"Ара" журналының тарихы және қазақ баспасөзінде алатын орны

1952 жылдан бастап  сатира  саласы қайта жаңғыра бастады. Әсіресе, кеңестік партияның  19 бен 20 съезі сатираның өрлеуін одан әрі күшейтті. Сатираның кең қанат жаюына жаңа жағдай жасалды. Сықақшылар өз ойларын, пікірлерін батылырақ білдіретін болды. Сол тұста бірнеше басылымдар жарыққа шықты. Соның ішінде «Ара» («Шмель») журналын айтуымызға болады. Себебі, бұл журнал қазіргі таңға дейін жұмысын жалғастырып келе жатқан сатиралық  басылым. 1956 жылдың наурыз айынан бастап екі тілде шыға бастады. Бас редактор қызметін жазушы Ғ. Мүсірепов атқарды. «Ара» журналы қоғамдағы кейбір кемшін түсіп жатқан мәселелерді, жауапсыздықтарды және адам бойында кездесетін жағымсыз қылықтарды батыл әшкереледі. Бұл басылым  шықпас бұрын, «Шаншар», «Балға», «Садақ» секілді әзіл-сықақ журналдар жарық көріп, жанбай жатып сөнген болатын. «Ара» журналының бастапқы сандарында назар аударарлықтай көкейкесті материалдар жарияланып тұрды. Мәселен, суретші Федорцевтің  «Қоқиланған қаздар», Леонтьевтің «Осы жұрт мені текке жамандап жүр, Бейсеновтың «Құртты-ау, мына кебенек» тәрізді әзіл-қалжыңға құрылған шығармалары шынайы өмірден алынған дүниелерге негізделген. «Ара» журналы 1998 жылы белгілі бір себептерге байланысты шығуын тоқтатқан болатын. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен қазіргі таңда журнал Айқын газетінің қосымшасы ретінде айына екі рет сегіз беттен шығады. Көпшілікке пайдалы, ой салар дүниелерін ұсынып келеді. Басылымның басты бағыты- қоғамдағы түрлі келеңсіздіктермен, соның  ішінде қазіргі  таңда белең алып отырған жемқорлықпен күресуге арналады. Белгілі журналист, сатирик Көпен Әмірбек: «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады» - деген қазақтың сөзі бар. Қазаққа қамқор болады  деп жүрген небір азаматтарымыз қамқор емес, жемқор болып жатқан жоқ па қазір? Сол жемқорлыққа қарсы күрестен бұрын, сол жемқорлықпен күресіп жүргендермен күресетін кезеңі келді. Ал жастарға келетін болсақ, көбісінің діттегені ішу, жеу, қыдыру, жеңіл-желпі өмір сүру. Осындай сезімдер оларға саз балшықтай жабысып алған ба деп уайымдаймын. Енді сол жастарды тәрбиелейтін, санасына ой салатын, ақылға келтіретін, өзінің әзілдерімен, карикатураларымен дұрыс бағытқа жетелейтін, жемқорлыққа қарсы мылтықсыз майдан ашатын, оған тоқтау болатын, сын садағын тартатын осы «Ара» болар деймін. Сондықтан «Ара» журналы қазаққа керек! ", - деген болатын. Расында да, «Ара» журналы бұрында да, қазіргі кезде де оқырманның  көңілінен шығып, жүрегінен орын алған керемет басылым болып табылады. Журнал ащы шындықты сатиралық өткір тілмен түйреп, әшкереледі. Сол уақытта шыққан басылымдардың барлығы халықтың шынайы жанашыры бола білді десек артық айтқанымыз емес. Бір ғасырлық тарихы бар «Ара» журналының қазақ баспасөзінде алатын орны ерекше. Бұл басылымның ғұмыры ұзақ болады деген сенімдеміз.

 



Бөлісу: