"Әр ҚазаҚ - Менің Жалғызым" (Сабыр Адай)
блог
Өткен жылы жаз айының бірінде басымнан өткен бір жағдайды баяндап берейін.
Әдеттегіше кешкі 7-лер шамасынан асыра жұмыстан шығып, жұмыс орнымның үйден онша алыс (2-3 км) болмағандықтан, бүгін, үйге жаяу қайтуға бел будым.
Шымкенттің сұлу көшелерімен жаяу қыдырысым өзіме қатты ұнап келеді. Жан-жағыма мойын бұрып қараудан қалыппын – қала біршама реңденіп, көркі қыздың қызарған келбетіндей-ақ әдеміленіп кетіпті. Қонаев гүлзарының бойындағы зәулім үйлердің сәні бір бөлек: қорасы бағзыдағы қорғанның көшірмесін ұсынатын қалыпта екендігін есептемесеңіз, ауланың тазалығы, отырғызылған ағаштардың мәнері, өзара түстердің үйлесімі анадайдан көзге ұрады. Жаңадан салынған Самал ықшам ауданының келбеті де келісті: көшелері біркелкі, таза, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген: дәріхана, базар, дүңгіршектер, отын-көмір сататын орын, көлік жуу, көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы, шағын дәмхана-кафелер, тойхана, бала-бақша, мектеп. Көздің жауын алып, бірінің үстінен бірі биік қарап, ауданы кең жатқан зәулім үйлер - бұл ауданның басты ерекшелігі саналады. Кеш кірсе сығалап, түннің шырайын келтірген Қазиев көшесінің бойына теректей тізілген түнгі шамдар - бүкіл ауданға көрік беріп тұрғандай. Бұрын-соңды бұлай болар деп ойластырылмаған, қарапайым ғана саяхаттың мол әсерімен соңғы аялдама - үйіме де келіп жеттім.
Кешкі асты ішуге қамданып жатқанбыз. Сырттан алып-ұшып бір-екі (әйел) кісі кіріп келді. Қарасам, жүзі таныс біреуі біздің туысқан-қарындас. Қасындағы кісі соның енесі болып келеді екен. Бала күнімізде етене араласып, ойыншыққа таласып көрмегендіктен, шыны керек, бүгінде де қатты араласпайтын күйге жетіп, бір-бірімізбен анда-санда көріскенде ғана жылымық жүзбен қарсы ап, шығарып салатын жөніміз бар. Немесе жап-жақын туыстармыз. Дегенмен, өз басым, көріскенде сыйым да сыйластығым да түгел.
Жақында сол қыздың тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болғанын қайдам, осы біз тұрған маңда ата-енесімен бірге тұратынын іле-шала білетінмін. Күйеуі – Дастан, ауыр көлік жүргізушісі деп еститінмін. Бүгінгі апақ-сапақ уақта әлгі екеудің төтеннен кіріп келуі сол жігіттің әлегі болса керек деп топшылап ем, дөп түсіппін. Жігітің бұзақы болмаса да, бір кісілік қыңырлығы, қыдырымпаздығы, «жолдаспаздығы» туралы маған айттырылған тұғын, әу баста.
Уақиға былай болған...
Шымкент-Түркістан бағытындағы трассаның бойында КамАЗ автокөлігімен келе жатқан біздің «күйеу бала», жолдың жиегінде ілініп келе жатқан велосипед жүргізушісін қағып түсірген. Құдай сақтап адам аман қалған, тек мертігіп жақын маңдағы Темірлан аудандық аурухананың жан-сақтау бөліміне жеткізілген. Айтуынша, КамАЗ дейтін көліктің габариті кең әрі қопал болғандықтан, жол бойымен тура келе жатқан бұның жолын, қипақтап әрең қозғалып келе жатқан велосипед жүргізушісі кес-кестеп жолдың көлік жүретін жиегіне шығып кеткен. Ең қызығы, әлгі велосипед жүргізген бейбақтың ұлты қытай. Айта беретін, кәдімгі миллиардтардың тұқымы - қарақытай. Кейін белгілі болғандай, Тайвань елді мекенінің жасы менінен қатарлас – өзінің саналы ғұмырын күнделікті күйбеңге арнай бермей, әлемді өз аяғымен, яғни «велигімен» жаяу (десе де болатын шығар) аралығысы келген қып-қызыл турист екен. Аты да заты да қытай. Бағанағы велигінің арқасына-алдына толтыра 3-4 қап киім-кешек, дәрі-дәрмек, көлігіне қажетті құралдарын лық толтырып алған сабаз - өкінішіке қарай, әлгі трассаның бойымен, тендер жеңгендер «жеп қойған» ойық-ойық жолын теріп келе жатып, кіп-кішкентай КамАЗ көлігімен жол көлік оқиғасына қалай тап болғанын байқамай қалған. Түсінуге болады. Ешкімде кінәлі емес. Адам басы аман бастысы.
Қазақиядан «бісміләлаған» жігіттің соңғы пункті Франция елі екен. Біршама алыс жол әрине, бірақ, «тәуекел түбі – жел қайық» екенін қатты түсінген біреу болу керек. Бағытын Алматының аэропортынан түскеннен бастаған қытайлық, түзіп алған жол картасымен жүре отырып, Өзбекстан жаққа қарай бара жатқан жолынан сәл жаңылып, Түркістан бағытына қарай бет алған. Оны көрген біздің «күйеу» - әлгі қытайыңды «Жолынан адасқанға жол көрсету – садақа» деген ұстаныммен жолынан қайтарған. Рас та. Әйтпесе адасып кетіп жүрсе не істер еді. Рақметін айтсын!
Шағын шатырүйімен түнді таңға жалғап, ауыл, тау жағалай, тамағын ішіп, жуынып-шайынып, компасының бағытымен жүріп келе берген.
Сонымен не керек, әлгі қытай өзінің «Арман саяхаты» бағдарламасынан дәл осы нүктеден үміт үзіп, аяғы сынып, біздің өзіміздің кәдімгі аурауханада жатыр. Жағдайы? Жағдайы белгілі шығар... Өткен-кеткенге келеке, «а-ти-ту, пу-ти-ту» боп ауруханада жатқанына міне екінші күн екен. Жағдайын сұрап біле алмай дәрігерлер бір жақта, әлгі «күйеу» отбасымен бір жақта абдырып жүре берген.
Менің, қайбір жылы Қытайда оқып келгінмен хабары бар әлгі туысқан қыз енесін ертіп біздің үйге келген ғой. Мән-жайды сұрап бола сала, бірден Темірлан аудандық орталық ауруханасына аттандық. Далада түн. Жұлдыздар енді оянып келе жатқан шақ. Сыртта көлікте отырған Дастанмен сонда ең алғаш танысып, сұрастым. Жол бойы мәселенің барысын айтып, бар пайым мен өміртанымының қорытындысы мәлім болды - әлгілер маған бұл оқиғадағы менің рөлімді нақты анықтап берді. Бастысы, менің қытай баладан «қолхат» алуым керек екенін – олар маған «жас әке», «жас отбасы», «болашақ» сыңды «понятиемен» «жағдайымен» түсінідіріп бақты. Мейлі, кім болса да Алланың жаратқаны – «Адамның» халі мынадай жағдайда жатқанда, тұрмыстың үкімі билеген сананың қандай әрекетке бара алатынын көріп қатты қынжылдым. Біртүрлі, адамгершілікке жатпайтын, адам тұрғысынан алғанда өте қатал қадам, қате іс. Қателік.
