Әр минут – мәңгіліктің бөлшегі

- Сіз жаухар жырларыңызбен қазақ әдебиетінің асау легіне қосылдыңыз, осынау ауыр жолға келуге не ықпал етті?

Бала күнде ауыр жол екенін білу қайдан? Атамның құрдастарына жаттап алған термемді сарнап айтып беріп мәз қылатынмын.Ағам Оралхан бір күні «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішінде қулық сақтап..» деп басталатын жырды оқыды.Таң қалдым.Абай екен.Толық түсінбесем де бүкілге жуық жырларын санама құйып, оны да шалдарға қоса айтып беріп жүрдім.Абайдан соң санаға қатты әсер еткен – Шал ақын болды.Былайғы орта атын көп атай бермегенмен оны көбінен  биік қоямын.Міне, осылай ескіні қайталап жүріп өлең өлкесіне келіп, шығар есік шынжырланғанын кеш білдік. 

 

- Сізге нендей дүние шабыт сыйлайды?

Соны білмейді екенмін. Әйтеуір ойыма бір ойлар, шумақтар шырамытып қоймай қояды.Жазуға тура келеді.Сонда жазамын.Толстойдың «жазбауға мүмкіндігің болса, жазба!» деген сөзін қағида етіп ұстаймын.

«Өмір - өзен» атты алғашқы жыр жинағыңыз бен «Мейірім ғаламшарының » арасында қандай айырмашылық бар? Өзіңізге артықшылықтар немесе кемшіліктер байқала ма?

«Өмір-өзен»  15 жасымда жарық көрген. Бір ғажабы ішінде 2 поэма бар екен. «Қалқаман-Мамыр» қатты әсер етіп еліктеп жазғандарым ғой. Жыраулар поэзиясына, әсіресе Шал ақынға көбірек еліктеп жазғандарым білінеді.

Үш-төртте бала тілім былдырлайды,

Он үште қолды сезім шынжырлайды.

Он төртте ақ сақалды қарт адамдай,

Жастығым алыстардан қол бұлғайды, - деппін. Балалықтан ерте айрылған секілдімін. Әрине, ішкі әлемдегі балалықтан.Ал, менше ит қуып, жиырмаға жетсе де балалармен асық ойнап, есекті теріс мінетіндер бүгінде аз ғой.

 

- Сіздің поэзияңызға айтылатын оқырманның ойы қаншалықты қаламыңызға ықпал етеді?

 

Оқырманмен санасамын.Көңілім инедей сөзге бола бұлқан-талқан болады, кейде мәз болады.Әлдебіреу «мына өлеңің бір түрлі екен» десе  сол жырды  жыртып тастайтынмын.Қазір олай етпеймін.Адамдар мың түрлі.Қызыл түсті біреу ақ қылып көреді, біреу мүлде көрмейді.Қысқасы, Гете жарықтық айтқандай, «әркім түсінгенін естиді».

 

- Кітап оқығанда кейіпкермен бірге қайғырам, бірге қуанам дейсіз. Жалпы көп кітап оқуыңыз поэзияға жақын болуға қандайда бір әсер етеді ме?

«Шабыт деген – ізденіс» деген сөз бар. Мен ойлаймын, қазақтың көбі ақын ғой. Солардың басты кемшілігі «Мөлдір махаббат» пен «Көшпенділердің» бірінші томын оқып қоя салуында. Сәл ізденсе бұлттар таудың етегінде жүретінін  көріп таңданар ме еді. Ал, кейде көөп оқитындардың өлеңі  «жақсы өзің?» деп тұрады. Бұл бір тылсым секілді.. Өзім ізденіске қатаң талап қоямын. Әр минут – мәңгіліктің бөлшегі.

- Шабытымның шыңы деп санайтын өлеңіңіз бар ма?

Бар.Оны енді жазамын.

- Бүгінгі жастар поэзиясының ауқымы жайлы не айта аласыз?

Жастар деген біз ғой.Егер әлеуметтік желілерді аз пайдалансақ, ізденіске уақыт ұзағынан артылар еді. Біздің басты құндылығымыз: Уақыт, уақыт, уақыт!

- «Жақсы мұраптың артынан су ереді, жақсы ұстаздың артынан шәкірт ереді» деп жатады өлеңдегі ұстазыңыз кім? Кімді үлгі тұтар аға санайсыз?

«Білгенге жапырақ та ұстаз» дейді.Ең Ұлы ұстазым – кітап. Егер ол ұстазым болмағанда дәл қазір ауылдағы Балғабекпен қой сату жайлы кеңес құрып  тұрар ма едім? Ең жұпар иіс – кітаптың иісі,ең сұлу бейне – кітап ханымның бейнесі, ең ұзақ ғұмыр сыйлайтын – кітап Ұстаз.

                                          

-«Армандарым өте асқақ болды» дейсіз бір сұхбатыңызда. Армандарыңыз жайында не айта аласыз? Болашақта қандай арман, мақсаттарыңыз бар?

Арманның бәрі мақсатқа, қиялдың бәрі өмірге айналып аздап абдырап жүрмін.Мақсаттарым көп. Қазіргі мақсаттарымның бірін айтайын.Ол – әлем тілдерін үйрену. Басқасын уақыт өте келе іспен дәлелдеймін. Сөзден істің әлдеқайда биік екені түсінікті. 

                                                                                                Сұxбаттасқан:Дана Русланқызы



Бөлісу: