Қазақ халқы ежелден әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен санасып келе жатқан ұлт. Ұлттың тұтастығы мен бірлігін сақтап отырған да елдің жылдар бойына бойға сіңірген дәстүрі. Қанға біткен қасиетті дәріптеп келген халықтың адам өміріне де бей-жай қарамағаны анық. Соның бірі халқымызда адамның ғұмыр жасын 100 жас деп шамалап, оны төрт кезеңге бөліп, өзіне тән атауын берген.
Мысалы: алғашқы 25 жасты- « Жас дәуен», келесі кезеңді « Жігіт ағасы», кейінгісін « Аталық» және соңғы « Қарттық» деп бөлген. Осы аталған төрт кезеңді жеке-жеке жіктей келіп, ұл бала мен қыз балаға тән жастарына қарай өзіндік атауларын берген:
Ұл бала 1 жастан 2 жасқа дейін « Бөбек», 3 жастан 5 жасқа дейін « Балдырған», 6 жастан 7 жасқа дейін «Өспірім», 8 жастан 12 жасқа дейін « ойын баласы», 13 жастан 15 жасқа дейін « Сығыр», ересек бала, 16 -19 жас аралығын « Бозбала» азамат десе, 20 жастан 30 жасқа дейін « Жас жігіт», 30 бен 40 жас аралығын « Дүр жігіт», 40 пен 50 жасты –« Ер түлегі», 50 жастан 60 жасқа дейінгілер « Жігіт ағасы», 60 тан 70 жас аралығын « Ел ағасы», 70пен 80 жас аралығын « Ақсақал», 80 жастан асқандар барып «Қарт» атанған. Ер адамның өмір сүру жасының кезең-кезеңге бөлінуі де тегін болмаса керек.
Ал ,әйелдер жасына келсек: 1-7 жас аралығын « Бүлдіршін», 8 жастан 12 жас аралығын « Балдырған», 13 жастан 15 жас арасын « Бойжеткен», 16-20 жас аралығын « Отау иесі» деп атаған. Кейін некеленген соң 40 жасқа дейінгілер « Келіншек», 40 жастан 50 жасқа дейін « Саркідір», 50-60 жас аралығын « Сары тіс», 60 пен 70 жас арасын « Ақсамай», 70 тен асқандарды «Кемпір» деп атаған.
Кейінгі біз қолданып ел арасында тарап кеткен атаулар да бар: « Отағасы», «Отанасы», «Жасөспірм», «Жеткіншек» сынды. Әр кезеңінің атауы өзінің орнымен, мән-мағынасымен айшықталады. Кейде қалыптасқан сөздерді жаттанды дүниеге айналдырып алып адасып жататын жәйіміз бар. Үлкен кісіні көрсек 40-50 шамасындағы адам деп атағаннан гөрі « Ел түлегі» болып қалған азамат десек жөн болар ма еді. Кез келген жас қыздарды көрсек бойжетке деп жатамыз, ал оның орындалу кезеңі 13 пен 15 жас аралығы. Жалпы бұл ғұрыптардың бастауы сонау атамзаманнан келе жатқандықтан бүгінгі қоғамның кей талабына ілесе алмауы да мүмкін. Себеп, ол кездегі даму эволюциясы 13 жасты «бойжеткен», 16 жасты « отау иесі» деп көрсетсе, бүгінгі адамзат баласының өркендеуі оның білім мен ғылымды игеру жолында жоғарыдағы аталған атауларымен тең түсе алмай кешігуінде.