Сұрауы жоқ болғандықтан, Аурухана дәлізіне шығарылуға шақ қалып, дәкемен оралып, құлын жүрегі жанымен қоса шырылдап жатқан жас қытай жігіттің дидарын көріп, жан-тәніммен қатты аяп кеттім. Бейне бір жанашытарлық көрініс. Аяқ-қолым сырқырап, тілім жұтылып, тоқтап тұрып қалдым. Сыбырлап, дауысын әрең жеткізген қытайдың әрбір сөзін - бойындағы күш-қуатының соңғы мөлшерін тауысып жеткізіп жатқанын сезініп, дірілдеген қолыммен қолын ұстап, қасына отырып, жағдайын білісіп жаттым. Жігіттің арызданбақ ниеті беймәлім, ондайдың ойына кіріп-шықпағанына сенімдімін, бірақ жанталасып сондағы бар айтқаны: «Велосипедім, заттарым қайда? Егер мен мына жерден шықсам, саяхатымды (ӘлемТур) ары қарай жалғастырмақ ойдамын» болды. Төбесінен төніп, бүкіл аурухана қызметкерлері де сонда. Ағылшын тілін жетік меңгерген жігіт екен, қытай тілін қатырмайтынымды біліп, сол тілде біраз отырып әңгімелестік. Медбике болып жұмыс істейтін жас мамандардың ағылшынша екі-ауыз жағдай сұрай алмағандығынан болу керек, жігітім «аузына қасық салып жатқан» ымды көрсеткенде, бұлар тамақ сұрап жатыр екен деп, аузына қою тамақ пен бөлке нанды тыға берген. Жігіттің ең алғашқы өтініштерінің бірі, таң қаларлық жағдай: «тіс щеткасы мен пастасын тауып беруім» еді. Жаңағы ишараның тамақ емес тіс тазалау екенін сонда ғана бәріміз түсіндік, күлдік, басымызды изеп іштей бірдеңені мойындадық... Оқиға фактісімен ашылған іс негізінде егеленген әлгі қытай жігіттің заттарын жергілікті полиция бөлімінен тауып, оны реттедік. Елде жоқ телефонының қуаты таусылыпты, оған ауыл аралап қуаттағыш іздедік. Сол телефон арқылы Қытайдағы ата-анасымен байланысқа шығып, балаларының аман-сау екенін айтып, барлық жәрдемнің жасалып жатқандығын жеткізіп, уайымдамауларын өтіндім. Ол кісілердің де бар айтқаны: «Баламызды мүмкіндік болса аэропортқа жеткізіп осында салып жіберсеңіздер, картасында ақшасы жеткілікті болу керек» деген кең пейілді, түсінігі мол ата-ананың сөздері еді. Шын түсінген адамға жыламауға келмейтін жағдай...
Түнгі 12-ден аса үйге қайттық. Жол бойы жаңағы жігітке қалай көмек берудің тұңғиық ойдың толқынымен мың толғандым. Үйге келе сала интернеттен Қазақстандағы Қытай елшілігінің телефон нөмірін тауып тілдесе алмағандықтан, барлық байланыс құралдарымның нөмірін қалдырып, хабарлама жазып жібердім. Аптаның бейсенбісі еді, ертең бір күн жұмыс, сосын ғана демалыс. Сұранып бара алмайтындығыма, орыс бастығыма жағдайды қанша тырыссам да жеткізе алмайтындығыма көзім жетті. Тек ауруханадағы хирург кісінің телефоны арқылы жағдайы мүшкіл қытайлықтың хабарын біліп тұрдым.
Ертесі кештетіп әлгі күйеу бала бар, шешесі, достары бәріміз шұбырып аэропортқа бағыт алдық. Мың рет хабарласып (жағдайын, жөнін білу үшін), сыпайы сөйлесетін Қытайдың елшілері - Алматыда елішілікте істейтін қазақ қызметкер, жаңылыспасам Мөлдір есімді қызды жіберді. Соны күтіп алып, «қытайға» бардық. Жол бойы әлгілер «жағдайын» айтып, баяғы «қолхат алу» мәселесін пысықтап келе жатты...
Күн төбеден ауа, сенбі күні, қателеспесем біреуі «Мәскеудегі елшіліктің» адамы, бергісі Алматыдағысы - екі (2) қытай елшілері келді. Таза қытайлар, орысшаға сәл-пәл сауаты жетеді. Келе сала істің барысын анықтап, жігітті еліне ұшырып жіберуге мүдделі екендігін білдірді. Қырсыққанда, ауруды бұлай «оңай» ауруханадан шығарып алып кетуге болмайтындығы белгілі болды. Сондағысы, 2-3 күннен бергі науқастың ауруханада жатқандағы шығыны мен дәрі-дәрмек ақысы төленбеген. Мен бірден бейшара қытайды соққан жігіт - Дастан жаққа қарадым.
