«Әр қызметкер - өз саласының ең басты байлығы»

«Әр қызметкер - өз саласының ең басты байлығы»
жеке
блог

Адам еңбегімен көрікті, еңбек адамының қоғамда орны ерекше, абыройы биік. Еңбекқор азаматтардың беделін көтеріп, өнімді еңбек етуге ынталандыру мақсатында әлемде "28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні" мерекесі болып бекітілген. Қай еңбек саласы болсын, ол саланың өз қиыншылықтары мен қауіптілігі болады, сондықтан да ең басты құндылық адам денсаулығының қауіпсіздігін сақтау өте маңызды. Еңбекті қорғау – бұл қызметкерлердің еңбек үрдісінде олардың өмірі мен денсаулығының қорғалуын қамтамасыз ететін, өндірістегі қауіпті, зиянды, оқыс жағдайлардың алдын-алу және болдырмаудың шараларын жасайтын сала. Бұл мерекенің маңыздылығы сол - әр қызметкер өз саласының ең басты байлығы екендігін және өз саласында техника қауіпсіздігін сақтау көпшілік зардаптардың алдын алатындығын түсінуінде. Бұл мереке арқылы қоғамда адал еңбек құндылығының маңызы артады.

Біз өміріміздің көп бөлігін жұмыста өткіземіз және еңбекті қорғау - бұл бәріне қатысты мәселе.. «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» мерекесінің өзектілігі - қызметкерлерге жазатайым оқиғалардан, апаттардан сақтану және өз өмірін қорғау үшін қауіпсіздік қажеттілігін еске салуға мүмкіндік береді. Бұл күн - еңбекті қорғау саласындағы жаһандық стратегияның ажырамас бөлігі, еңбекті қалай қауіпсіз ету туралы ақпаратты тарату бойынша жұмыстағы маңызды құрал болып табылады. Адам – барлық заттың өлшемі. Яғни, адамды жұмыс күші ретінде жұмыс процесінде қорғау қажет. Өмірден құнды ештеңе жоқ. Кез келген қызметкер қоғамның дамуына өз үлесін қосады, бірақ кейде оның өміріне қауіп төнеді. Сондықтан, қауіпсіздікті ұйымдастыру жұмысы жоғары деңгейде болуы аса маңызды. Басты мақсат – еңбек қорғау саласында жалпы біліктілікті көтеру, адамдардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттау.

Біз бала күнімізден қауіпке бой алдырмауға үйренеміз. Ата-анамыздың: "Абайлап жүр! Құлап қалма!",-дегенін құлағымызға сіңіріп өсіп, бала кезімізден өмірімізді, денсаулығымызды қорғауға дағдыланамыз. Еңбек қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуіміз - өз жауапкершілігімізде. Демек, әрқайсымыз кез-келген жұмысты орындау кезінде әрқашан еңбекті қорғау ережелерін сақтау керек екенін түсінуіміз керек, өйткені біздің және басқалардың өмірі осыған байланысты.

Еңбекті қорғау туралы барлығы біледі: әр адам өз жұмыс орнында қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтеді. Кез-келген кәсіптің өзіндік сақтық шаралары бар, оларды сақтауға әр саналы адам міндетті. Осының нәтижесінде, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жұмыстың арқасында тәртіптілік жоғарылайды, еңбек өнімділігі жақсарады, жазатайым оқиғалар саны азаяды. Сондай-ақ, менің ойымша, қоғамның еңбек қауіпсіздігі мәдениетіне саналы көзқарас қалыптасады, жауапкершілік артады. Қызметкерлерді еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен нұсқамалықтың сапасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар адамдарда қауіпсіз жұмыс психологиясын тәрбиелеу қажет. Соның ішінде: өзін-өзі бақылау, жазатайым оқиғаларды болдырмау, сақ бола білу қабілетін арттыру. Адамның қауіпті жағдайды уақытында түсініп, шара қолдана алмауы аварияларға әкеледі.

Қауіпсіздік техникасы еңбекті қорғаудың құрамдас бөлігі болып табылады. Оған оқыту мен нұсқаулық кіреді. Бұл іс - шаралар, олардың мақсаты қаралып жатқан істің бағытына ену, сондай-ақ өміріңізді қатерден қорғауға болатын негізгі негізгі категориялар мен ұғымдармен қамтамасыз ету болып табылады. Әсіресе өскелең ұрпақ үшін үгіт-насихат және бұқаралық ағарту әдістері өте тиімді. Бұл еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне арналған түрлі әңгімелер, бейнероликтер, еңбекті қорғау бұрыштары, дөңгелек үстел ұйымдастыру тиімді.

Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының ұйымдастыруымен "Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні" мерекесі қарсаңында халықаралық көлемде  дөңгелек үстел түрінде аталып өтті. Шара шетелдік арнайы қонақтардың баяндамаларымен басталды. Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қожахан Айгүл Кәріпжанқызының ашылу салтанаты сөзінде іс-шара «маңыздылығын» атап көрсетті.

Дөңгелек үстелді «Өнеркәсіптегі кешенді қауіпсіздік аудиті және басқару» мамандығының 1 курс магистранттары жүргізіп, Еңбекті қорғау - бұл қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде өмірін, денсаулығын және жұмыс қабілеттілігін сақтау жүйесі екендігін сөз етті. Еңбек қауіпсіздігі мәселелері әрқашан өзекті болатындығы, оның басты құндылығы – адам, оның өмірі аясындағы маңызды мәселелер екендігіне тоқталды.

Мұндай дөңгелек үстелде шешілетін өзекті мәселелер өте көп, мәселен, Қазақстанның еңбекті қорғау саласын дамыту және жұмысшылардың еңбек жағдайын толық қалыптастыру. Бұл шара жастарға, көрермен студенттерге ой тастады деген ойдамыз.

 «Дөңгелек үстел» жұмысының қорытындысы бойынша арнайы қонақтардың баяндамаларындағы ұсыныстары ескеріліп, іс жүзінде іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспары құрылды. Ат салысқан студенттер, арнайы қонақтар сертификаттармен марапатталды.

 

«Өнеркәсіптегі кешенді қауіпсіздік аудиті және басқару» мамандығының

1 курс магистранты Қанат Гүлжанат