты-үстіне түсіп, алдына ас тартамыз, тәттілерді үйіп-төгеміз.
Алайда, келіп қуантса да, кетіп қуантпайтын туыс, ауылдас, класстас, ағайынның досы дегендер болады. Былайынша айтқанда, арам тамақтар...
Әдетте олар жұмыссыз айлап үйіңде жатып алады, жасағаң тамағыңды ішіп алады, тіпті сенімен қоса теледидардың пультына, ноутбукке таласуы да мүмкін. Үйге азық-түлік қайдан келіп жатқанына бас ауыртпайды, үй жинау жұмыстарына да кірісе бермейді (ондай кезде көшеде жұмыстары шығып қалуы мүмкін). Өзінікі емес болған соң үй заттарын, дәретхана, қол жуғыш заттарын қалай болса солай пайдаланады.
Мұндай адамдарға әдетте сөз өтпейді. Пәтерақысын төлеу керек деген сұрақтарға «жұмыс шығып жатыр», «ертең бір жұмыстан ақшамды алу керек», «біреу маған қарыз еді, ертең беріп қалуы керек» деген жауаптар аласың.
Үй жұмыстарын жасау керектігін ескерткеніңмен, ол бір-екі рет қана қайталануы мүмкін, одан кейін беті былқ етпестен жата береді. Және оны қуып шығуға да ішкі арың жібермейді: ертең туған-туыс не дейді, ауыл-аймақ сөйлейді, қалаға барып өзінше болып кетіпті дейді деп ойлайсың.
Ал арам тамақ әбден жүйкеңді тоздырып біткен соң жоқ болып кетуі де мүмкін, тіпті сені қарызға батырып, проблемалардың астына қалдырып кетсе де таң қалмаңыз...
P.S. Бұл жазба менің басыма қатысты емес. Қоғамда бар проблеманы көтердім. Және адам өз-өзіне осындай адам емеспін бе деп, сұрақ қойса игі болар еді деген пиғылда жазылған.