Не деген пейіл десеңізші. Күнде әупірімдеп жүріп, әйтеуір жағдайын жасай берген соң қытай жігіттің өзі де сөзі де жібіп, ақсаңдап аяғынан тұрып жүрді ғой. Тек, Дастанның білген-тұрғаны, көксегені әлгінің арызданбауы болғандықтан, дәл сол пасық ой - болған оқиғаға қытайдың өзін кінәлаумен, яғни соқтығысқа себепші сол қытай жігіттің өзі екеніне бекем сенім қалыптастырып үлгеріпті. Шынымды айтсам, біреуді біреу кінәлап, біреу біреуге арызданбақ болған істің иісі де білінген жоқ-тын. Бүлініп жүрген тек Дастан. Ақыр соңында, қытайдың 3 күндегі аурауханадағы шығынын көтеруден де бас тартып, мүлдем басынып кетті.
Обалына не керек, айтайын дегенім, әлгі елшілер «қандас бауырымен» келтірілген материалдық шығынын, 150 шақырымдай шығатын Шымкент қалалық аэропортына дейінгі жерге аурухананың арнайы көлігін жалдап, оның ақысын, ұшақтың билетін, өздерінің келіп-кеткен шығыны бар бәрін төледі. Қысқасы, бір қытайды үкідей қып, қаншама шығындалғанына қарамастан бауырына басты, қамқорлық көрсетті. Енді, ар жақтағы (бір жарым) миллиардтың қамын ойлай беріңіз. Сірә, Қытай елінде «Әр қытай – менің жалғызым» деген ұран бар дегенге, жоқ болса да астыртын жүргізілетініне сенгендей болдым. Осыншама баптап, олардың құқығын, бостандығын аялап, көмек, жағдайдың барлық түрімен қамтамасыз еткен Қытай еліне деген ризашылығымды, іштей ғана қызғанып тұрып білдірдім.
Кейіннен ол жігітпен электронды хабарлама алмасып тұрдым. Тек бір ғана хабарлама алдым. Одан кейін байланыс үзілді. Өкпелеген болар...
Біреуге бұл баяндап жатқаным, қазақ бола тұра қазақты алалау, жамандау боп көріну мүмкін. Менікі қазақты жамандау емес. «Қазақ бала – бала емес, орыс бала - маладес» деген сөз бар екен.... Менікі қазақты жамандау емес...
«Әр қазақ – менің жалғызым». Бұл ұран тектес сөз тіркесін аузымызға Сабыр Адай ағамыз сап берген екен. Нағыз қазақтың сөзі, қазақтың айтқаны – қазақ халқының беталды сөзі. Айтпағы мол, айтарын тұшытып бір-ақ сөйлемге сыйдырған Ұлағатты сөздер.
Әр қазақ – менің жалғызым. Мен осы сөздерді бүкіл болмысыммен, барлық түйсігіммен бұрын да түсінетінмін. Қазір де түсінемін, тек сол ой-танымымның аясы кеңейіп, ұлан байтақ кеңістікті алып жатқандай. Өрісім кеңейді, пайымым жоғарылады. Солай...
Белді буып бір ақыл айтайын. Қайда жүрсеңдер де «Әр қазақ – менің жалғызым» ұранымен, сол сөздердің лебімен жүріңдер. Бір-біріңмен дос болыңдар. Қайнап жатқан қазанды ұстап тұратын тағанның кемінде үш аяғы болуы (төрттаған да болуы мүмкін...) өзінен-өзі келген физикалық заңдылық болатын болса, онда әр аяқтың бір-бірімен келісімде болуы, бойларын бірдей ұстауы қазанның төгіліп кетпеуіне кепіл. Дәл солай өміріңде кемінде 2 досың болуы керек деп ойлаймын. Жабылып достықтың сорпасы қайнаған қазанды бірігіп көтерісетін достарыңның болуы табиғи заңды бақыттың өзі. Әлеуметтің, елдік құрудағы қадамдардың жайы да солай. Елдікті, еркіндікті сақтауда әр тағанның өзінің бөліп-жара алмайтын рөлі зор, маңызы ерек. Айналайын бауырым, Қазақ болып жүрміз, Қазақ болып қалайық! Ұлан-байтақ жердің қадірін, бардың-жоқтың, аштықтың-тоқтықтың, үлкеннің-кішінің, аласаның-биіктің, саяздың-тереңнің қадірін, бірліктің, достықтың, еркіндіктің, тәуелсіздіктің қадірін ұғынайық!
Бауырым, ұмытпа: «Әр қазақ – менің жалғызым»!
суреттер: Гуглға кіріп "Қазақстан" деп жазып ем, сол жерден таптым. Төменгісі компьютерімде тұр екен.