Қызымнан бірінші мәрте ұялдым. Расында... Сенбі күні балапандарын жинаған тауық құсап екі қызымды аналарымның үйінен әкелген едім. Үйге кіре үйдің салқын екенін байқадым да, әдеттегідей (әдеттегі әйелдердей) мұрнының астынан «Үййй папаларың отты да жақпапты...» дей бастап едім, қызым «бір-біріңді жамандамаңдар, ол сенің күйеуің» деп даусын жуандатып, «бұйырып» айтты. Өзім де ұялып қалдым. Кешінде папасы келіп, ол да «әдеттегідей» сөйлей бастап еді, Айсаулем «папа, маманы жақсы көр, ол саған жақсылық тілейді» деді. Папасы таңқалып: «қайдан білесің соны» деп еді, қызым іліп ала «ол Құран оқиды, сонда ең соңында саған жақсылық тілейді ғой» деді. Оның да жүзінен ұялғанын байқадым. Кейде кішкентай періштелердің сөзіне құлақ түрген абзал-ау.
Жарнамадағы «Мама, ана кісілердің қолындағы ақ жапырақшалар не? Десе анасы: Ол сүрткі ғой» деп жатса қызым: Өтірікші ол: Мұрын б*қ сүртетін платочкі ғой деп шыж-быж болатыны күлкілі.
Тағы бір жарнамада «мен –жынмын» деп басталып жатса, әжеміз «ее, жетісіпсің» деп күбірлеп қояды.
Сол әжеміз «Ал Сіз қолтығыңыздың сұлулығы үшін не істейсіз» деп жатса, «енді қолтықты да бояндыратын болған ба, тұқымы құрғыр шайтандар» деп ішек-сілемізді қатырған еді.
Аңыз адам деп Гитлерді дәріптеп, ұлықтап шығарған баспахана туралы кеше хабар көріп отырып, ашуға булықтым. Иә, бәлкім данышпан, ақылды адам шығар, жооқ «адам» деген тіркес те келіңкіремейтін тәрізді. Әсіресе конслагердегі адамдарды, азыыып кеткен сәбилер мен шал- шауқандарды көріп ебе-дебем шығып бір жылап алдым. Тағы да бейбіт заманда өмір сүргеніме шүкіршілік айтап, таубама келдім.
Қызыммен автобусқа отыру бір комедия. Себебі айналадағы адамдарға барлығын тізбектеп айтып береді. Демалыста автобусқа отырған едік, орын болмай бір тәтенің алдына отырғыздым. Сөйтсем тілі қышып «Мама сен анау ағаның аяғына отыр» деп бір үлкен кісінің аяғын меңзеп, азар да безер болғаны ай. Содан соң автобус қатты қозғала бастап еді Айсаулем: Аға, жай жүріңіз мында камера болуы тиіс қой»- деп үйретіп қояды. Одан қалса етегімнен түртіп: Мама сендер шошқаның етін енді алмаңдар- дегені. Мен бір шошқаның етімен қоректеніп жүргендей. Жанымдағылар бір түрлі қарады. «Дәрет алып жүр, әруақ ұста» деп қояды тіпті. Сөйтсем үйге қонақ келгендегі әңгімелерінен іліп алған екен. 10 минуттық жерге автобуспен комедия болып барамыз осы.
Тілдері тәтті. Мамасын қуандыра білетін балапандарым аман болсыншы!!!